Аймақтық бөліністердегі айшықты мейрам

1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күні – ішкі істер органдары үшін айрықша мерекелердің бірі. Өйткені, Елбасымыз іргесін қалаған мәңгілік еліміздің ішкі тұрақтылығы мен қауіпсіздігі – тәртіп сақшыларының қолында. Биыл да полиция бөліністерінің ұжымдары қыс маусымымен бірге табалдырық аттаған мейрамды салтанатпен атап өтті.

Солтүстік Қазақстан облысы ПД
Тұңғыш Президент күніне орай Солтүстік Қазақстан облысының Полиция департаментінде салтанатты жиналыс өтті.
Полиция ведомствосының басшысы, полиция полковнигі Марат Төлебаев қонақтар мен жеке құрамды құттықтап, мемлекеттік мерекенің тарихи маңыздылығына тоқталды. «Елбасы біз үшін өз еліне, Отанына қызмет етудің жарқын үлгісі, әлемдік деңгейдегі кемеңгер саясаткер. Татулығымыз, береке-бірлігіміздің, тұрақтылығымыздың кепілі болған Тұңғыш Президентіміздің еңбек жолы – қазақстандықтарға үлгі және тағылым мектебі. Біздің басты міндетіміз – бейбіт өмір мен азаматтардың тыныштығын сақтау», – деді Полиция департаментінің бастығы.
ПД жанындағы ККО мүшесі, тарих ғылымдарының кандидаты Сабыр Ибраев жиналған қауымға еліміздің әлемдік аренаға шығып, дүниежүзі мойындаған елдердің қатарына қосылудағы Елбасының ерен еңбегі жайлы әңгімеледі.
Қызметтік міндеттерін атқаруда жоғары кәсібилігімен ерекшеленген қызметкерлерді марапаттау рәсімі жиналысқа қатысқандардың мерекелік көңіл күйін одан әрі арттыра түсті. Облыстық ПД Жылдам қимылдайтын арнайы жасағының командирі Ерік Құлжановқа «полиция подполковнигі» атағы мерзімінен бұрын берілді. Ол 50-ден астам офицер қызмет атқаратын ерекше бөлініске басшылық етеді. 17 жыл қызмет барысында самбодан спорт шебері, қазақ күресінен спорт шеберлігіне үміткер дәрежесіне жеткен Ерік Құлжанов өзін білікті, алдына қойған міндеттерді бұлжытпай орындайтын қызметкер ретінде көрсетті.
«Бүгінгі мерекенің ел тарихында ерекше орны бар. Бұл тәуелсіз ел идеологиясының басымдықтарын, көреген тұлғаның қасиетін айтатын күн. Тұңғыш Президентіміздің қол жеткізген жетістіктері алдындағы жауапкершілікті сезіне отырып, өзіміз үшін және барлық жеке құрам үшін міндетімізді айқындаймыз. Атақты мерзімінен бұрын алуымды – барлық жеке құрамның қол жеткізген жетістігі деп білемін», – деді марапатталушы.
Тұңғыш Президент күнін мерекелеуге орай 80-нен астам солтүстікқазақстандық полицей марапатталды. Екі қызметкерге облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың алғыс хаты табыс етіліп, ІІО 12 қызметкері Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың бұйрығымен марапатталды. 22 полицейдің жазасы мерзімінен бұрын алынды.
Мереке ведомствоның шығармашылық ұжымы дайындаған концертке ұласты.

Батыс Қазақстан облысы ПД
Облыстық Полиция департаментінде өткен шараның тұсаукесер рәсімінде Ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты Е. Тұрғымбаевтың құттықтау жеделхаты оқылып, қылмысқа қарсы күрес және құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде үлес қосып, ерекше көзге түскен қызметкерлер марапатталды.
Атап айтар болсақ, облыстық ПД Арнайы және жұмылдыру даярлығы басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Қуанышқали Шаяхметұлына арнайы атағы мерзімінен бұрын берілсе, Бөрлі ауданы Полиция бөлімінің жедел уәкілі, полиция майоры Бауржан Сапарұлына атқарып отырған лауазымында көрсетілген арнайы атағынан бір саты жоғары атағын беруге ұсынылды.
Сонымен қатар, ПД Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Қасым Дүйсеғалиев және Тасқала ауданы Полиция бөлімінің жедел уәкілі, полиция капитаны Нұрбол Тагаев «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен, ПД Криминалдық полиция басқармасының жедел уәкілі, полиция капитаны Дәулетқали Душаканов «Құрмет» грамотасымен және ПД Ақпараттандыру және байланыс басқармасының технигі, полиция старшинасы Гүлмира Өтепова алғыс хатпен марапатталды.
Құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу, қауіпсіздікті сақтау жолында өзара бірлесе әрі жұмыла ынтымақтастықта қызмет еткені үшін бірқатар журналистер қауымына да Полиция департаменті басшылығы атынан алғыс хаттар табыс етілді.
Сондай-ақ, Батыс Қазақстан облысы ПД грамотасы мен алғыс хатымен марапатталғандардың қатарында ішкі істер органдарының ардагерлері де болды. Құқық қорғау саласында қалдырған еңбегі үшін ішкі істер органдарының әр ардагеріне «Тарих толқынында», «Ғасырлар тоғысында», «Бейбітшілік кіндігі» және «Тәуелсіздік белестері» атты Н. Назарбаевтың туындыларын сыйға тарту етті.
Полиция департаменті бастығының бұйрығымен барлығы 893-ге жуық полиция қызметкері марапатталды.
Мерекелік іс-шараның соңы концерттік бағдарламаға ұласты.

Ақтөбе облысы ПД
Мерекелік шараға ішкі істер органдарының ардагерлері мен жеке құрам қатысты.
Салтанатты шарада Ақтөбе облысы Полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Атығай Арыстанов құттықтау сөз сөйлеп, 2019-2021 жылдарға арналған ішкі істер органдарын қайта жаңғырту Жол картасын іске асыру аясында Тұңғыш Президентіміз Н. Назарбаевтың бастамасымен алға қойылған міндеттердің нақты қолға алынғанын және оның салиқалы саясатының нәтижесінде бүгін біз ынтамағы жарасқан тату да бейбіт елде өмір сүріп жатқанымызды атап өтті. Тұңғыш Президент тарапынан полиция жұмысын жандандыруға көп көңіл бөлінгендігін атап өтті.
Мерекелік шарада Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың құттықтау хаты оқылды.
Тұңғыш Президент күні қарсаңында қызметтік міндеттерін абыроймен атқарып жүрген бір топ ішкі істер органдары қызметкерлері марапатталды.
Жергілікті полиция қызметі басқармасының инспекторы Мария Горбенкоға «полиция майоры» арнаулы атағы беріліп, екі қызметкер «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен, 3 қызметкер «Ішкі істер органдарының үздігі» төсбелгісі және ІІМ грамотасымен 2 қызметкер марапатталды. Сондай-ақ, 4 қызметкерге ІІМ Алғыс хат табыс етіліп, үшеуіне алғыс жарияланды.
Сонымен қатар, 7 қызметкерге ПД грамотасы, 12-не алғыс хат табыс етіліп, 81-не алғыс жарияланды .
Салтанатты шара соңында полиция қызметкерлері мен облыстық Халық шығармашылығы үйі көркемөнерпаздарының қатысуымен патриоттық әндер шырқалып, меркелік концерт көпшілік назарына ұсынылды.

ІІМ Қостанай Академиясы
Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай Академиясының басшылығы жеке құрамды, профессорлық-оқытушылық құрамды, күндізгі және сырттай оқыту факультетінің курсанттарын, магистранттарын және арнайы бастапқы оқыту курсының тағылымдамашыларын құттықтады.
Іс-шара Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен басталды. Тұңғыш Президентіміз туралы бейнесюжет көрсетіліп, «Елбасы – елімнің тірегі» атты мерекелік концертімен жалғасты. Мерекелік іс-шара барысында Академия бастығы қызметтік міндеттерін адал атқарып, жетістіктерге жеткен қызметкерлерді, сонымен қатар, мәдени-көпшілік шараларында белсене қатысқан курсанттарды марапаттады.
Курсанттар мен қызметкерлер қазақ өмірінде маңызды орын алатын ұлттық домбырада ойнап, мың бұралған биші қыздар би билеп, өлеңдер айтты.
Егемен Қазақстанда өмір сүріп жатқан әрбір отансүйгіш азамат кең байтақ Қазақстан елінде тұрғанын мақтан тұтады. Елбасымыздың жастарға деген қамқорлығы ерекше. Өйткені, ол «болашақ – жастардың қолында» деп әр Жолдауында үнемі айтып келеді.
Туымыздың тұғыры берік, еліміздің еңсесі биік болсын! Тәуелсіз еліміздің іргесі мықты болсын!

Қызылорда облысы ПД
Шара салтанатты әнұран ырғағымен ашылып, Ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты Ерлан Заманбекұлының арнайы құттықтау жеделхаты оқылды.
Салтанатты жиын барысында «1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күні» мерекесіне арнайы түсірілген «Тұңғыш Президенттің өмір жолы» бейнеролигі департамент қызметкерлерінің назарына ұсынылып, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ел игілігі жолындағы сіңірген еңбектері атап өтілді.
Қызылорда облысының Полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Пазылбек Нәлібаев сөз алып, қонықтарды және жеке құрамды айтулы мерекемен құттықтады.
Мерекелік шара барысында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп, халықтың құқығы мен бостандығының қорғалуы жолында ерекше көзге түсіп, үздік нәтижелерге қол жеткізгені үшін 100-ден аса полиция қызметкерлері марапатталды.
Салтанатты шара мерекелік концертпен өрнектелді.

Жамбыл облысы ПД
Облыстық Полиция департаментінде өткен кешке ПД басшылығы мен қызметкерлері, ішкі істер органдарының ардагерлері, қоғамдық ұйымдар мен БАҚ өкілдері қатысты.
Салтанатты жиынды Жамбыл облысы Полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Арман Оразалиев ашып, жеке құрам мен ішкі істер органдары ардагерлерін айтулы мерекемен құттықтады. Өз сөзінде елімізді жаңа деңгейге көтерген Тұңғыш Президенттің жоғары сіңірген еңбегін атап өтті.
– Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қоғамдағы әділеттілік пен саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге, елдің территориялық тұтастығын, оның тыныштығын сақтауға үлкен үлес қосты. Нәтижесінде бүгінде Қазақстан әлемде мойындалған мемлекетке айналды, – деді А. Оразалиев.
Дәстүр бойынша, бұл күні полицияның үздік қызметкерлеріне ведомстволық наградалар табыс етілді. Қызметтік міндеттерін адал атқарғаны және жоғары нәтижеге қол жеткізгені үшін салтанатты марапаттау рәсімінде 20-дан астам қызметкер марапатталды. Олардың арасында мерзімінен бұрын «полиция полковнигі» атағы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Бауыржан Үдергеновке, «полиция майоры» атағы Кинологиялық қызмет орталығының бас инспекторы Леонид Аниськовке берілсе, үш полиция қызметкері «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталды.
Сонымен қатар, бірқатар полиция қызметкері төсбелгілермен, Ішкі істер министрлігі мен Полиция департаментінің грамоталарымен, алғыс хаттар мен қол сағаттар және басқа да бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Салтанатты іс-шара соңында мерекелік концерт ұсынылып, әйгілі «Арлан» вокалды тобы Тұңғыш Президенттің «Үш жүрек», «Аспаптар әуені» және «Заречная көшесіндегі көктем» сүйікті әндерін орындады.

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*