Елбасы – елдіктің алтын қазығы

29 қараша күні Ішкі істер министрлігінде 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күніне арналған мерекелік іс-шара өтті.
Оған Ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты Ерлан Тұрғымбаев, министрліктің қызмет басшылары мен жеке құрамы, ішкі істер органдарының ардагерлері қатысты.
Салтанатты шара министр Ерлан Заманбекұлының тәртіп сақшыларын мемлекеттік мерекемен құттықтауынан және Елбасының тәуелсіз Қазақстан өміріндегі рөлі туралы сөзінен бастау алды. Ол еліміздің тәуелсіздікке жетуі Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың атымен тығыз байланысты екенін, 1990 жылы қиын кезде Елбасы барлық жауапкершілікті қолына алып, мемлекетті дағдарыстан шығарғанын атап өтті.
– Нұрсұлтан Назарбаев елдің ең қиын кездерінде бар күшін салып еңбек етті. Біз экономикалық және саяси дағдарыстар кезеңінде көршілес жатқан елдердің қандай жағдайға душар болғанын көрдік. Сол кезде Елбасының көреген саясатының арқасында Қазақстанда бейбітшілік сақталып, дағдарыстан шығынсыз шыға білдік. Қазір халықаралық аренада өзара тиімді байланыстарды орнатып, ел ішіндегі дана шешімдердің нәтижесінде қысқа уақыттың аралығында тұрақты қоғамы бар қуатты мемлекетті құрдық, – деді полиция генерал-лейтенанты.
Сондай-ақ, Ішкі істер министрі Елбасының елімізде тұрақтылық пен өзара келісімді сақтауға қосқан зор үлесін де атап өтті. Соның нақты мысалы – Қазақстан халқы Ассамблеясы.
– Елбасы Түркі әлемінің көшбасшысы деп танылып, Шығыс пен Батыс, Ислам мен христиандық арасында диалог орната білді. Еуразия экономикалық одағын құруда да оның еңбегі өлшеусіз. Осы одаққа кіретін елдер арасында кеден шекарасының болмауы ел экономикасының алға қадам басуына, мемлекетіміздің дамуына септігін тигізіп отыр. Бұл айтылғандардың бәрі Ұлт Көшбасшысы, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көп еңбектерінің кішкене бөлігі ғана, – деді Ішкі істер министрі.
Мерекелік құттықтау сөзінен кейін министр Ерлан Заманбекұлы қызметте ерекше көзге түскен, ерлік көрсеткен полиция, төтенше жағдайлар және қылмыстық атқару жүйесі қызметкерлерін марапаттап, бірқатарына офицерлік шен табыстады.
Атап айтқанда, «Суға батқандарды құтқарғаны үшін» медалімен Батыс Қазақстан облысы ПД Жедел қимылдайтын арнайы жасағының аға инспекторы, полиция капитаны Сапанов Еркебұлан Батырбекұлы, «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен Алматы облысы ПД Қарасай ауданы ПБ қызмет инспекторлары, полиция сержанты Қалжан Ержана Әбілұлы мен полиция аға сержанты Исаев Бақытжан Серікұлы, «Өртте көрсеткен қайсарлығы үшін» медалімен Алматы облысы ПД Текелі қаласы ПБ учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Аманбаев Ербол Кожабекұлы марапатталды.
Тұңғыш Президент күніне орай және қызметтік міндеттерін адал атқарғаны үшін Қарағанды облысы ПД Экстремизмге қарсы күрес басқармасының бастығы Ибраев Оралбек Мұхамеджанұлы мен Ақмола облысы ПД Криминалды полиция басқармасы аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Демиденко Сергей Николайұлына «полиция полковнигі» шені табысталды.
Сондай-ақ, «Төтенше жағдайлардың алдын алуда және жоюда үздік шыққаны үшін» медалімен ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің аға инспектор-кезекшісі, азаматтық қорғау подполковнигі Жайжұмова Асқар Исламұлы, ІІ дәрежелі «Ішкі істер органдарының үздігі» төсбелгісімен ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің аға инспекторы, полиция капитаны Жүсіпбеков Рүстем Бауыржанұлы, ІІМ Құрмет грамотасымен ІІМ ҚАЖ комитеті мемлекеттік құпияларды қорғау бөлімінің бастығы, әділет подполковнигі Нұрбекова Динара Нұрбекқызы марапатталды.
Жалпы Тұңғыш Президент күніне байланысты ішкі істер органдарының 611 қызметкері марапатталса, олардың 116-сы – ІІМ Орталық аппаратының және 495-і аумақтық бөліністердің қызметкерлері.
Мерекелік кештың соңы арнайы дайындалған концертке ұласып, сахна төрінде ішкі істер органдарының өнерпаздарымен бірге елімізге танымал Мәдина Сәдуақасова, Қуандық Рахым, Ибрагим Ескендір секілді эстрада жұлдыздары да ән шырқады.

Ескендір ТАСБОЛАТ
Суреттерді түсірген Жандос КОКУМБАЕВ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*