Алты адамды құтқарған аға сержант

Қазіргі бейбіт күнде тосын оқиғаларда тосылып қалмай, шұғыл шешім қабылдап, өзгелердің өмірін құтқарып, ерлігімен елге танылып, қызметтік борышы мен адамгершілігін танытып жүрген ерлеріміз қаншама.
Солардың бірі – Ақмола облысы Мамандандырылған күзет қызметі басқармасының №2 полиция батальонының қызметкері, полиция аға сержанты Асқар Нұғманов.
Қазан айының 28-і күні таңғы сағат 06:30 шамасында Дамса ауылының Ерлік көшесіндегі көпқабатты үйлердің бірінен өрт шығады. Асқар көршілерінің шулаған дауысынан оянып, далаға шығады. Ол пәтерлердің бірінде өрт болып жатқанын көреді де, дереу өрт сөндіру қызметіне хабарлап, артынша тұрғындармен бірге көршілес пәтерлердегі тұрғындарды құтқаруға кіріседі. Өзі бірден өрт болып жатқан пәтерге беттейді.
Бұл кез өрт өршіп, «тілсіз жаудың» қаупі арта түскен еді. Соған қарамастан полиция аға сержанты өрттің ортасынан 6 адамды құтқарып алып шықты. Олардың екеуі ересек адам болса, төртеуі балалар еді.
Мұндай бейбіт күндегі ерлік қандай да құрметке лайық әрі жастарға үлгі. Пәтер иелері мен көршілері полиция аға сержанты Асқар Нұғмановқа өрт сөндірушілерге хабар беріп, құтқару жұмыстарына белсенді түрде атсалысқаны үшін шын көңілден үлкен алғыстарын білдірді.

Қ. ТАСБОЛАТОВ,
Ақмола облысы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*