Ұстанымым: ісіңді баста, соңына жетпей қашпа!

«Жас келсе – іске» демекші, бүгінде ішкі істер органдары қатарындағы қызметкерлердің көбін жастар қауымы құрайды. Өскемен қаласы Полиция басқармасының ұжымы да Тәуелсіздік алғаннан кейін дүниеге келген жас мамандардың арқасында бүгінде көп жетістікке жетіп келеді. Солардың бірі – полиция аға лейтенанты Наргиз Жақсылықова. Біз Тергеу бөлімінің тергеушісімен сұхбаттасып, оның өзі және қызметі жайында білген едік.

Наргиз Болатбекқызы, әңгімемізді өзіңіздің балалық шағыңыздан бастасақ?
– Мен 1996 жылы Шығыс Қазақстан облысы Қатон-Қарағай ауданына қарасты қазіргі Алтынбел ауылында қарапайым отбасында дүниеге келдім. Әкем құрылыс маманы, анам үй шаруасында. Отбасымызда бес қыздың кенжесі болып, ерке өстім. Сол ауылдың мектебінде білім алып, үздік аяқтаған соң, жоғарғы оқу орнына түстім.
Қыздар жағы мұғалім, дәрігер немесе банк қызметкері секілді мамандықтарды қалап жатады. Өйткені, оны табиғатына лайық деп бағаласа керек. Ал тәртіп сақшысы болуды екінің бірі қалай бермейді. Сіз не себепті осы салаға бет бұрдыңыз?
– Менің алдымдағы төрт әпкем де ұстаздық жолды таңдады. Ал мен 8-сыныпта оқып жүрген кезімде-ақ полиция қызметкері болам деп шешіп қойғанмын. Жақын ағайындарымның арасында полицей болмаса да, біздің әулеттен де бір сақшы шықсын деген арманым мені мектеп бітіргеннен кейін Қарағанды қаласындағы Ішкі істер министрлігінің Б. Бейсенов атындағы академиясының табалдырығын аттатты. Бұл шешімімді қашан да маған қамқор ата-анам қолдап, анам қолымнан жетектеп кеншілер қаласына апарды.
Алғашқы академияға қабылдау кезіндегі қорқынышым мен қобалжуым әлі есімнен кетпейді. Себебі, оқуға қабылдау қала сыртындағы полигонда өткізілгендіктен, ауылдан енді ғана ұзап шыққан қыз бала үшін әскери өмірге араласып кету суықтау көрінді десем, артық айтпаған болар едім. Бір аптаға созылған сынақ қабылдау кездескен қиындықтарға қарсы тұруға үйретіп, мені қайрап, қайтсем де сынақтан өтіп, академияға қабылдануым керек деген жігер бере түсті. Сөйтіп, абырой болғанда ел қатарлы оқуға қабылданып, ата-анамды бір қуанттым. Осы академия қабырғасында 4 жыл оқып, тергеуші мамандығы бойынша үздік аяқтап шықтым.
Қатон-Қарағайдан шыққан қарапайым қыз осылайша қайсарлығы арқасында құқық қорғау органдарының белді бір қара шаңырағынан білім алып шықты. Жалпы, өмірдегі ұстанымыңызды білуге бола ма?
– Ата-анам бізді кішкентай кезімізден қатал тәрбиелеп, бала болсақ та қолға алға ісімізді соңына дейін жеткізуімізді үнемі қадағалап отыратын. Менің де өмірлік ұстанымым – «Ісіңді баста, соңына жетпей қашпа». Яғни, қандай жұмыс атқарсаң да, қандай жолды таңдасаң да, ең биігіне жетпей тоқтама, ең жоғары нәтижеге қолыңды жеткіз.
Оқып жүрген кезімізде сабақтың ауырлығына шыдамай немесе әскери қатал тәртіпке мойынсұнбай оқудан шығып кеткен ұл-қыздар болды. Әсіресе, алғашқы курс бізден қажырлық пен қайсарлықты көп талап етті. Сол секілді сыннан сүрінбей өткен жан ғана дегеніне қолын жеткізе алады деп есептеймін.
Академияны тәмамдаған соң, туған елге келіп, алғашқы еңбек жолыңызды Өскемен қаласы Полиция басқармасынан бастадыңыз. Академия қабырғасында жүргенде немесе қызметке араласқан шағыңызда, қиындықтар кездескенде «осы жолды қалай ғана таңдадым екен?» деген ой басыңызға келген сәттер болды ма?
– Қиындықсыз өмір жоқ. Ал мен бірақ өз кәсібімді өте жақсы көремін. Жақсы көріп, бар ынта-жігеріңмен беріліп атқарсаң, алынбайтын қиындық жоқ деп ойлаймын. Академияны үздік бітіргенім үшін сол кездегі Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов өз қолымен маған «лейтенант» шенін тақты. Бұл мен үшін үлкен мәртебе. Ал 2017 жылы ЭКСПО-2017 дүниежүзілік көрмесін өткізу кезінде қоғамдық тәртіп күзетіне қатысқаным үшін алғыс хатпен марапатталдым. Тергеуші болып қызмет атқарған 2 жыл ішінде Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаменті басшылығының қолынан бірнеше мәрте мақтау қағаздарын алып үлгердім.
Тергеуші мамандығы қашан да шынайылық пен төзімділікті, сауаттылықты талап етеді ғой. Бұл мамандықтың иелері бұлтартпайтын айғақтар арқылы қылмыстық кодекстің баптарына сәйкес істі жан-жақты зерттейді. Адам тағдырына деген жауапкершілікті арқалау кім-кімге де жеңіл тимесі анық. Осы жылдың басынан тергеу өнідірісінде болған 50-60 шақты тергеу ісін қадағалап, нұсқау жасадым. Бұл жетістіктерімнің барлығы менің полиция қызметінің қатарына текке келмегендігімнің айғағы деп мақтанышпен айта аламын.
«Жас келсе – іске» дейді халық даналығы. Жас та болса қиындығы мен қызығы қатар жүретін қым-қуыт қызметте жақсы жағыңыздан танылып жүрген сіздей қызметкердің қолы қалт еткенде немен айналысатынын білуге бола ма? Хоббиіңіз қандай?
– Әр адам өзі шыққан тауы биік болғанын қалайды ғой. Мен де өз ісімнің шебері болғым келеді және соған жетуге ұмтыламын. Алғаш еңбек жолымды тергеуші болып бастағанымда әріптесім Алибаба Айбеков маған тәлімгер ретінде білгенін үйретіп, қай сәтте де көмектесе білді. Басқа да тәжірибелі әріптестерімнен білмегенімді сұрап, ақыл-кеңес алып отырамын.
Жұмыс кестесіне сай аптасына екі рет дене шынықтыру сабағына барып тұрамыз. Басқармада волейболдан қыздар құрамасының мүшесімін. Бос уақытымды тиімді өткізуге тырысамын. Спортпен айналысып, одан қалса кітап оқығанды ұнатамын.
– Наргиз Болатбекқызы, әңгімеңізге рахмет. Қажырлығыңыз бен талабыңыз қатар ұшталып, сізді биіктерге жетелеуіне тілектеспіз!

Сұхбаттасқан Ербол ӘМІРХАСЕНОВ,
Өскемен қаласы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*