Қаруды тіркеу – міндет

Алматы облысында қаруды сақтау мен қолдану тәртібін бұзудың 400-ге жуық дерегі анықталды.
«Учаске» республикалық жедел алдын алу іс-шарасы барысында Алматы облысының полицейлері қаруды тіркеу және оны сақтау ережесін бұзған 385 адамды анықтады. Оның 211 дерегі қаруды сақтау тәртібін бұзған болса, 174 адам қолданыстағы заңнамаға сәйкес қайта тіркеу талабын орындамаған. Сонымен қатар, іс-шара барысында қару-жарақтың заңсыз айналымынан 15 қару тәркіленген.
Облыстық полицейлер таратқан ақпаратқа сәйкес, өңірде жыл басынан бері 574 әртүрлі қару тәркіленген. Оның ішінде 36 ойық ұңғылы мылтық, 405 тегіс ұңғылы аңшы мылтығы және электрлік, газ және травматикалық қару түрлері бар. Сондай-ақ, ішкі істер органдарында тіркелмеген 136 қару табылып, тәркіленген. Биыл азаматтық және қызметтік қару-жарақ айналымының тәртібін бұзған 1700-ге жуық азамат әкімшіліқ жауапкершілікке тартылған.
«Қаруларды сақтау және сату мен сатып алуға қатысты заң талаптарының орындалуын бақылау мақсатында биыл «Қару» жедел алдын алу іс-шарасы 4 мәрте өткізілді. Осы шаралар барысында 700-ден астам әртүрлі құқық бұзушылық анықталды. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында аталған кемшіліктер түзетіліп, айыпты адамдар тиісті жауапкершілікке тартылды. Қару-жарақты заңсыз сақтаған екі адамға қатысты қылмыстық іс қозғалды», – деп толықтырды ведомствоның баспасөз қызметі.
Сонымен қатар, азаматтардан қару түрлері мен жарылғыш заттарды сатып алу бағдарламасы бойынша биыл полицияға 96 адам өтініш білдіріп, 147 қару тапсырған. Аталған азаматтар тапсырған қарулары үшін 8 миллион теңгеден астам сыйақы алған.

Алматы облысы ПД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*