Венгрия тәжірибесінің ерекшеліктері

Ел Президенті ағымдағы жылдың 17 сәуірінде өткен ІІМ кеңейтілген Алқа мәжілісінде, сондай-ақ, басқа да нұсқауларында Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың тапсырмасы бойынша жүргізіліп жатқан және бірінші кезекте халықтың полицияға деген сенімін арттыруға бағытталған ішкі істер органдарын реформалауды жалғастыру қажеттігін айтты.
Бұл тұрғыда ішкі істер органдарының қызметін өз жұмысының сапасы мен пайдалылығын қамтамасыз етуге бағыттау мәселелеріне үлкен мән беріледі.
Халыққа көрсетілетін қызметтердің тиімділігі мен сапасын арттыруға ұмтылу, олардың ұйымдастырылуы мен бөлінуін жақсарту әлемнің көптеген елдерінде полиция дамуының стратегиялық бағыты болып табылады. Полиция қызметінің жаңа моделін жасаудың басты тәсілдерін анықтай отырып, Мюнстердегі конгресте (1998 ж.) полиция жекелеген аумақтағы азаматтарға қызмет көрсететін сервистік қызмет ретінде қаралуы тиістігі, полиция азаматтарға қызмет көрсету жүйесін дамыта отырып, қызмет атқаруы тиістігі аталған.
Бұл мәселеде полиция жүйесін басқарудың үздік әлемдік стандарттарын енгізе отырып, қоғамдық және саяси қайта құрулардан сәтті өткен елдердің алдыңғы қатарлы шетелдік тәжірибесінің теориялық және практикалық маңызы зор.
Мұндай елдердің бірі – Венгрия. Оның реформалау тәжірибесін, ЕҚЫҰ қазақстандық кеңсесінің көмек көрсетуімен, Ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты Е. Тұрғымбаев бастап барған ІІМ делегациясы зерттеп қайтты.
Жүргізілген талдау, елдің құқықтық жүйесін реформалау 1989 жылы тәуелсіздік алған сәттен басталғанына қарамастан, Ішкі істер министрлігі Венгр Халық Республикасынан мұраға қалған ескі ұйымдық құрылымда жұмыс істеп келгенін көрсетті. Содан 2006 жылы ғана түбегейлі реформа жүзеге асырылған, соның нәтижесінде полиция толық қоғамдық бақылауға алынады. 2008 жылы шекара қызметі мен полиция бірігеді. Полиция құрамында шекара полициясы бөлімі құрылды, ол көші-қон ережелерімен байланысты бұзушылықтарды анықтайды және жолын кеседі. Жаңартылған полиция біріккен Әділет және құқық қорғау органдарына құрылымдық бағынышты болды.
Алайда, қылмыстың өсуі, сондай-ақ, тәртіпсіздіктер кезінде полицияның біліксіздігі себепті 2010 жылы ІІМ қалпына келтіру туралы шешім қабылданды, ол қосымша муниципалитеттер және оларды қаржыландыру, үкіметтік байланыс, қарсы барлау, сыбайлас жемқорлық, сондай-ақ, су ресурстарын қорғау қызметі мәселелерін қосымша қадағалайтын болды.
ІІМ жүргізген саясаттағы басымдық қылмыстың қысқару динамикасын көрсететін құқық бұзушылық профилактикасы болып табылады.
Ең қылмыс жиі жасалатын жер – Будапешт (халқының саны шамамен 2 млн адам), онда 10 мың тұрғынға 500 қылмыстан келеді (басқа аудандарда – 300). Ұрлық, алаяқтық, тонау және бұзақылық қылмыстары басым. Бұл ретте, астанада жылына шамамен 30 кісі өлтіру жасалады. Жалпы, ел бойынша 2017 жылы 92 адам өлтіру қылмысы жасалған.
Орташа алғанда барлық қылмыстардың 60% ашылады, бұл ретте тонау – 90%, кісі өлтіру – 100% (2018 жылдың қорытындысы бойынша).
Цифрландырудың профилактикалық әлеуеті, соның ішінде қылмыс жасаудың ұқсас алгоритмдерін тану және іздестірудің талдамалық бағдарламаларын қолдану кеңінен іске қосылған.
Жасөспірімдер арасындағы қылмыстың өсуі байқалатын орта мектептерде мектеп инспекторлары лауазымдары енгізілген (2300 қызметкер). Сонымен қатар бір инспектордың екі мектепті қамтуы қолданылады.
Патрульдеу үшін еріктілердің әлеуеті белсенді қолданылады (ЕХЖ ұқсас), олардың қорғалуы заңмен кепілдендіріледі және арнайы нысанды киім мен рация беріледі. Бұл ретте елде қоңырау шалудың бірыңғай нөмірі қолданылады және оған жүгінулердің тек 30% полицияның жедел басқару орталықтарына жіберіледі.
Патрульдің оқиға орнына келу нормативі – полицияға хабарлама келіп түскен уақыттан бастап 12 минут.
Жол жүрісі қауіпсіздігін қаматамасыз ету үшін жол трафигін бақылаудың автоматтандырылған жүйесі белсенді (жүк автокөлік есептері, сонымен қатар жолды пайдаланғаны үшін GSM төлемі) қолданылады. Ол қылмыстарды ашуға және жылдамдық режимін бұзуды тіркеуге көмектеседі.
Халықтың сенімін арттыру аясында жыл сайынғы әлеуметтік сауалнама және полиция басшысының муниципалитет (елде 3200) және халық алдындағы есебі енгізілген. Өзін-өзі басқару органы есепті қабылдамаған жағдайда, заңнамада нұсқамалық норманың жоқтығына қарамастан, басшы қызметінен кетеді.
Негізгі себептерді анықтау және ұйымдастыру мәселелерін объективті шешу үшін мүдделі тұлғаларды шақыра отырып, 100 ең теріс тұжырымды талқылау тәжірибесі пайдалы.
Жаңа басшыны халық алдында таныстыру институты енгізілген. Бұл ретте кандидаттың кәсіби жарамдылығы туралы қоғамдық пікір ескерілмеуі мүмкін. Мектеп инспекторы тағайындалған жағдайда мектеп директоры мен ата-аналардың ұсынымдарын есепке алу міндетті.
Азаматтық қоғам институттарымен қарым-қатынасты тереңдету саясаты, айыппұлдарды ескерту жасаумен алмастыру жинақтала келе мажарлық әріптестерге сервистік полиция бейнесін жасауға мүмкіндік берді.
Қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыру саласында ең төменгі жалақыдан төмен еңбекақы төленетін жұмыс ұсыну тәжірибесі пайдалы. Бір жағынан, бұл халықты жұмыспен қамту және құқық бұзушылықтың алдын алу, ал екінші жағынан – масылдыққа жол бермеу.
Заңсыз миграцияға қарсы іс-қимыл шеңберінде ЕО қарсылығына қарамастан, тиісті мәртебе беру туралы ресми шешімге дейін босқындарды транзиттік аймақта орналасқан арнайы орталықтарда орналастыру жөнінде саяси шешім әзірленді. Бұл ретте көші-қон қызметі полицияға жатпайды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша нәтижелерді ерекше атап өткен жөн. Егер 90-шы жылдардың басында жылына 20-30 сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылығы жасалса, қазіргі уақытта сирек, бірен-саран фактілер байқалады. Бұл жеке құрамға моральдық ықпал етудің және 2010/11 жылдары параға арандату институтын енгізудің арқасында мүмкін болды. Бұл ретте «сынақтан» өтпеген адамдарды қызметтен босатады. Полицейдің әдеп кодексі заңнамаға негізделген, бірақ міндетті сипатқа ие емес.
Полиция қызметкерінің әлеуметтік тұрғыдан жақсы қамтамасыз етілуі (жәрдемақы, несие, тамақ үшін үстеме, материалдық көмек, тегін оқу), мажарлық әріптестердің (жас патрульші шамамен – 180 мың теңге) еңбекақысы біршама тең болуы назар аудартады.
Кадрларды тұрақтандыру үшін қызмет өткерудің, сондай-ақ, жасы мен денсаулық жағдайына қарай қызметкерлерді ротациялаудың келісімшарттық жүйесі енгізілген. Сонымен қатар, бірқатар қызметкерлердің мәлімдеуі бойынша орташа жас 35-тен аспайды. Кадрлардың жасақталмауы 10% құрайды (ІІМ штат саны 35 мыңға жуық). Бұл ретте тұрақсыздығы жоғары емес, өйткені жылына 3 мың адамды жасақтау төтенше оқиға деп танылады және ондай жағдай тарихта екі рет қана болған (2010 және 2016 жылдары).
Полицейлерді іріктеу жүйесі біздікіне ұқсас, аумақтық бөлімшелермен жүзеге асырылады және оған кәсіптік бағдар беру жұмысы, денсаулық жағдайын тексеру, денешынықтыру дайындығы бойынша нормативтерді тапсыру, психологиялық тест, арнайы тексеру және әңгімелесу кіреді.
Үміткерге қойылатын талаптарда айырмашылық бар. Мәселен, жас шамасы – 18-ден 55 жасқа дейін. Қатардағы полиция лауазымдарына кәмелеттік аттестатының жеткіліктілігі, сондай-ақ, функционалдық міндеттердің ерекшелігі ескеріле отырып, бойға, денсаулық жағдайына қойылатын талаптар жеңілдетілген.
Қатардағы құрамды даярлау 107 жалпы орта білім беретін мектептің арнайы сыныптарында жүзеге асырылады, онда базалық пәндермен қатар олар полиция жұмысы үшін қажетті білімдер мен дағдылар алады.
Полиция сержанттық құрамының бастапқы және арнайы дайындығы төрт орта полиция мектебінде жүргізіледі. Оқу мерзімі – 2 жыл. Бітіргеннен кейін арнайы орта білім туралы ведомстволық диплом беріледі, ол офицерлердің орынбасарлары немесе көмекшілері болып жұмыс істеуге құқық береді және кіші офицерлік атақ беріледі.
Бағдарлама заң дайындығын, қоғамдық тәртіпті сақтау және жол қозғалысын реттеу, қылмыстық құқық және процесс, әкімшілік құқық бұзушылықтарға қарсы күрес салаларында, сондай-ақ, адам құқықтары бойынша оқытуды қамтиды.
Сонымен қатар, міндетті түрде әлеуметтік, атыс, денешынықтыру және тактикалық дайындық жүргізіледі. Едәуір дене және психологиялық жүктеме нәтижесінде курсанттардың 5-10% дайындық курстарынан шығады.
Офицерлерді бастапқы және арнайы даярлау, сондай-ақ, басшылық құрамын оқыту және олардың біліктілігін арттыру Ұлттық мемлекеттік қызмет университетінде (2011 жылға дейін Жоғары полиция мектебінде) жүргізіледі, онда полицейлермен қатар әскери және мемлекеттік қызметшілерді дайындайды. Оқу мерзімі – 3 жыл (сырттай – 4 жыл), бітіргеннен кейін бакалавр дәрежесі беріледі, ал шені жоқ адамдарға офицерлік атақ беріледі. Жыл сайын полиция саласы бойынша 100-ден аспайтын адам оқуға түседі.
Талаптар: жасы 25 жастан аспайтын (ҚАЖ офицерлері үшін 30 жас), орта мектепте табысты тапсырылған қабылдау және бітіру емтихандары, физикалық және психологиялық жарамдылығы.
Қоғамдық тәртіпті сақтау және жол жүрісін реттеу саласындағы офицерлерді даярлау бөлімшесіне тек полицияда жұмыс істейтін адамдар ғана құжаттарын тапсыра алады.
Түлектер «жедел-іздестіру қызметі жөніндегі менеджер» және «қоғамдық тәртіпті қорғау жөніндегі менеджер» мамандықтары бойынша бакалавр дипломын алады.
Оқу бағдарламасы модульдік нысанда жүзеге асырылады. Негізгілер: заң ғылымына кіріспе, адам ресурстарын басқару, әдеп, саясаттану, әлеуметтану; бейінді: заң білімдері, полиция қызметінің ерекшелігі, қауіпті жағдайларды басқару стратегиясы, риторика, мамандығы бойынша шетел тіліндегі лексика. Сонымен қатар, дайындық бағыттары бойынша арнайы модульдер бар.
Магистрлік бағдарлама бойынша дайындық магистратура факультетінде «Құқық қорғау органдарын басқару» мамандығы бойынша жүзеге асырылады.
Магистранттар оқитын негізгі пәндер – қауіпсіздік саясаты, қақтығыстарды болдырмау және дағдарыстарды реттеу, құқық қорғау органдарының экономикалық менеджменті, сапаны қамтамасыз ету жүйесі, еңбек құқығы, басқару және ұйымдастыру теориясы.
Университет, сондай-ақ, азаматтық немесе әскери жоғары оқу орнын немесе колледж бітіргені туралы дипломы бар және полицияда азаматтық қызметші не болмаса сержант ретінде жұмыс істейтін адамдар үшін офицерлік даярлық мүмкіндігін де ұсынады. Олар үшін оқу тобының жасақталу шамасына қарай негізгі жұмыстан қол үзбей 10 айлық оқыту курсы ұйымдастырылады, курсанттар курс аяқталғаннан кейін емтихан тапсыруы керек.
Айрықша тапсырмаларды орындайтын қызметкерлердің мамандандырылған оқу базаларында даярланатыны және біліктілігін арттыратыны да ерекшелік болып табылады. Ату, өзін-өзі қорғау және жүргізу дағдыларын оқытуға арналған Тактикалық дайындық орталығы да осындайлардың бірі. Басқасы – қызметтік иттер мен аттарды, сондай-ақ, кинологтар мен шабандоздарды оқыту өткізілетін Кинологтарды дайындау мектебі. Мектеп сот сарапшыларының мамандандырылған даярлық орталығы да болып табылады.
Қызметкерлердің біліктілігін арттыру курстарын ұйымдастыру практикасы қызығушылық тудырады. Біздікіне ұқсас жылдық жоспар бекітіледі, бұл ретте министр арнайы курстардан өтуді өзектілігі мен қажеттілігіне қарай тағайындауға құқылы. Басшылар әдеттегідей жеке жоспарлар бойынша біліктілікті арттырудан өтеді. Оқу мерзімі 1 күннен 3 күнге дейін өзгеріп тұрады. Өту форматы – конференциялар мен семинарлар. Курстардың көп бөлігі қашықтықтан оқыту форматында және электронды түрде ұйымдастырылады. Атап өтілгендер қызметкерлерге оқыту бағдарламасын таңдауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, Венгрия аумағында Халықаралық құқық қорғау академиясы (ФБР академиясы) және 2016 жылдың 1 шілдесінен бастап СЕРОL Еуропалық академиясы қызмет етеді.
Соңғысы ЕО-ға мүше мемлекеттерде құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне арналған оқу орындарының желісін біріктіреді және оларға қауіпсіздік, ынтымақтастық және ақпарат алмасу басымдықтары бойынша бастапқы кезекті дайындық өткізуде қолдау көрсетеді. СЕРОL ЕО-ның, халықаралық ұйымдардың және үшінші елдердің органдарымен де жұмыс істейді. Келісімге сәйкес, аталған академия Будапештте 2025 жылға дейін болады.
Ашық дереккөздерінің мәліметтері бойынша СЕРОL-дің ағымдағы жиыны ЕО полиция қызметкерлерінің біліктілігін арттыруды, соның ішінде онлайн-оқыту (мысалы, вебинарлар, онлайн модульдер, онлайн-курстар және т.т.), сондай-ақ, нұсқаушылар және тыңдаушылармен алмасу бағдарламалары, жалпы оқу бағдарламалары, зерттеу және ғылымды қамтиды.
Бағдарламалар:
– Ұйымдасқан қылмыс және терроризммен күрес;
– Қоғамдық тәртіп – негізгі оқиғаларды қорғау;
– Одақтың миссиясын жоспарлау және пәрмен беру;
– Көшбасшылық, тілді дамыту, жаттықтырушыларды оқыту;
– Құқық қорғау органдарымен ынтымақтастық және ақпарат алмасу;
– Айрықша салалар мен құралдар (мақсаты – қызметкерлерге арналған жедел барлауды талдау);
– Қызметкерлердің негізгі құқықтары;
– Зерттеу және профилактика.
Венгрияның полицияны реформалауының негізгі тұстары осындай, оны талдау, әрине, пайдалы. Басқалардың жетістіктері әрдайым өз қызметін байытатыны белгілі, оған қажетті түзетулер енгізуге мүмкіндік береді, әлі де пайдаланылмаған мүмкіндіктерді ашады. Бұл ретте венгерлік әріптестер, Қарағанды облысының Полиция департаменті базасында сервистік полиция моделіне көшу бойынша қанатқақты жоба шеңберінде, өзінің озық тәжірибесін беру үшін ІІМ-нің құзыретті қызметкері қатарынан сарапшы ұсынуға дайын.

Нұрлан БИЕКЕНОВ,
ІІМ Ш. Қабылбаев атындағы Қостанай Академиясының бастығы
заң ғылымдарының докторы, доцент, полиция полковнигі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*