Аты – Нұрсұлтан, пірі – Елбасы

Солтүстік Қазақстан облысының полиция қатарында Нұрсұлтан есімді 19 тәртіп сақшысы қызмет етеді.
Олардың барлығы тәуелсіздіктің алғашқы жылдары туған 25-30 жастағы жас жігіттер. 23 жастағы полиция сержанты Нұрсұлтан Қанғожин облыстық Полиция департаменті Көші-қон қызметі басқармасында жұмыс істейді.
Нұрсұлтан бала кезінде қандай мамандық иесі болатынын нақты білмегенімен, есейе келе марқұм әкесінің жолын қуды. Әкесі Серік Қабидоллаұлы Петропавл қаласы ІІБ Бірінші полиция бөлімінде кезекші болып қызмет атқарған.
Нұрсұлтанның отбасы Елбасын ерекше құрметтейді және немересі Елбасыдай азамат болсын деген тілекпен оның есімін Нұрсұлтан деп әжесі қойыпты. Сол жылдары дүние есігін ашқан көптеген сәбилерге Президенттің есімі қойылғаны белгілі.
Нұрсұлтанның атасы жазушы Мүтәләп Қанғожин Нұрсұлтан Назарбаевтың қолын алып, кітабын сыйға тартқан. Ақсақал немересіне үнемі: «Елбасы сияқты адал, дана, мейірімді бол», – деген тілегін айтады.
Ақсақалдың өсиеті жас полицей үшін өмірлік ұстанымға айналды. «Басыма бұлт үйірілген кезде жақындарым есіме түседі, – дейді ол. – Марқұм әкем, әлі күнге дейін жанынан жырын тастамайтын атам, 1942 жылы Тверь облысындағы қан майданда із-түссіз жоғалған арғы атам жаныма демеу болады.
Айтпақшы, менің отбасым жылда 9 мамыр күні арғы атам қатардағы Қалдыбек Мұқашевтің суретін алып, Мәңгілік полкпен бірге жүріп өтеді. Отанға адал қызмет етіп, ел қамын ойлаған Нұрсұлтан Назарбаев біз үшін үлгі тұтарлық тұлға».
Солтүстік Қазақстан облысының Полиция департаменті Көші-қон қызметі басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Талғат Әбілов Нұрсұлтанның бойындағы кәсібилігін ерекше атап өтті: «Нұрсұлтан Қанғожин Көші-қон қызметі орталығына жүгінген азаматтарға қызмет көрсетеді. Ол кез келген адаммен тіл табысып, проблеманың мән-жайын анықтай алады және көші-қон заңнамасының көмегімен мәселені жылдам әрі сапалы шешеді».
Полиция сержанты Н. Қанғожиннен бөлек, облыстың ішкі істер органдары қатарында Елбасының тағы 18 аттасы қызмет етеді. Қойылған есімнің жүгі оларды заңға және халыққа адал қызмет етуге міндеттейді.

Солтүстік Қазақстан облысы ПД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*