Бар үміт – жастарда

Көлік полицейлері елордадағы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенттерімен кездесті.
Шара барысында екі тарап басшылары «ҚР ІІМ Көліктегі полиция департаменті мен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті арасындағы ынтымақтастық және өзара іс-қимыл туралы» меморандумға қол қойды. Оған Көліктегі ПД бастығының орынбасары, полиция полковнигі Абзал Жұматаев және ЕҰУ-дың өкілі Дихан Қамзабекұлы қатысты. Сондай-ақ, жас полиция қызметкерлері де шақырылды.
Кездесудің мақсаты – полиция қызметкерлерінің қоғаммен, оның ішінде жастармен тиімді байланысын орнату, ішкі істер органдарының сервистік моделіне көшуін студенттерге таныстыру, сондай-ақ, жастарды ІІО-ға жұмысқа тарту мен көлік полициясының оң имиджін арттыру.
Абзал Жұматаев кездесуді аша отырып, еліміздің жас буын өкілдеріне үлкен үміт артылғандығын және студенттерге оқытудың практикаға бағытталған бағдарламасының заманауи талаптарын жеткізді. «Тергеу-криминалистикалық, сондай-ақ, криминалдық полиция саласы бойынша алғашқы полицейлік курстарға оқыту 6 ай мерзімді құрайды, ал басқа лауазымдар бойынша – 3 ай», – деп атап өтті полиция полковнигі.
Еуразия ұлттық университеті мамандарының даярлық деңгейлерінің жоғарылығын ескере отырып, департамент осы оқу орнын бітірушілер қатарынан ішкі істер органдарына қызметке үміткерлерді іріктеп, оларды әртүрлі полицейлік қызмет бағыттары бойынша Ішкі істер министрлігінің ведомстволық оқу орындарының базасында алғашқы даярлықтан өткізуді ұсынды. Осы іс-шара аясында студенттерге департаменттің қызметі және ішкі істер органдарына қызметке қалай келу керектігі туралы презентация ұсынылды.
Бүгінгі таңда полиция қызметінің республика бойынша сервистік үлгіге көшуін енгізумен, халықтың тәртіп сақшылармен өзара қарым-қатынасы жаңа форматқа шығады, атап айтқанда, полицияның азаматтар үшін ашықтығы мен қолжетімділігі арта түседі. «Қазіргі қоғам полиция қызметкерлеріне жоғары талаптар қоюда. Осыған байланысты, полиция қызметкерлері қатарында жоғары мақсатқа жетуді және өз қызметін адал атқаруды қалайтын білімді, адал әрі белсенді жастар қызмет етуі тиіс», – деді Абзал Жұматаев.
Кездесу соңында Көліктегі ПД Арнайы және жұмылдыру даярлығы мен Жедел криминалистикалық басқармасының қызметкерлері ІІО қызметкерлерінің нысанды киімдерін, арнайы құралдары мен қаруларын көрсетті. Сондай-ақ, департаменттің Кинологиялық қызмет орталығының өкілі Қ. Байпақбаев «Doddi» атты қызметтік іздестіру итімен жарылғыш заттарды іздестіру жұмысын көрсетті. Студенттер криминалистикалық чемодандармен және қызметтік-іздестіру итінің жұмысымен жақын танысуға мүмкіндік алды.

Көліктегі ПД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*