Диагнозы қойылмаған дерт

Төтенше жағдайлардың алдын алу – адамзаттың қауіпсіздігі үшін қоғамның түрлі қауіп-қатерден сақтануы. Ол пайда болу себептеріне қарай табиғи сипаттағы және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларға бөлінеді
Соңғы климаттық өзгерістер салдарынан әлем елдерінде жылына жүздеген ауыр және орташа климаттық төтенше жағдайлар орын алады. Бұл техногендік сипаттағы зілзалалар ескертпестен келіп, мыңдаған, миллиондаған жандардың жанын құрбан етуде. 2002 жылы Йоханнесбургте өткен тұрақты даму жөніндегі Бүкіләлемдік саммитте әлем елдерінің ядролық, технологиялық прогрестің аса жылдамдықпен даму салдарынан табиғи құбылыстардың 70 пайызы жоғалу қаупінде тұр деп жар салған болатын. Бұл өзекті мәселе әлем елдерінің әлі күнге дейін күн тәртібінен түскен емес.
Тек 2019 жылғы үш айда республикамыздың өртке қарсы қызмет бөлімшелері дабыл бойынша 7 804 шақыруға барған, ол былтырғы жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 0,46% көп екен.
Өрттерді сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстарын жүргізу барысында 1 674 адам құтқарылды және 5 121 эвакуацияланды. Бұл көрсеткіштің өзі еліміздегі техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың адам өміріне тигізер қаупін дәлелдей түсуде. Қазіргі әлем ғалымдары арасында табиғатты қорғау мақсатында күн және су энергиясы арқылы жылу тарату, электроэнергиясын қолдану мәселелері кеңінен талқылануда. Осы мақсатта Нұр-Сұлтан қаласында әйгілі ЭКСПО-2017 шарасына әлемнің 52 мемлекетінен көптеген ғалымдар келіп қатысқан еді. Қазақстан да 2050 стратегиясында 2011 жылдан бастап жасыл экономика атты табиғи капиталды пайдалану бағдарламасын жүзеге асырып келеді.
Мұның барлығы әлемдегі және еліміздегі төтенше жағдайлардың алдын алу үшін жасалып жатқан игі шаралардың бастамасы. Еліміз бойынша биылғы көктемгі су тасқындарының алдын алу шаралары бойынша ауқымды «Көктем-2019» жылғы командалық-штабтық республикалық оқу жаттығу өткен болатын. Оған еліміз бойынша Ішкі істер министрлігіне қарасты төтенше жағдайлардың барлық құрылымдық бөлімшелері қатысты.
«Дабыл-1001» және «Барыс-2002» дауылды оқу-жаттығулары барысында «Қазавтожол» ұйымымен бірлесіп 472 су тасқыны қаупі бар аймақта жұмыстар жүргізілді.
Оқу-жаттығуға 34 әуе күштерінің ұшақтары жұмылдырылып, 309 жолдағы тамақтандыру пункті, 308 азық-түлікпен қамтамасыз ету орталықтары дайындық барысын көрсетті. Жеке кәсіпкерлермен 1 мыңнан аса келісім шарттарға қол қойылды. 193 шақырымға созылған бұзылып кету қаупі бар дамбылар жөнделді. Сонымен қатар, 5 мыңнан астам адам жұмылдырылған іс-шарада Омск, Түмен облысының құтқарушылары да атсалысты.
Жалпы алғанда аталмыш іс-шара төтенше жағдайлардың дайындық барысы мен халықты түрлі зауалдардан құтқару барысындағы жұмыстардың нақты қорытындысын шығарып берді десек артық айтқандық болмас.
Көп жағдайда төтенше жағдай азаматтардың қауіпсіздікті сақтамауынан да болады. Мысалға алсақ, үй ішінде темекі тарту, пешке, тағы да басқа өрт қаупі бар құрылғыларға немқұрайлы қарау салдарынан өрт салдары туындайды. Бұл да қазіргі қоғамдағы диагнозы қойылмаған дерттің бірі. Мыңдаған адам осы немқұрайлық салдарынан не өзі, не өзгелерді жазым етуде.
Сала қызметкерлері төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында үй-үйді аралап түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Ақпараттық-насихаттық жұмыс та ауқымды түрде өтіп тұрады. Қазірдің өзінде елімізде төтенше жағдайлардан құтқарушы мамандарды дайындау жұмыстарын да дұрыс жолға қойған. Мысалға алар болсақ, Көкшетау техникалық институты, азаматтық қорғаныс колледжі жылына мыңға жуық мамандарды дайындап шығаруда. Жалпы алғанда әрқайсымыздың өміріміз Жаратқанның қолында дегенімізбен, қолдан жасап алған кенеттен келген өлімге өзіміз себепкер болатын сияқтымыз.
Жүздеген азамат төтенше жағдайлар уақытында азаматтық белсенділік танытып, көптеген азаматтарды өлімнен құтқарған оқиғалары жиі кездеседі. Мысалға алар болсақ, Ресей елінде өртеніп жатқан автобустан 48 адамды құтқарып қалған қазақ жігітінің есімі әлемдік әлеуметтік желілерде кеңінен танылған еді. Демек, әрбір саналы азамат төтеннен келер қауіптің алдын алуға атсалысып, дер кезінде шара қолдануға жұмыла кіріскені абзал болары сөзсіз.

Индира АХМЕТОВА

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*