Офицерлер отбасы

Әйел адамның табиғатында қатар өрілетін нәзіктік пен сұлулық оның жаратылысының ерекшелігі екенін дәлелдеудің қажеті жоқ. Ал Жаратқан әйелге деген осы бір баға жетпес сыйына қайсарлық пен еңбекқорлықты қосып берсе, құба-құп.
Гүлназ Мұқатайқызының жан-дүниесіне үңілсеңіз, нағыз әйелге тән әдемілікпен қатар, ер азаматқа тән қайсарлық пен табандылыққа да тап боласыз. Сыртынан сүйсінген адам тал бойынан мін таба алмайтын осы бір әйелдің сырт келбеті ғана емес, өмір асулары да кез келген пенденің маңдайына жазыла бермейтін биіктігімен ерекшеленеді.
Гүлназ Мұқатайқызының ішкі істер органдарында сіңірген еңбегі де ерен. Енді оның осы салаға келу тарихын баяндамас бұрын өскен ортасымен, тәрбие алған отбасымен, бала кездегі арманымен таныс болайық.
Әкесі Мұқатай ауылға сыйлы азамат болатын. Саналы ғұмырында Семей облысы, Жарма ауданы, Қапан бұлақ кеңшарында бас инженер қызметін атқарса, анасы Рысбүбі сол кеңшарда қойма меңгеруші болған. Олардың отбасы қонақжай еді. Ауылға ат басын тірейтін беделді адамдар әрдайым Мұқатай ақсақалдың төрінен табылатын. Отбасында жеті ағайынды, Гүлназ солардың бесіншісі еді. Алдындағы екі апайы мен екі ағасына көмекші, кішкене сіңілісі Гүлшатқа қамқоршы болды. Қызметімен қоса, қонақтарын да келістіріп күтіп алып, жолымен шығарып салуға үлгеретін анасына қол ұшын беріп жүріп, кішкентай Гүлназ да үй шаруасына өте зерек бала болып өсті. «Істегенің маған жақсы, үйренгенің өзіңе жақсы» деген тәрбиемен өскені расында да көрініп-ақ тұр.
Бәрімізде тұлымымыз желпілдеп, ес біле бастаған кезден-ақ болашақта кім болатынымыз жайлы армандағанымыз рас. Сондықтан да шығар, «Армансыз адам – қанатсыз құспен тең» деген сөз бала санамызға мықтап бекіп, қиял қанатымен әлемді шарлап жүретініміз. Гүлназ мектепте жүргенде-ақ желеңді дәрігер болуды армандайтын.
1998 жылы мектеп бітірісімен Өскемен қаласындағы медициналық колледжге түсіп, оны 2001 жылы үздік аяқтап, мейірбике ісі мамандығын алып шығады. Ары қарай өз мамандығымен жұмыс істемесе де, тағдыр оны тәртіп сақтау саласына алып келді. Ішкі істер органдарындағы ең алғашқы еңбек жолын 2001 жылы Шығыс Қазақстан облысы бойынша ҚАЖД ОВ-156/21 мекемесінде бақылаушылар қызметі бөлімінің тұрғын аймақ бойынша маман-бақылаушысы лауазымынан бастады.
Гүлназдың азуын айға білеген оқу орны – Қазақ мемлекеттік Заң университетінің заң факультетіне сырттай түсуіне, оны ойдағыдай бітіріп шығуына бастамашы болған алдындағы апайлары мен ағалары еді.
2009 жылдың наурыз айынан 2012 жылдың қыркүйек айы аралығында ОВ-156/21 мекемесінің тәртіп бөлімшесінің байланыс инженері лауазымында қызмет атқарса, 2012 жылдың қыркүйек айынан 2018 жылдың мамыр айына дейін осы мекеменің жедел бөлімінің жедел уәкілі лауазымында жұмыс істеді.
2018 жылдың мамыр айынан бастап мекемедегі ең үлкен бақылаушылар қызметі бөлімін басқарып отыр. Қарамағында қырықтан аса қызметкер жұмыс істейді. Осы қызмет атқарған уақытында Гүлназ жас та болса өз практикалық тәжірибесімен бөлісуден, жастарға білгенін үйретуден шаршаған емес.
2011-2012 жылдары Атырау қаласында жаңадан ашылған әйелдер түзеу мекемесіне жеке құрамға жұмыс бабын үйрету мақсатында тәжірибелік көмек көрсетуге де барып, өз тәжірибесімен бөліскен. Ол тәлімгер ретінде жас қызметкерлерге мамандығын меңгеруге көмек көрсетіп, лауазымдық міндетін түсіндіруге, өз мысалымен қызметтік міндеттер мен тапсырмаларды сапалы орындаудың практикалық тәсілдері мен әдістерін көрсетуден шаршамайды. Кішіпейілдік пен ұқыптылық танытуға, тәкаппарлыққа жол бермеуге үйретеді. Жас маманның жігерлі, іскерлік және моральдық-адамгершілік қасиеттерін, оның қызметке, ұжымға, азаматтарға қарым-қатынасын, тұрмыстық жағдайын, әуестігін, бейімін, бос уақыттағы байланыстарын зерделеп, мәселелерін шешуге көмектеседі.
Ерен еңбегі үшін ҚАЖК-нен Қазақстан полициясының 25 жылдығына орай кеуде белгісімен марапатталса, бірнеше мәрте ҚАЖК, ҚАЖД және мекеме бастығының құқығымен алғыс хаттармен марапатталған. Сонымен қатар, 2-ші және 3-ші дәрежелі «Ішкі істер органындағы мінсіз қызметі үшін» медальдарына ие.
Ал бүгінде қай салада болмасын жастардың атқарып отырған жұмысы мен жеткен жетістіктерін саралау, еліміздің ертеңіне сеніммен қарауға негіз болатындай. Осы салада Гүлназдың үлкен ағасы, әділет полковнигі Ғалымжан Мұқатайұлы Шығыс Қазақстан облысы бойынша ҚАЖ департаменті бастығының орынбасары лауазымында қызмет атқарса, артынан ерген кіші сіңілісі Гүлшат та ҚАЖД ОВ-156/21 мекемесінде жедел бөлімінің жедел уәкілі лауазымында қызмет істейді.
Біз де жас та болса бас болған, ерен еңбек иесі, кәсіби біліктіліктің тәжірибеден тамыр тартып, уақыттың мөлшерімен өлшенетінін ескерсек, әділет майоры Гүлназ Мұқатайқызының қылмыстық атқару саласында қызмет атқарып келе жатқанына он сегіз жылдан асыпты. Ел үшін атқарып келе жатқан қиын да ауыртпалығы мол қызметінде оған тек биіктерден көріне берсін демекпіз.

Рысхан ОРЫНҒОЖИНА, Шығыс Қазақстан облысы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*