Жанжалқойлар жауапқа тартылды

Петропавлдық полицейлер «Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықсыз 16 күн» республикалық акциясы шеңберінде Әйелдерді қолдау орталығы және мектеп оқушыларымен бірлесе отырып, флеш-моб өткізді.
25 қарашада басталған акция аясында тәртіп сақшылары, мүдделі мемлекеттік органдар, үкіметтік емес ұйымдардың қызметкерлері күш біріктірді. Полицейлер Алина Орлова бастаған «Әйелдерді қолдау орталығы» қоғамдық бірлестігінің өкілдерімен бірлесе, белсенді жұмыс жүргізуде. Қоғамдық бірлестіктің жанында жарты жылға дейін балалар мен әйелдерге қамқор болатын «Тұрмыстық зорлықтың құрбандарына арналған уақытша болу және тұру орталығы» жұмыс істейді. Орталықтың қамқорлығындағыларға баспана, тамақ, киім-кешек беріледі, сондай-ақ, құжат ресімдеуге көмек жасалып, психологиялық қолдау көрсетіледі. Орталық қызметкері Ирина Маркованың айтуынша, жыл басынан орталықты 29 әйел мен 34 бала паналады.
Алайда, тәжірибе көрсеткендей, бастарына іс түскен әйелдер көп жағдайда қайда жүгінерін білмей жатады. Осыған байланысты ақпарат беру мақсатында флеш-моб өтті. «City-mall» сауда орталығында балалар ерекше көнцерт ұйымдастырды. Тәртіп сақшылары және жұртшылық жиналған қауымға тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбандарына көмек көрсететін қызметтердің телефон нөмірлері мен буклеттер таратты.
«Әйелдерді қорғау желісі бойынша ұдайы негізде рейдтік іс-шаралар өтеді және ден қою мен бақылауды талап ететін қолайсыз отбасылар тексеріледі, – деді облыстық Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Думан Таев. – Акция халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға септігін тигізеді. Әйелдердің басым бөлігі өздерінің құқықтарын білмейді. Бұл ретте, жыл басынан облыста отбасы-тұрмыстық қатынастар саласында орын алған құқыққа қайшы әрекеттер үшін 1683 құқық бұзушы, оның ішінде әкімшілік ықпал етудің профилактикалық шарасы болып табылатын қорғау нұсқамасын бұзғаны үшін 93 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Барлық бұзушылармен профилактикалық жұмыс жүргізілді, әйелдерге құқықтары түсіндірілді».
Аталған ақпарат мектептердің жоғары сынып оқушыларына және колледж студентеріне жеткізілді. Акцияның 16 күні ішінде полицейлер облыс және аудан орталығындағы оқу орындарында әңгіме жүргізеді.
Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасы үйдегі зорлық-зомбылық фактілері туралы 61-25-30 (ЖПҚБ), 39-48-90 (Петропавл қ. Полиция басқармасы) байланыс телефондарына хабарлауға болатынын естеріңізге салады. Сондай-ақ, жәбір көрген әйелдер 52-98-86, 8-777-278-52-72 (WhatsApp) телефондары бойынша тікелей дағдарыс орталығына хабарласа алады.
«Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықсыз 16 күн» акциясы 10 желтоқсанға дейін жалғасады.

Солтүстік Қазақстан облысы ПД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*