Үздіктер марапат алды

Көлік полициясы Тұңғыш Президент күніне орай үздік танылған тергеушілер мен жедел уәкілдерді марапаттады.
ІІМ Көліктегі Полиция департаментінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне арналған салтанатты шара өтіп, оған департамент басшылығы мен жеке құрамы және ішкі істер органдарының ардагерлері қатысты.
Мерекелік шара департамент бастығы Оңал Бекеевтің құттықтау сөзімен ашылды. Ол Қазақстан Республикасының бүгінгідей тәуелсіз мемлекет болып қалыптасуында Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сіңірген еңбегінің орасан екендігін айтты.
«Еліміз 1 желтоқсанда жалпыұлттық мереке – Тұңғыш Президент күнін атап өтіп жатыр. Бұл қазақстандықтар мен Ұлт Көшбасшысының бірлігін айғақтайтын, әрі Елбасы Н. Назарбаевтың сындарлы саясатын жүзеге асыруда қоғамның тұрақтылығы мен шоғырлануын нығайтуға зор ықпал ететін мереке», – деді бас көлік полицейі.
– Елбасы тәуелсіз Қазақстанның берік іргетасын қалады. Бүгінгі күні қоғамдық тәртіп, азаматтарымыздың тыныштығы мен олардың ертеңге деген сенімі полицейлер қызметінің нәтижесіне тікелей байланысты. Бұл ретте, департаменттің жеке құрамы мемлекетіміздің кемел келешегі мен азаматтарымыздың, әуе және темір жол көлігі жолаушыларының қонституциялық құқықтарын қорғау жолында аянбай еңбек ететіндіктеріне сенемін, – деп түйіндеді сөзін полиция полковнигі.
Тұңғыш Президент күні мерекесіне орай құқықтық тәртіп пен қауіпсіздікті нығайту ісінде өздерінің қызметтік міндеттерін абыроймен атқарғаны үшін 40-қа жуық көлік полицейі мен ішкі істер органдарының ардагерлері медальдармен, ІІМ министрінің және департамент бастығының грамоталарымен марапатталды.
Олардың қатарында үздік тергеушілер, жедел уәкілдер, криминалистер мен анықтаушылар бар. Мәселен, Өзіндік қауіпсіздік басқармасының бастығы С. Омарғазинге «полиция полковнигі» атағы мерзімінен бұрын берілді. Ол қызметін 1995 жылы Семей стансасындағы Желілік ішкі істер бөлімінің милиционері болып бастаған.
Сондай-ақ, полиция майоры Р. Қабышев құқықтық тәртіпті нығайтуға қосқан зор үлесі үшін ІІ дәрежелі «Ішкі істер органдарының үздігі» медалін кеудесіне тақты. Ішкі істер органдарында 15 жылға жуық еңбек еткен ол бүгін күні Нұр-Сұлтан стансасындағы Желілік полиция басқармасы көші-қон қызметі бөлімшесінің бастығы.
Шара соңында департаменттің жеке құрамы «Елбасы жолы» киноэпопеясының «От-өзен» көркем фильмін тамашалады.

Көліктегі ПД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*