Ажары кірген Ақжар

Солтүстік Қазақстан облысы, Талшықтағы аудандық Полиция бөлімінің ғимаратында Ұлы Отан соғысының ардагері Сәбит Қасенұлы Қасеновтің құрметіне мемориалдық тақта ашылды.
Мемориалдық тақта ашуды Ақжар ауданы Полиция бөлімінің Ардагерлер кеңесі ұсынды. Ұсынысты Полиция департаменті қолдап, облыстық ономастика комиссиясының шешімінен кейін Тұңғыш Президентікүні қарсаңында салтанатты түрде ашты.
Талшық ауылына милиция полковнигі Сәбит Қасановтің балалары, Нұр-Сұлтан, Петропавл, Көкшетау қалаларынан ардагерлер келді. Олардың бәрі жылдар бойы Ленинскіде, қазіргі Ақжар ауданында құқықтық тәртіп пен жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, өмірлерін ішкі істер органдары қызметіне арнаған. Көпшілігі Сәбит Қасенұлы Қасеновті жақсы білген.
Салтанатты іс-шараға ақсақалдар мен ақжарлық Полиция бөлімінің жеке құрамынан басқа аудан әкімі Ербатыр Мадьяров пен облыстық Полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Марат Төлебаев қатысты.
«Сәбит Қасенұлы ішкі істер органында 34 жыл қызмет атқарып, қатардағы милиционерден полковникке дейін, учаскелік инспектордан аудандық Ішкі істер бөлімінің басшысына дейін жеткен. Оның өмір жолы – әр офицерге хрестоматия. Жас қызметкерлерге одан әдептіліктің, халыққа және заңға шексіз беріле қызмет етудің, адалдықтың, қарапайымдылықтың қыр-сырын үйренуге болады. Қазақта «Ер есімі – ел есінде» деген аталы сөз бар. Лайықты саңлақ офицерлерді, даңқты дәстүрлерді жалғастырушыларды, тәуелсіз елімізді қорғауда нық тұрған офицерлерді тәрбиелеген қазақ халқының ұлының есімі жерлестерінің мәңгі есінде қалады», – деді құттықтау сөзінде облыстық полиция ведомствосының басшысы.
Сәбит Қасенұлы 1926 жылы Арықбалық ауданында туған. 1944 жылы Кеңес Армиясының қатарына шақырылған. 1-ші Белорусь майданының 3-ші Армиясы құрамында Польша, Шығыс Пруссия аумағында соғысқан. Кенигсберг қаласын, Берлинді алуға қатысқан, марапаттары өз алдына және КСРО қарулы күштерінің Жоғары Қолбасшысы Сталиннен жеке алғыс алған, II дәрежелі Ұлы Отан соғысы Орденімен, «Ерлігі үшін», «Кенигсбергті азат еткені үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен және мерейтой медальдарымен марапатталған.
1951 жылы Сәбит Қасенұлы әскерден қайтып, милицияға жұмысқа жіберіледі. Учаскелік инспектордан басшы лауазымына дейін көтерілген. 1974 жылы Ленинское ауданында жаңадан құрылған аудандық ІІБ бастығы лауазымына тағайындалып, 11 жылдан астам уақыт қызмет атқарған. 1985 жылы құрмет демалысына шығады.
Ашылу рәсімі аяқталып, гүл шоқтары қойылғаннан кейін ардагерлер аудандық Полиция бөліміндегі музей бөлмесін ашты. Музейге жергілікті тұрғындардың көмегімен, ауданның ішкі істер органдары тарихынан сыр шертетін жәдігерлер мен фотосуреттер жиналған. Сәбит Қасенұлының туыстары да музейге ардагердің кителін, фуражкасын және өмірі мен қызметі туралы материалдар жинақталған дискіні сыйға тартты.
Сол күні Ақжар ауданының активіне және аудандық Полиция бөлінісінің жеке құрамына Ақжар ауданы Полиция бөлімінің жаңа бастығы, 45 жастағы полиция подполковнигі Еркін Махметов таныстырылды. Еркін Болатұлы 2002 жылдан бері ішкі істер органдарында қызмет етеді. Бұған дейін Уәлиханов ауданы ПБ бастығының тергеу жөніндегі орынбасары қызметін атқарған.
Облыс полициясының басшысы жаңа тағайындалған аудандық бөлініс бастығына мал ұрлығының алдын алу, аса ірі қылмысқа жол бермеу жөнінде нақты тапсырмалар берді. Елді мекендердегі полицейлердің материалдық-техникалық базасын нығайту үшін Кіші Қараой ауылдық округінде қызмет көрсететін учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Әділбек Әлжановқа «Нива» автомашинасының кілті табысталды. Сондай-ақ, жаңа қызметтік автомашинаның кілті Уәлиханов ауданының учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Қуаныш Қойбағаровқа, ауданнан шалғай жатқан Қулыкөл ауылдық округіндегі құқықтық тәртіпке жауап беретін полиция капитаны Қуаныш Қойбағаровқа табыс етілді.

Юрий КЛЫКОВ, Солтүстік Қазақстан облысы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*