Құрметті демалысқа шығарып салды

Өткен жұма күні министрлікте ішкі істер органдарының қызметкерлерін зейнеткерлікке шығарып салу салтанатты шарасы өтті.
Шараға қатысқан Ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты Ерлан Тұрғымбаев құрметті демалысқа шығып жатқан полиция генерал-майоры Мұхаран Серікұлы Әміров, полиция полковнигі Қайрат Болатұлы Мұхитов, полиция полковнигі Әлішер Шухратұлы Мұхамедовты құттықтап, олардың өмір жолдарына, атқарған қызметтеріне тоқталып өтті.
Мұхаран Әміров 1959 жылы Гурьев (қазіргі Атырау) қаласында туған. КСРО ІІМ Қарағанды жоғарғы мектебін бітірген. 1980 жылы еңбек жолын қатардағы тергеушіліктен бастап көптеген қызмет баспалдақтарынан өтті.
Ақтөбе, Атырау және Қызылорда облыстық Ішкі істер департаменттерін басқарды. ІІМ Тергеу комитетінің төрағасы болды. «Ерлігі үшін», «Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін», ІІІ дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін», «Қазақстан Конституциясына – 10 жыл», т.б. медальдармен марапатталған.
Қайрат Мұхитов 1964 жылы бұрынғы Шымкент облысында туған. КСРО ІІМ Қарағанды жоғарғы мектебін бітірген. Еңбек жолын 1987 жылы Балқаш аудандық ІІБ жедел уәкілі болып бастаған ол Ақмола облысы, Астана, Өскемен қалалық ІІБ, Қызылорда облыстық ІІД басқарды. Соңғы қызметі – ІІМ Әкімшілік полиция комитеті Төрағасының бірінші орынбасары.
Әлішер Мұхамедов 1972 жылы Ташкент қаласында дүниеге келген. Қазақ химия-технология институтын, ҚР ІІМ Академиясы Заң институтын тәмамдаған. Соңғы қызметі – ІІМ Жедел-криминалистика департаментінің бастығы. ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 25 жыл», І, ІІ және ІІІ дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медальдарымен, «Ішкі істер органдарының үздігі» төсбелгісімен марапатталған.
– Құрметті әріптестер, сіздер қызмет еткен жылдарыңызда өздеріңізді білікті де кәсіби маман, тәртіпті сақшы, тәжірибелі қызметкер, талапшыл басшы ретінде көрсете білдіңіздер. Адалдық пен еңбекқорлық, шыншылдық пен принципшілдік – сіздердің бойларыңыздан табылды. Бүгін зейнеткерлік демалысқа шығуларыңызға байланысты сіздерді ІІМ-нің Құрмет грамотасымен марапаттау туралы бұйрыққа қол қойдым, – деді министр Ерлан Заманбекұлы.
Салтанатты марапаттау рәсімінен кейін «Ішкі істер органдары және Ұлттық ұлан ардагерлері қазақстандық кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, милиция генерал-майоры Өмірзақ Болсамбеков сөз алып, зейнеткерлікке шығып жатқан азаматтарды «Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының құрметті ардагері» төсбелгісімен марапаттады.

Ескендір ТАСБОЛАТ
Суретті түсірген Медет ӘШІРБЕКОВ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*