Суицидтің үш түрі

Қазақ халқының тарихын зерттеп, үңіліп қарайтын болсақ, «суицид» деген сөздің болмағаны белгілі. Адамдардың өзіне-өзі қол жұмсау жағдайлары бірен-саран орын алған шығар, ал қазіргі жағдайда мұндай фактілер күнделікті жағдайға айналып бара жатқандай. Тіптен етіміз де үйреніп кеткендей.
Сондықтан да болар, еліміз суицид көрсеткіші бойынша дүниежүзі елдерінің небір алпауыт мемлекеттерін басып озып, алдыңғы орындардан көрінуде.
Ресми статистикаға сүйенсек, 2019 жылдың 10 айында елімізде 3250 суицид фактісі орын алған (2018 жылмен салыстырғанда 9,1%-ға артқан), оның ішінде 2541-і ер азаматтар, 666-сы – әйелдер, 138-і – 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер, сондай-ақ, 3938 суицид жасауға әрекет тіркелсе (2018 жылмен салыстырғанда 12,4%-ға артқан), оның 2240-ы – ер азаматтар, 1629-ы – әйелдер, 282-сі – жасөспірімдер.
Негізінен, жыл басынан бері суицид фактілері Шығыс Қазақстан (359), Алматы (322), Қостанай (250), Қарағанды (247) облыстарында жиі орын алып отыр.
Бүгінгі таңда, әсіресе, жастар мен жеткіншектердің арасындағы суицид фактілері өршіп келеді. Әрине, ойланарлық жағдай. Бұл жаман дертті тоқтатудың қандай жолдары бар, не істеу керек, себебі неде деген сауалдар әрқайсымыздың көкірегімізден, санамыздан кетпей тұр.
Қуантарлығы, мемлекет тарапынан да бұл салаға лайықты көңіл бөлініп, қаржылық қолдау жасалуда. Қазір білім ошақтарында арнайы психолог штаты ашылып, мектеп бағдарламаларында психология тақырыбы бойынша дәрістер енгізіле бастады.
Зерттеу жасаған ғалымдардың пікірі бойынша, суицидтің үш түрі бар екен. Оның біріншісі – шынайы суицид. Мұндай жағдайда адам өмірден түңіледі, үнемі көңілсіз жүреді. Өмір сүрудің мән-маңызын жоғалтады. Ақыры өзіне-өзі қол жұмсауға бел байлайды.
Екіншісі – жариялы суицид. Әдетте, мұндай жолды таңдағандар өлместен бұрын өлгісі келетіндігіне өзгелердің назарын барынша аударуға бейім тұрады. Мәселен, біреумен ренжіссе болғаны, қолына суық қару немесе арқан-жіп ала жүгіріп, «өлем» деп өзгелерді қорқытқысы келетіндер осы топқа жатады.
Ал үшінші бір түрі – жасырын, яғни құпия суицид. Бұған барғандар өзіне-өзі қол жұмсаудың жақсы еместігін, абырой әпермейтінін жақсы түсінеді. Алайда, оларға тірлікте кездескен қиындықтан шығатын жол жоқ болып көрінеді. Бұған көпшілігінде нашақорлар мен ішімдікке салынып кеткендер дайын тұрады.
Зерттеулер нәтижесі бойынша суицидтің мынадай себептерін айрықша бөліп айтуға болады: қиын жағдайға тап болып, ал одан шығар жолдың, яғни болашақтың жоқтығына көзі жеткен адамдардың өзін-өзі өлтіруі (226 жағдай), қаржының жоқтығы, қарызға батуы, несиені төлей алмауы (136), жазылмайтын ауруға ұшырағанын білу (122), бақытсыз махаббаттың зардабы, отбасынан, балаларынан ажырауы (98), жеке өмірде, қызметте, қоғамда әділетсіздіктен зардап шегу, жақын адамдардың опасыздығы, сатқындығы (123), аяқ астынан пайда болған қиыншылық, басқа адамдардың қорлығы және т.б.
Осы аталған себептердің барлығы да адамның болмысына, қадір-қасиетіне, ар-намысына үлкен рухани залал келтіретіні сөзсіз. Сондықтан қазіргі заңнамада өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу бойынша жазалаудың түрлері белгіленген.
Қылмыстық кодексте «Өзiн-өзi өлтіруге дейін жеткізу» деген арнайы 105-бап қарастырылған. Бұл бап бойынша жәбiрленушiнi қорқыту, оған қатыгездікпен қарау немесе оның адами қадір-қасиетін үнемі қорлау арқылы адамды өзiн-өзi өлтіруге дейін немесе өзiн-өзi өлтіруге баруға дейін жеткізу әрекеті үшін үш жылға дейiнгi мерзімге бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы белгіленген. Осы баптың 2 және 3-тармақтарымен жазаның қаталдау түрлері қолданылатын негіздері айқындалған.
Қазіргі экономикалық даму мен ақпараттандырудың заманында, бір сөзбен айтқанда жаһандану заманында адамдардың психологиясы, түйсігі, санасы күрделі өзгерістерге ұшырауда. Адамдар өмірдің, тағдырдың талқысына қарсы тұруға дәрменсіз. Қиыншылықтан шығатын жол іздеудің орнына, адамдар рухани құлдыраудың құлы болып, өмірімен қош айтысуда.
Қазақ халқы қай кезде де өз ұрпағын тек қазақы тәрбиемен, атаның сөзімен, ақылдың даналығымен тәрбиелеген. Баланың бойындағы барлық адами қасиеті ана сүтімен дарыған. Ата-ананың бала тәрбиесіне ықпалы күшті болатын. Қандай да бір отбасына қиындық келген кезде көпшілік болып жұмылып, оны жеңетін жол тауып, не мәселе болса да бірлесіп шешіп отырған.
Қазіргі уақытта еліміздің, халқымыздың жағдайы жақсы, экономикасы, әлеуеті дамыған басқа елдерден көш ілгері берекелі елде тұрып жатырмыз. Ең бастысы, қабырғамыз бүтін, малымыз аман, басымыз сау.
Әрбір азаматқа немен айналысамын, қай саланы меңгеремін, қандай оқу оқимын деп ниет білдіргендерге мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалған. Жастарымыз шетелде оқып, білім алып, ел дамуына өз үлесін қосып жатыр, қаншама жастарымыз жас болса да жауапты жұмыстарды абыроймен атқарып жүр.
Республика бойынша былтыр өткізілген «100 жаңа есім» жобасы республика жұртшылығына, жастарға үлкен бағыт-бағдар берді, сабақ болды. Бұл жоба ең бастысы, алдына белгілі бір мақсат қойған әрбір азамат өз білімінің, ерік-жігерінің, талпынысының арқасында кез келген жетістікке жете алатынын дәлелдеді.
Өкінішке орай, көптеген жастарымыз алға ұмтылудың орнына, нәпсінің жетегінде кетіп жатыр. Қоғамда да, отбасында да әрбір адамның орны бөлек. Бәрі де тікелей тәрбиеге байланысты. Ешкім баласын жаман болсын демейтін шығар. Сондықтан барлық нәрсе отбасындағы тәрбиеге, ата-анаға тікелей қатысты, ал қоғам, жүрген орта, мектеп, ұстаздар, басқа мемлекеттік органдар ата-ананың негізгі көмекшілері болулары тиіс.
Осы бағытта орын алған проблемаға көз жұмып қарамай, қоғам болып қолға алу қажет. Суицид деген ауыр дертті өмірімізден аластатуымыз керек.
Әрбір адамның өмірі ең бірінші кезекте өзі үшін маңызды және ешкімде өз бетінше өз өмірін үзуге адами қақы жоқ. Қандай бір қиындық тап келсе де, өз өмірін қию арқылы мәселе шешілмейді. Кез келген мәселенің шешімі бар, ал адамға өмір бір-ақ рет беріледі.
Адасып жүрген жастарымыздың санасын өзгертуге, жаман ойлардан арылтуға, дұрыс жолды таңдауына бәріміздің қажырлы да бірлескен іс-әрекетіміз қажет. Жауапкершілік бәрімізге бірдей әрі ортақ. Ата-ана өз баласы үшін жауапты, мұғалім-ұстаздардың да, қоғамның да жауапкершілігі олардың құзыреті шегінде белгіленген.
Сондықтан әзірге суицид тақырыбы қоғамдағы маңызды мәселелердің бірі болып қала береді, алдағы уақытта тек қана қоғам болып жұмыла кірісіп, бұл дертті жеңеміз деген сенімдеміз.

Индира АХМЕТОВА

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*