Ел сақшысы – Ерасылдың ерлігі

Ерасыл Сәбитұлы Мұрат – Қарағанды обылысы, Шет ауданы, Ақжал кентінде 1992 жылы 25 қарашада дүниеге келген. Жоғары білім алып, әскери борышын өтеп келген соң, өзінің бала кезгі арманы – полиция қызметкері болуға қол жеткізеді.
2014 жылдан бастап Қарағанды қаласының ПБ патрульдік полиция сапында жұмыс істеп келеді. Жас та болса, жүрекжұтқандығымен ел көзіне түскен тәртіп сақшысымен болған сұхбатты оқырмандар назарына ұсынамыз.

Қарағандыда серігіңізбен бірге суицид жасамақшы болған қызды құтқарған видео әлеуметтік желіге кең тарап, танымал болып кетті. Әңгімемізді осы оқиғадан бастасақ.
– Әрине, Бекзат екеуіміз бір-бірімізге әріптес болып экипажда жүргенімізге бір жылдан асты. Ол 2017 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Содан бері күнделікті жұмысқа шығып, халыққа қызмет көрсетеміз. Неше түрлі шақыртулар түседі, соларға барамыз.
8 қараша күні сағат 12:20 шамасында бізге жедел басқару орталығынан хабарлама түсті. Оқиғаны қарама-қарсы үйде тұратын Наталья Айнабекова деген кісі байқап қалып, ұялы телефонына түсіріп алып, 102-ге хабарламаға жіберген. Одан соң жедел оқиға болып жатқан мекенжайға бардық. Мекенжайға келгеннен кейін үш подъезд тұрды, қайсысына кірерімізді білмедік. Не де болса тәуекел деп ортаңғы подъезден кірейік деп, тоғызыншы қабатқа көтерілдік. Ол кезде бар ойымыз тек жаңағы қызды тезірек тауып, аман алып қалу еді. Шатырға мінетін есік жабық тұр екен. Подъездің тұрғындарынан кілтін тауып, олар да көмектесіп, үстіне көтерілген кезде Зарина деген қызды көрмедік. Сосын әріптесім Бекзатқа сен сол жаққа қарай, мен оң жаққа қарай кетейік деп айттым. Мен қарап жүрген жақпен Зарина жүрген екен. Қар үстінен іздерін көрдім. Яғни, ол үйдің ең шетіне барып, қайтып келген.
Сонымен қатар, мен Наталья Айнабековамен сөйлесіп отырдым. Себебі, ол кісі бәрін де көріп тұр. Бұл кезде қыз шатырдан балконның шатырына түсіп кетіпті. Мен Заринаны көрдім де, Бекзатты қолыммен ымдап шақырдым. Ол жерде менің ең бірінші мақсатым – Заринаның көңілін өзіме аулап, өзінің істейін деп отырған әрекетінен ойын бөлу болды. Қазіргі айтып отырған әңгімем ол жерде мүмкін мүлде басқаша болған да шығар. Өйткені, автоматты түрде ойлануға да уақытымыз аз болды. Себебі, әр сәтте ол секіріп кетуі немесе аяғы тайып кетуі мүмкін еді.
Бекзат артынан келіп білдіртпей астына түскісі келген, бірақ шатырдың үсті темір, сықырлаған жүрістерін сезіп қойды. Мен Бекзатты көргеннен кейін Зарина секіріп кете ме деп қатты шошыдым. Қыз бала ғой, оған жылы-жылы сөздер айтып, «өте әдемісің, сұлусың, әлі жассың, төменге қарама» деп айттық. Содан Бекзатқа секіру керек болды. Ол секірген кезде өзінің де аяғы тайып кетті. Негізі біз құтқарушылар қызметін тосып тұрған едік, бірақ, жағдайға қарап, әр минуттың адам тағдырын шешетінін ұғып, құтқару ісіне өзіміз кірісіп кеттік.
Осылайша қызды аман-есен алып қалдық. Заринаны екі жақтан ұстап, құшақтап жерге түсіріп, жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырдық. Осыдан кейін жедел басқару орталығына, өзіміздің басшылығымызға жағдайды баяндап, ары қарайғы күнделікті қызметімізді жалғастырдық.
Суицид жайында өз ойыңызды айта кетсеңіз, бұл жаман дертті тоқтатудың қандай жолдары бар, не істеу керек деп ойлайсыз?
– Шынымды айтсам, мен өзімді де есейіп кеттім демеймін, мен де жаспын, бірақ қазіргі менің артымнан келе жатқан бауырларыма қарасам, суицид деген көбейіп кеткенін байқап жүрмін. Бұл мүмкін әр адамның өз тәрбиесі шығар, бірақ балалармен жастайынан осы дерекке қарсы профилактикалық жұмыс жүргізу керек деп ойлаймын. Адам еңбекпен, патриоттық сезіммен ер жетуі тиіс.
Менің ең бірінші ойлайтыным – адамдар бір-біріне көзқарасын өзгертуі керек. Бір-біріне деген қарым-қатынасын нығайтуы қажет. Адам өзі қиын жағдайға түскен кезде сырттан, жан-жағынан көмек күткендей болады. Сол кезде оған көмектесетін бір адам болса, сол дұрыс деп ойлаймын. Сонда ол адам өзінің қоғамға керектігін сезінеді және суицид жайында ойламайтын болады.
Қызмет барысында бұдан басқа да осындай оқиғалармен бетпе-бет келіп көрдіңіз бе?
– Әрине, өзім жұмыс істеп келе жатқан алты жылдай уақытта ондай оқиғалар болды. Бір жас орыс жігіті баспанасы жоқ, далада түнеп жүрген адам болып шықты. Қарағанды қаласында бір гараждарда тұрады екен. Сол жерге жедел жәрдем қызметкерлері және өзіміздің экипажбен бағыт алдық, іздедік. Бізге ол қолын кесіп тастады деген хабарлама келді. Біз ол көп қан жоғалтса, құтқара алмай қаламыз деп ойладық.
Дегенмен, уақытымен жедел көмек көрсетіп, ауруханаға апардық. Бірақ, бұны мен ешқандай да ерлік деп санамаймын. Ол біздің күнделікті жұмысымыз. Біз оны төсбелгі, алғысхат алу үшін деп істемейміз. Біз ант бердік. Осындай патриоттық сезімімізді көріп, артымыздан еріп келе жатқан бауырлар үлгі алады деп ойлаймын. Әр адам бір-біріне көмектессе, сонда ғана мемлекетіміздің іргесі берік болмақ.
Полицей болу – қауіпті қызмет деп жатады. Осы рас па?
– Мәселен, бір адам құлап жатады, келесі адамға көмек керек дегендей, біз сол қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етеміз. Жұмыс барысында қауіпті жағдайлар жиі болады. Жаңағыдай суицид кезінде ең жоғарғы қабаттарда жұмыс істеуге тура келеді. Өзіңнің де құлап кетуің мүмкін. Өйткені, біз барлық жағдайлармен бетпе-бет келіп отырамыз. Сол үшін тек физикалық қана емес, өзімізді ылғи да моральдық, психологиялық тұрғыда да дайындап жүреміз. Бір сөзбен айтқанда, кез келген жағдайға дайын болуымыз керек.
Сізді бұл саланы таңдауға не итермеледі? Қызығушылық болды ма?
– Мен бала кезімде полиция қызметкері болуды армандайтынмын. Мектепті жақсы тәмамдап, колледжді бітірдім. Сосын әскерге кеткеннен кейін тәртіп сақшысы болу туралы шешім қабылдадым.
Ішкі істер органдарында көптеген реформалар жүріп жатыр. Содан бері полиция қызметкерлерінің жағдайы қаншалықты жақсарды? Сіздерге сезіліп жатыр ма?
– Әрине, біздің жалақымызды 65 пайызға көтерді. Бәрі жақсы, пәтер жалдайтын жігіттер бар, оларғада мемлекет көмектесіп жатыр.
Бүгінгі полицейлердің бейнесі Сіз үшін қандай болу керек деп ойлайсыз?
– Халық полиция қызметкерін көрген кезде қорқып емес, керісінше, «мен қорғаушымды көріп тұрмын, мен қауіпсізбін» деген ойға келетіндей болу керек.
Алда келе жатқан Тәуелсіздік күні Сіз үшін несімен құнды?
– Бұл күн егемендігімізді алғанымызбен құнды. Өзіміз жеке мемлекет болып аяққа тұрып, үнемі дамып-қалыптасып келеміз. Өзіміздің мемлекеттік рәміздеріміз бар. Мен осындай бейбіт те тәуелсіз мемлекетте тұрып жатқаным үшін бақыттымын.

Сұхбаттасқан Индира АХМЕТОВА,
суретті түсірген Медет ӘШІРБЕКОВ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*