Жаза қылмысықа сай болуы тиіс

4 қарашада Ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты Ерлан Тұрғымбаев азаматтарды қабылдады.
Министрден басқа шараға Тергеу департаментінің, Өзіндік қауіпсіздік департаментінің бастықтары, Ішкі істер министрлігінің басқа да өкілдері, сондай-ақ, Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаменті бастығының орынбасары және «Nur Otan» партиясының өкілі қатысты.
Қабылдауда 50-ге жуық азамат өз шағымдары мен арыздарын айтты. Аймақтардағы тұрғындар өз өтініштерін тікелей эфирде бейнебайланыс арқылы жеткізді. Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевпен кездесу үшін арнайы келгендер де аз емес.
– Мен сізге қайтадан жүгінуге мәжбүр болып отырмын. Қылмыстық іс бойынша тамыз айында Сіздің жеке қабылдауыңызда болдым. Алаяқтық бабы бойынша іс екі рет тоқтатылды. Шығарылған қаулы үшін екі тергеуші де жазаланды. Сіз комиссия тағайындаған болатынсыз, бірақ мен ешқандай қорытынды не хабарлама алмай отырмын. Қанша уақыт өтті, ал маған ақпарат беруден бас тартып келеді, – деді Шымкенттен келген Лилия Ахметова.
– Сіздің өтінішіңіз бойынша біз Бас прокуратураға екі рет өтініш жасадық. Сіздің дәлелдеріңіз қосымша зерделеуді қажет етеді. Алайда, Бас прокуратура одан ресми түрде бас тартты. Жазбаша хабарлама бар, – деп түсіндірді ІІМ Тергеу департаментінің басшысы.
– Сіздің қылмыстық ісіңіз бойынша тергеушілер жазаланды. Барлық нюанстар жойылып, жауап алу жүргізілді. Сізге бас прокурордың атына жеке тұлға ретінде хат жазуды ұсынамын. Мен де сіздің мәлімдемеңізді қолдаймын. Бұл жалғыз шығатын жол, себебі осы қаулының күші жойылмай, тергеу әрекеттері заң бойынша жүргізілмейді. Шымкент қаласы Полиция департаменті Сізге өтінішті қалай жазуға және ресімдеуге көмектеседі, – деді Ерлан Тұрғымбаев.
Қабылдау барысында Ішкі істер министріне әртүрлі сипаттағы шағымдар түсті. Олардың қатарында кешірім жасау немесе жазаны жеңілдету, қылмыстық істің нәтижесімен келіспеу туралы өтініштер, қылмыстық істің тоқтатылуына және жүргізілуіне қатысты жасалған шағымдар, т.б. бар.
Министрге қабылдауға келгендердің арасында Қостанай облысының тұрғыны, мүгедектер мен мүгедек балалардың аналары қоғамының төрағасы Надежда Ященко да болды. Ол министрге және Қостанай облысы Полиция департаментінің қызметкерлеріне мүгедектер арбасын және Сарыкөл ауданының мүгедектеріне массажер сатып алуға көмектескендері үшін алғысын айтты.
– Бүгінгі таңда бізде көптеген проблема бар. Өздігінен жүре алмайтын, яғни жатып қалған мүгедектер бар және оларға да арба қажет. Полиция қызметкерлері арба мен массажер алып келіп, бізге көп көмегін берді. Қазіргі қиын уақытта ешкім ешкімге көмек қолын соза қоймайтыны белгілі. Менің ойымша, тәртіп сақшылары үлкен құрметке лайық. Мен сізге алғыс айту үшін келдім. Сіздің қоластыңыздағы қызметкерлеріңіз лайықты қызмет атқарып, мүгедектерге көмек көрсету үшін уақыт тауып келеді, – деді Надежда Ященко.
Өз кезегінде Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Қостанай облысының тұрғынына тәртіп сақшыларының қызметін бағалағаны үшін алғысын білдіріп, мүгедектер қоғамы әрдайым назар аударуды, қамқорлық пен көмекті қажет ететінін атап өтті.
Полиция генерал-лейтенанты Ерлан Заманбекұлы кездесулер барысында айыптары дәлелденген кінәлілердің жазаланатынын, сондай-ақ, жазалау шараларын қатаңдату қажеттігін айтты. Дегенмен, егер алаяқтық қылмыстарында құқық бұзушы келтірілген шығынды өтесе, жазалауды шартты жазаға ауыстыруға немесе кепілдікпен босатуға болатындығын жеткізді.

Ескендір ТАСБОЛАТ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*