Қылмыспен күрес – қоғамның борышы

Қылмысқа қарсы күрес – тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның міндеті.
Қай ғасырда, қай заманда болмасын қылмыспен күрес тоқтаған емес. Қазақ тарихында әр ру өзіндік жазалау әдістерін қолданған. Мысалға, Тәуке ханның тұсында «Жеті жарғы» заңдар жинағы қазақ халқының қылмыспен күрестегі алғашқы жинағы болып есептелді.
Еліміз тәуелсіздік алған уақыттан бері Кеңес одағы кезіндегі қылмыспен күрес жүйесі аса өзгеріске ұшыраған жоқ. Формалары мен сыртқы бейнесі өзгертілгенімен қылмыспен күресу әдіс-тәсілдері халықаралық стандарттарға сай. Әлемдік елдермен Интерпол жүйесі арқылы өзара байланыс орнату жолдары алға қойылған. Бұл мақсатта елімізде Ішкі істер министрлігі негізгі қылмыстың алдын алу және онымен күресу жолдарымен айналысады. Ішкі істер министрлігінің соңғы мәліметі бойынша жалпы 2019 жылдың 9 айы бойынша 187 мың қылмыстық іс тіркелген. Қылмыстың ізін суытпай ашу бойынша аса ауыр қылмысты ашу 78,2%, ауыр қылмыстарды ашу 77,5% құрады.
Ауыр қылмыстар 5,9%, орташа қылмыс 20,1%, жеңіл қылмыс 9,1%, адам өлтіру 18,5%, зорлау фактілері 3,4%, ұрлық 19,1%, тонау 19%, басқа да қылмыстар 26,6% кеміген. Осының ішінде жасөспірімдер қылмысы 10,2%, қоғамдық орындарда тәртіп бұзу 10,6%, қару қолдану фактілері 15,1% азайды. Сонымен қатар, тоғыз ай ішінде 11 484 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 1 552 адам қаза болып, 15 324 адамның денсаулығына зиян келген. Есірткі қылмысымен күрес бойынша 1 067 факт тіркелген.
Құқық бұзушылыққа мүлдем төзбеушілікті қамтамасыз ету жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында ішкі істер органдары халықпен жаппай байланысқа шығу, ашық әңгіме, диалогтар құру, мектеп, орта арнаулы оқу орындары мен жоғары оқу орындарында түрлі форматтағы іс-шаралар мен дөңгелек үстелдер, кездесулер ұйымдастыруда.
Сондай-ақ, ақпараттық технологияның дамыған шағында еліміздегі барлық құқық қорғау органдары әлеуметтік желілерді де кеңінен қолдануды қолға алды. Бұл дегеніміз ашықтық пен жариялылықтың басты кепілі болып саналады.
Соңғы жылдары ішкі істер саласында жүйелі өзгерістер, реформалар да орын алуда. Биылғы жылғы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында «Полицияның мемлекеттік күштік құрылымындағы бейнесі бірте-бірте өзгеріп, қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін азаматтарға қызмет көрсететін органға айналады. Ең алдымен, 2020 жылдың аяғына дейін Әкімшілік полиция комитетінің жұмысын қайта ұйымдастыру қажет» деген болатын.
Осы тапсырманы орындау мақсатында еліміз бойынша 10 мыңнан астам полиция қызметкері қысқартылып, қалғандарының жалақысы көтерілді. Жол бойында орналасқан полиция бекеттері де алынып тасталды. Еуропа елдеріндегі сияқты полиция қызметкерлері қылмысты ашумен емес, қылмыстың алдын алу мен оны болдырмаудың жолын қарастыру, қарапайым халықпен тең дәрежеде сөйлесу мәнерін қалыптастыру мақсатында жұмыстар атқаруда.
Жалпы статистикалық мәліметтерге сүйенсек, халықтың қылмыспен күреске белсене араласа бастағаны байқалады. Бұл дегеніміз қоғам санасының қылмыс атты тажалмен бірлесе күресу арқылы ғана жеңіске жетуге болатынын түсінгенін білдіреді. Ең бастысы, полиция қызметкерлерінің ішкі мәдениетін түзеу жұмыстарын алға қою қажет. Әр азаматпен қарапайым сөйлесіп, оларға қолынан келсе жақсылық жасау арқылы қоғамның ішкі істер органдарына деген құрметін ояту қажет.
Қазіргі заман қаһармандарының қатарында Тараз қалалық ІІБ-ның Жол-патрульдік полиция батальонының қызметкерлері, полиция сержанттары – Бауыржан Байсейітов пен Ринат Серкебаев та бар. Биыл 19 маусымда Тараз қалалық әкімшілік ғимараты өртке оранып, бірнеше адам түрлі дәрежедегі дене жарақаттарын алған болатын. Аумаққа барлау жасап жүрген полиция қызметкерлері ғимаратты жалын шарпып жатқанын байқап қалады. Көліктерін дереу ғимарат орналасқан бағытқа бұрған олар еш ойланбастан оқиға орнындағы адамдарды құтқаруға кірісіп кетеді. Тәртіп сақшылары төніп тұрған қатерге қарамастан 285 адамды қауіпсіз жерге көшірген. Бірі қолын жарақаттап, екіншісі улы газбен уланып қалғанына қарамастан сақшылар өрт сөндірушілер келгенше өртпен арпалысқан. Полиция қызметкерлерінің көрсеткен ерлігі, Отан алдындағы антқа танытқан адалдығы еленіп, халықтың алғысы мен ризашылығына бөленді.
Бейбіт күнде ерлік көрсеткендердің бірі – Павлодар облысы ТЖД «Өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметі» ММ №19 өрт сөндіру бөлімі бөлімшесінің командирі, өртке қарсы қызмет прапорщигі Расул Ысқақов. Расул Сапарұлының өжеттілігінің арқасында сегіз пәтерлі тұрғын үй жарылыстан аман қалған еді.
Міне, осындай бейбіт күннің батырларын ерлік жолын өскелең ұрпаққа насихаттау, халықтың полиция қызметіне деген құрмет сезімін ояту – басты міндет. Қылмыстың алдын алу шарасы, әр азаматтың санасына ел тыныштығы мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді сіңіру қажет. Сонда ғана қылмыс атты зауалдан құтылуға болатыны айдан анық.

Индира АХМЕТОВА

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*