Айгүл АХМЕТОВА: Сұм соғыс жүрегіне жүк түсірді

Ел тарихында ерекше атаулы күндер бар. Сондай мәңгілік ұмытылмас күндердің бірі – 7 сәуір. 1995 жылдың дәл осы күні ел үшін кеуделерін оққа тосқан қазақстандық ішкі әскердің жауынгерлері Тәжік-ауған шекарасында айбынды ерліктің не екенін нақты дәлелдеп, қайтпас қайсарлық, беріспес батылдықтың ерен үлгісін көрсеткен болатын. Мұздай қаруланған лаңкестермен кескілескен сол ұрыста 17 бауырымыз қаза болып, 34-і ауыр жарақат алды. Оларды ұмытпау, ерліктерін ұлықтау – біздің басты мақсатымыз.
Тоқсаныншы жылдардың басы да, аяғы да тым тынышсыз кез еді. Көрші Тәжік-Ауған шекарасында соғыс оты ушығып тұрды. Күнде өзен болып аққан қан, қанды қасап, от кешу. Осы тұста біздің елдің жастары да ТМД мемлекеттері арасында жасалған халықаралық келісімшарт аясында осы ыстық нүктеден табылды. Сол қантөгісте ерлікпен антқа адалдықтарын дәлелдеген алдаспан намысты қазақстандық жаужүрек жігіттердің қай-қайсының болсын батырға лайық орны бар.
Ішкі әскер жауынгерлерінің ерлік істерін Елбасы – Тұңғыш Президент Н. Назарбаев та жоғары бағалап: «Қазақстандық батальонның сарбаздары Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы сыртқы шекарасының тәжік-ауған бөлігін ерлікпен күзетті. Боздақтарымыз мемлекетіміздің қауіпсіздігін сақтау жолында жанын пида етті. Олар біздің бейбітшілігіміз бен тыныштығымызды қорғады», – деген болатын. Батырларымызды құрмет тұту – халқымыздың салты. Біз еш уақытта да ел үшін жанын пида еткен арыстарымызды ұмытпауымыз керек. Қайта сол ерлердің ерлік істерімен жас ұрпақты отансүйгіштікке баулып, толыққанды азамат ретінде тәрбиелей білуіміз керек.
Сондай ерлігін ұмытпауға тиіс ердің бірегейі – Тәжік-Ауған шекарасындағы қақтығысқа қатысушы Марат Ахметов. ІІМ Ұлттық ұланының сержанты М. Ахметов – взвод командирінің орынбасары болды. Ол командирінің жарақаттарынан кейін рота қолбасшылығын өзіне қабылдап, 1995 жылдың сәуір айында Пшихавр шатқалында көптеген жараланған жауынгерлерді құтқарды. Еңбегі еленіп, ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталған. Небір қанды оқиғалардың куәсі болған, елге аман-есен оралған Мараттың жүрегі ауыр қайғыны арқалап кете барды…
Батырдың шаңырағын құлатпай, артында қалған ұрпағын бағып-қағып тәрбиелеп отырған Айгүл Ахметова да осыдан сегіз жыл бұрын 2027 әскери бөлім 1-ші байланыс батальонының қызметкері болған. Біз одан ерінің ерліктері туралы айтып беруін сұраған едік.

Айгүл Асылханқызы, оқырманымызға күйеуіңіз турасында, шыққан отбасы хақында айтып берсеңіз.
– Күйеуім әскери отбасында туған. Атамыз, яғни, жолдасымның әкесі әскери кісі болған. Германияда Дрезден қаласында қызметте жүргенде Марат 1970 жылы 28 қазанда дүниеге келген. Тірі кезінде: «Сені сол жаққа апарамын», – деп айтушы еді. Алланың ісі шығар енді, ол жаққа бару бұйырмады. Анасы тіс дәрігері болған.
Әскери отбасы болғаннан кейін, жан-жақта көшіп-қонып жүрген ғой, атамыз Кубада, Қиыр Шығыста болған. Елге келген соң полковник шенінде зейнетке шыққан. Жолдасым өздері үш ағайынды, ең кенжесі – жолдасым. Болат, Роман атты екі ағасы бар. Олар қазір Шымкент қаласында тұрады. Ал ата-аналары дүние салған.
Әңгімемізді қалай танысқандарыңыз жайында өрбітсек.
– Біз 1994 жылдың 15 желтоқсан күні таныстық. Ол кезде Марат әлі Тәжік-ауған шекарасына кетпеген. Өзім ол кезде университетті енді бітіргенмін. Автотехникумда мұғалім болып жұмыс істеп жүрген кезім. Сонда бір жас қыз жұмыс істеп жүрді. Бір күні сол маған: «Айгүл, сен енді оқуыңды бітірдің, неге тұрмысқа шықпайсың?» – деді. Сосын мен оған: «Болашақ күйеуімнің бойы ұзын болса және әскери киімде болса деп армандаймын, ондай жігіттер аз ғой», – деймін. Ол қыз негізі Мараттың туысы екен, содан мен туралы ағасына айтып барыпты: «Университетті бітірген қыз келді бізге жұмысқа, танысып көресің бе?!» – деп. Ол бірден келісімін беріпті.
Ол уақытта Марат Ұлттық ұланның 6656 бөлімінде келісімшарт бойынша жұмыс істеп жүрген. Марат әлгі қарындасына: «Жұмыстарым өте көп, кезекшіліктен қол тимей жүр», – десе де, таңертең нарядтан шаршап шыққанына қарамастан, қарындасы Шолпанның айтқан сөзі есіне түсіп, мені көрмекке келіпті. Сөйтіп Шолпан бізді таныстырды. Ол бірден ұнатыпты мені. Маған да ұнағаны (жымиып) – жігіт өзімнің ойымдағыдай адам. Формада, бойы ұзын. Ол кезде мен 22-демін. Ол менен екі жасқа үлкен. Сөйтіп таныстығымыз басталды.
Екі аптадан соң неке жүзіктерін алып келіп тұр. Содан мен оған асықпайық деймін. Екі аптадан соң Жаңа жыл келді. Бір күні Марат: «Айгүл, бізді жұмыстан Тәжікстанға жіберіп жатыр», – деді. Ол кезде жаспын ғой, ештеңені аңғармаймыз. «Сен ол жаққа бармай-ақ қойшы» деймін. Ол: «Жоқ, бізді жұмыстан жіберіп жатыр, талқыланбайды», – дейді.
Содан не керек, ақпан айының аяқ жағында Тәжікстанға кетті. Бір күні жаңалықтан беріп жатыр. Ойымызда ештеңе жоқ. Тәжікстанға кеткен олардың әскери бөлімі қоршауда қалыпты. Бес сағатқа созылған ұрыс болған. Жаңалықта 6656 бөлімінен кеткен 34 әскери жараланған, 17-сі қаза болған деп хабар таратып жатыр. Бөлмеме тығылып алып жылайын. Маратты қайтыс болған сарбаздардың ішінде кетті ме деп уайымдаймын. Содан дереу Шымкенттегі Ұлттық ұланның бөліміне бардым. Марат тірі, аман-есен. Кейін білгенімдей, ол Тәжікстанға бұйрық бойынша емес, ерікті болып кеткен екен.
Марат оралғаннан кейін бірнеше айдан кейін үйлендіңіздер ғой?
– Тәжікстанға кетпей тұрып сөз байласқанбыз. Мен Шымкент қаласындағы Ұлттық ұлан 6656 бөлімінің сарбаздары келе жатыр дегенді естіп, үлкен букетімді алып Маратты әуежайдан күтіп алдым (күліп). Бірақ, Марат бұрынғы Марат емес, мүлдем басқаша. Мен тіпті қорқып кеттім. Әрине, ол мені арқамнан құшақтап, шашымнан иіскеп жөн-жоралғысын жасап-ақ жатыр. Бірақ, бір байқағаным – Марат бір нүктеден көзін алмай ұзақ қарап отырады. Жақсы көргеннен кейін адам барлық нәрсеге шыдайды ғой, көңілін аулаймын, саябақта қыдырамыз, соғыстың салдарын ұмыттыруға барымды саламын. Ал Марат сонда да ештеңені ұмыта алмай, 17 жігітті құтқарып қала алмадым ғой деп күнде жылайды. Біреудің отбасындағы жалғыз ұлы өліп кеткен, біреуі келісімшартының бітіп, елге қайтуына 2-ақ ай қалғанда қаза тапқан, бірі жалғыз анасы бар бала еді, ол да көз жұмған. Соның бәрін күнде ой елегінен өткізеді, өкінеді. «Уақыт – емші» дегендей, тұрмыстың илеуінде жүріп бәрін де ұмытқандай боласың. Бірақ, жараның орны бәрібір де қалады емес пе?!
Марат елге оралғаннан кейін шаңырақ көтердік. 17 жыл некеде тұрдық. Осы уақыт ішінде біз қызмет бойынша 21 рет көшіп-қонып жүрдік. Бірақ, барлық қиындықтарға қарамастан, тату-тәтті өмір кештік деп ойлаймын. Ол маған жүз жылға жететін махаббатын беріп кетті. Соның жылуымен өмір сүріп келеміз.
Оны бұрынғы Марат емес, өзгеріп келді деп қалдыңыз, сонда да тұрмысқа шығуға еш қорықпадыңыз ба?
– Мараттың ата-анасы 95 жылғы маусым айының 24-і күні сырға салатын болды. Жолдастары таңғалып айтады ғой: «Айгүл, сен қорықпайсың ба, Марат қатты өзгеріп келген, соғыс көрген?» – деп. Сол жақтағы ұрыста көз алдарында бір баланың ішек-қарны ақтарылып, біреуінің аяқ-қолы жұлынып, енді бірінің бет-ауызы түгел жоқ болып кеткен, соның бәрі адам психикасына қатты әсер етпей қоя ма?! Мен отбасында төрт баланың ортасында еркелеп өскен қыз баламын. Құрбыларым да: «Сен неге өзіңді құртайын деп тұрсың? Ол қырғын соғыс көріп келген адам. Ертең қандай отбасы боласыңдар сендер?!» – дейді.
Қалай дегенмен, ішімде үрей жоқ емес, бірақ білдірмеуге барымды салдым. Өйткені, біз бірі-бірімізді жақсы көрдік! Сөйтіп, тамыз айының 11-і күні ұзату тойы болды, 22 қыркүйекте үйлену тойымыз өтті. Сонымен, Құдайға шүкір, бақытты өмір кештік! Ол мені алақанына салып әлпештеді. «Жанымка» деп еркелететін. 17 жылдық отбасылық өмірімізде маған саусағының ұшын тигізбек түгілі, дауыс көтерген емес, сенесіз бе?!
Құдайға шүкір, Ислам, Аида, Аяна атты қолғанаттарым бар. Солардың тілеуін тілеп отырамын. Ұл-қыздарымның қорғаны, асыл жарымның дәм-тұзы таусылып, 2011 жылы 40 жасында жүрегі тоқтап бақиға аттанды. Жұбайымның, сол кезде қанды шайқаста ерлік танытқан барша жауынгердің батырлығы – бүгінгі жас ұрпаққа жарқын үлгі. Бетін аулақ қылсын, егер де біздің елімізге қауіп төнсе, солардай сақадай-сай болып Отан үшін от кешуге дайын болуы тиіс. Бұл – әрбір азаматтың борышы.
«Әке көрген оқ жонар» деген дана сөз бар халқымызда, Ислам әке жолын жалғастырып жатқан болар?
– Иә, Маратымның тұяғы – Ислам өзі әкесінің аумай қалған көшірмесі және әке жолын жалғастырушымыз. Бүгінгі таңда ҰҚК Шекара қызметінде (Нұр-Сұлтан қ.). Кіші қызым да әкесінің жолын қуғысы келеді. Мен өзім де мектепте жүргенде форма киген қыздарға қызығатынмын.
Жақында ғана таныстырылымы өткен «Қазбат» фильмі сол жауынгерлердің ерлігін үлгі ету, насихаттау болса керек?!
– Әрине! Тәжік-ауған шекарасындағы қайғылы оқиғалар туралы баяндайтын «Қазбат» фильмін тамашаладық. Жүрегім атқақтап, тіпті көзімнен жас парлап кетті. Осындай рухты, патриоттық сарындағы дүниелерді көптеп шығара беруміз керек деп ойлаймын. Сонда жастарымыз боркемік емес, батыр болып қалыптасады. Бізді де арнайы шақырған Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевқа, Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы Руслан Жақсылықовқа, сондай-ақ, фильмнің шығармашылық тобына шексіз алғысымды жеткізгім келеді.
Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Бауыржан БЕРІКҰЛЫ,
суреттерді түсірген Медет ӘШІРБЕКОВ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*