Ол – Тәуелсіздіктің құрдасы

Биыл еліміздің Тәуелсіздігіне 28 жыл толмақ. Мемлекетіміз осы жылдар ішінде Елбасымыздың көшбасшылығымен елеулі табыстарға жетті. Қазақ елі кемеңгер ата-бабаларымыздың қайтпас қайсар қасиеті дарыған бүгінгі ұрпақтарының арқасында әлем мойындаған, күллі жаһанға аты жеткен мемлекетке айналды.
Ұлы елдің ұрпақтары да ұлы тұлғаларға айналатынына сеніміміз мол.
Кез келген мемлекеттің ең белсенді бөлігі, қоғамның қозғаушы күші – жастар. Сондықтан да олардың ел тірегі екенін естен шығармаған жөн. Мемлекетіміздің әлемнің дамыған елдерінің қатарына кіруі жолында жастардың атқаратын рөлі зор.
Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев 2018 жылғы Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауында биылғы жылды Жастар жылы деп жариялаған еді. Әрине, ел ертеңі – білімді, білікті жастардың қолында.
Бүгінде мыңдаған қызметкер өздерінің жоғары кәсіби мамандықтарына адал, қызметтерін мінсіз атқарып келеді. Басқармада сондай қызметкерлеріміз де баршылық. Оны бүгінде тәуелсіздіктің құрдасы деп танимыз. Ол – Алматы 1 стансасындағы Желілік полиция басқармасы Тергеу бөлімі тергеушісі, полиция капитаны Ерназар Күзембаев.
1991 жыл 10 қыркүйекте туған Ерназар Айтжанұлы 2010-2014 жылдарда ІІМ Қарағанды Академиясында білім алып, алғашқы қызмет жолын 2014 жылдың наурыз айынан бастап Алматы-1 стансасындағы Желілік полиция басқармасына қарасты Алтынкөл стансасындағы Желілік полиция бөлімшесі анықтау тобының анықтаушысы қызметін атқарды. 2016 жылдың шілде айынан бастап Алматы-1 стансасындағы ЖПБ тергеу бөлімшесінің тергеушісі.
Ерназар қызмет барысында темір жол торабында болып жатқан қылмыстарға байланысты істерге тергеу жүргізіп, оларды сотқа жіберіп, заңды шешімдер шығарды. Қызметкерлер арасында ұстамды да беделді, өз ісін жетік меңгерген Ерназар Елбасымыздың саяси да рухани реформаларына сай қызмет атқарып келеді. Сонымен қатар, басқармаға қатысты учаскелерінде темір жол қауіпсіздігін және құқық бұзушылықтың алдын алуды қамтамасыз ету бағытында қалтықсыз еңбек етеді.
2017 жылы күзде отбасын құрып, жұбайы Гүлданамен бір сәби тәрбиелеп отырған үлгі тұтарлық бақытты отбасы.
Осылайша өз саласында шыңдалып, практикалық тәжірибе жинақтап келе жатқан тәртіп сақшысы, полиция капитаны Ерназар Күзембаев заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайту ісіне, қылмысқа қарсы күреске, азаматтарымыздың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғауда адал еңбегі үшін бірнеше рет ІІМ Көліктегі ПД басшысының мадақтамаларымен марапатталған.

Алматы-1 стансасындағы ЖПБ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*