Елбасының қолтаңбасы

Елімізде 1 желтоқсанда жыл сайын Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні аталып өтеді. 2011 жылдан бастау алған бұл мемлекеттік мереке – Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың мемлекет алдындағы жетістіктерін тану мақсатымен ұйымдастырылған.
Бұл мереке Елбасымыз өзі келіп танысып, ұйым тарихында естелік қалдырған ұжым үшін ерекше ыстық. Сондай ұжымдардың бірі – Ішкі істер министрлігінің Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай Академиясы. Егер оқу ордасының мұражайын аралар болсаңыз, оның қақ төрінде Елбасымыз қолтаңбасын қалдырған альбомды көрер едіңіз. Ал сол тарихи сәттерді келушілердің, соның ішінде курсанттардың есінде мықтап қалдыру үшін академия басшылығы Елбасының қолтаңба қалдыру сәтінің суреті мен қолтаңбасының үлгісін үлкен баннер етіп дайындап, қабырғаға ілген. Өйткені, бұл оқу орынының тарихындағы ең бір биік белес деуге болады. Ол – академия үшін абырой болса, курсанттар үшін мақтаныш.
«Бұл сапар 1997 жылы болған еді. Ол біз үшін айтулы жыл болды. Өйткені, академиямызға Президент Н.Ә. Назарбаев келіп, ішкі істер органдарының қызметкерлерін сапалы дайындауға бағытталған педагогикалық ұжым жұмысына жоғары баға берді. Біз Елбасымыздың берген осы асыл бағасын түсіріп алмау үшін күні-түні талмай еңбек етіп келеміз. «Ұстаздық еткен жалықпас» демекші, біздің оқу орнымыздың қабырғасынан елімізге танымал қаншама ішкі істер органдарының қызметкерлері қанат қағып ұшты. Ендеше, Қостанай Академиясы құқық қорғау саласы қызметкерлерінің ұстаханасы боп қала бермек», – дейді бізді мұражаймен таныстырған академия қызметкері Орынбасар Уақбаева.
Осы сапарында Президент Н.Ә. Назарбаев академияның құрметті қонақтары кітабында: «Қостанайдың жоғары милиция мектебінің қызметкерлеріне және тыңдаушыларына Отанымызға мінсіз адал қызмет етуін тілеймін», – деген қолтаңба қалдырған екен. Бұл тілектестік еліміздегі ордалы оқу орнын осы күнгі биігіне көтеріп отыр. Академия қабырғасында оқу мұражайының болуының өзі білім орны басшылығының тарихқа құрметпен қарайтынын білдірсе керек.
Әрине, болашақ жас мамандарды тәрбиелеуде де мұражайдың орны бөлек екені анық. Ал мұндағы жәдігерлердің әрқайсысының өз орны бар. Олар – тарих куәгерлері. Академия ұжымы мақтаныш тұтатын сондай тарихи оқиғаның бірі – оқу ордасына Шырақбек Қабылбаевтың есімі берілгендігі. Соған сәйкес, мұражайдағы ерекше орынды мемлекет және қоғам қайраткері, Қаз КСР-і Ішкі істер министрі, генерал-лейтенант Шырақбек Қабылбайұлы Қабылбаевқа арналған экспозициясы алады.
Ш. Қабылбаевтың ел алдындағы қызметін, ішкі істер органдары саласындағы мемлекеттік және кадрлық саясатты жетілдіруге қосқан үлесін ескере отырып және есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында 2014 жылғы 9 желтоқсанда Үкіметтің №1287 қаулысымен ІІМ-нің Қостанай Академиясына Шырақбек Қабылбайұлы Қабылбаевтың құрметті есімі берілді.
Шырақбек Қабылбаев 1908 жылы Семей облысы, Абралы ауданында дүниеге келген. 1931 жылы Семей педагогикалық колледжін бітірген. Екі рет министр болған азамат. 1954 жылы Қазақстанның Орталық комитетінің коммунистік партиясының шешімі бойынша Ішкі істер министрі болып тағайындалды. Осы қызметте 1959 жылға дейін қызмет еткен ол 1967 жылдың 12 сәуірінде ол екінші рет Қаз КСР-і Ішкі істер министрі болып тағайын¬далды. Көп кешікпей оған Ішкі қызметтің генерал-лейтенант атағы берілді. Бұл сол кездегі республика Ішкі істер министріне берілген ең алғашқы жоғарғы атақ болатын.
Одан бөлек, Ш. Қабыл¬баев Еңбек Қызыл Ту орденімен, Ленин орденімен, «Қызыл жұлдыз» орденімен, Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен, КСРО ІІМ Құрмет грамотасымен, «КСРО Қарулы күштеріне – 40 жыл», «1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысындағы қажырлы еңбегі үшін», І, ІІ, ІІІ дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін», «Тың жерді игергені үшін» медальдарымен, «Советтік милицияға – 50 жыл», «В.И. Лениннің туғанына – 100 жыл» мерейтойлық медальдарымен, «КСРО Мемлекет шекарасын күзетуде ерекшелігі үшін», «КСРО Қарулы күштеріне – 10 жыл», «Қоғамдық тәртіпті күзету бойынша ерекше қызметі үшін» медальдарымен марапатталған. Мұражайда тұрған бұл жәдігерлердің қай-қайсысының да еліміздің тарихы үшін, жас ұрпақ тәрбиесі үшін қосар үлесі орасан.
Академия музейіндегі келесі экспозиция Қостанай заң институтының бірінші бастығы, ІІМ еңбегі сіңірген қызметкері, Халықаралық Ақпараттандыру Академиясының академигі, құқықтану доценті, ішкі қызмет генерал-майоры Талап Қабденовке арналған. Оның әскери қызмет жолындағы бой түзеуі, табандылығы, сондай-ақ, үлкен өмірлік тәжірибесі және ұйымшылдық қабілеті мен көптеген басқа да қасиеттері – осында білім алып жатқан келешек құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне үлгі болып табылады.
Талап Қабденұлы қызмет еткен жылдары институтта негізгі және қосымша мектеп ғимараттары салынып, көптеген факультеттер құрылды, оқу аудиториялары жабдықталды. 1000 тыңдаушыларға арналған асхана, медициналық бөлім, монша, әскери-дала лагері, институттың типографиясы ашылды.
1997 жылдың 1 наурызында Президент қаулысымен ІІМ Қостанай жоғарғы мектебіне оқу орнының Туы тапсырылды. Ол – милицияның ар-намысының, ерлігінің және даңқының символы.
Бір сөзбен айтқанда, академия мұражайынан оқу ордасының негізі қаланған 1971 жылдан бергі естеліктерді табуға болады. Мұндағы жәдігерлер бір жүйеге түсірілген фотосуреттердің, сыйлықтардың және кубоктардың жинағы болып табылады, сонымен қатар, Академияның Құрметті қонақтарының кітабы мен оқу орнының үздік курсанттарының фотосуреттері орналастырылған Алтын кітабы бар.

Нұрлан ОРАЗҒАЛИЕВ
Нұр-Сұлтан – Қостанай – Нұр-Сұлтан,
суреттерді түсірген автор

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*