Қылмыстар 16 пайызға қысқарды

26 қарашада Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Шамшидин Амитовтің қатысуымен брифинг өтті.
«2019 жылдың 10 айында облыс көлемінде 5011 қылмыс тіркеліп, 2018 жылдың есепті мерзімімен салыстырғанда 16 пайызға төмендеді.
Қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу, оларды болдырмау, ашу бағытындағы профилактикалық жұмыстар күшейтілді. Осыған орай, патрульдік полиция қызметінің негізгі жұмыс критерийі ретінде жолда жүру ережелерін анықтау емес, қоғамдық жерлерде, оның ішінде көпқабатты үйлердің аулалары мен халық көп шоғырланған аймақтарды аралау, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстарына жұмылдырылды. Яғни, автопатрульден жаяу бағыттарды арттырып, неғұрлым қылмыстар мен құқық бұзушылықтар көп орын алатын аймақтарға ауыстырылды», – деді полиция полковнигі.
Оның айтуынша, кезең-кезеңмен департамент аппаратының қызметкерлерінен құралған арнайы топтарды аудан орталықтарына жіберіп, рейдтік іс-шаралар жүргізу тәжірибесі енгізілген. Бұл бағыттағы жұмыстар барлық аудандарда өз жалғасын табуда. Апта сайын «Құқық тәртібі», «Түнгі қала», «Қауіпсіз аула», «Квадрат» атты қысқа мерзімді жедел-профилактикалық іс-шаралар жүргізілуде. Халықтың полицияға деген сенім деңгейін арттыру мақсатында «Ауладағы қабылдау», «Жолда қабылдау» акциялары өтіп жатыр. Акция барысында тұрғындармен тығыз қарым-қатынас орнатып, олардың арыз-шағымдары мен шешілмеген мәселелері сол жерде қаралып, нақты жауаптар мен түсіндірмелер берілуде.
«Қазіргі таңда мал ұрлығы – күрделі мәселелердің бірі. Мал ұрлықтарының алдын алуға және ашуға бағытталған кешенді іс-шаралар қабылдануда. Атап айтқанда, жолдарда мал тасымалдайтын көлік құралдарын тексеру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Тиісті құжаттарсыз (малдың төлқұжаты жоқ немесе ветеринарлық анықтамасы жоқ, таңбалары мен сырғаларындағы нөмірлері сәйкес келмеу деректері) мал тасымалдаған көлік құралдары анықталған жағдайда полиция бөлімдеріне жеткізіліп, ветеринария қызметімен бірлесіп тексеру, есепке алу жұмыстары жүргізілуде. Осындай қабылданған шаралар нәтижесінде мал ұрлығы қылмыстарының саны 9,6 пайызға төмендеді, – деді Шамшадин Амитов.
Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, апаттардың алдын алу бағытында барлық себеп-салдарды көрсете отырып, облыс әкімінің атына бірнеше ұсыныстар келтірілді. Бұл бағытта жұмыстар өз жалғасын табатын болады.
Есепті мерзімде полиция қызметкерлерімен жол жүру ережесін бұзғаны үшін 121 мыңнан астам құқық бұзушылық анықталып, әкімшілік шаралар көрілген, олардың ішінде 35 мыңға жуық құқық бұзушылық – жол апатына тікелей әсер ететін өрескел бұзушылықтар. Көлік құралын мас күйде басқарған 1288 жүргізуші анықталып, оларға әкімшілік шара қолданылды.

Қызылорда облысы ПД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*