Жетісуға – жүлдемен

27-30 қарашада Нұр-Сұлтан қаласында еліміздің Тұңғыш Президенті Н. Назарбаевтың жүлдесі үшін өткен қоян-қолтық айқастан V халықаралық «Елбасы кубогында» Жетісу жерінің намысын қорғаған Алматы облысы ПД Ескелді ауданы полициясының криминалисі, полиция лейтенанты Әнел Сейтмұрат қола медальды еншіледі.
Аталған жарысқа алыс-жақын 8 мемлекеттен және еліміздің барлық аумағынан 450-ге жуық спортшы қатысты. Оның ішінде қоян-қолтық ұрыстан әлем чемпиондары, Азия және Еуропа чемпионаттарының жеңімпаздары бар.
«70 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеттім. Жарыс жоғары деңгейде өтті. Қарсыластарым өте жақсы дайындықпен келген. Былтыр осы жарыста алтыннан алқа тағып едім, биыл қоланы қанағат тұттым. Өз кемшіліктерімді білемін, келесі халықаралық және әлемдік ареналарда еліміздің көк байрағын желбіретемін деп сенемін», – дейді спортты серік еткен тәртіп сақшысы.
Әнел Сейтмұрат биыл қаңтарда Санкт-Петербор қаласында қоян-қолтық ұрыстан өткен әлем чемпионатында да қола жүлдегер атанған еді. Жастайынан спортты сүйіп өскен қыз дүбірлі додаларда топ жару үшін дайындығын одан әрі шыңдауды жалғастырмақшы. Қазірдің өзінде ол қоян-қолтық ұрыстан спорт шебері болса, бокстан спорт шеберлігіне үміткер атанған.
Ведомство таратқан ақпаратқа сәйкес, полицейлер күнделікті дене жаттығуларын жасап, қызмет барысында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және қылмыскерлермен күреске қажетті әдіс-тәсілдерді жетілдіреді. Ол үшін департамент базасында барлық жағдай жасалған. Биыл тамыз айында өткен құқық қорғау қызметкерлері арасындағы самбо күресінен ел чемпионатында Алматы облысының полицейлері жалпыкомандалық есепте топ жарып, ел чемпиондары атанды. Атап айтсақ, Ж. Қалиев, О. Исабеков, Қ. Есенеев, А. Касачев сынды тәртіп сақшылары өз шеберліктерін дәлелдеп, абыроймен өнер көрсетті.

Алматы облысы ПД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*