Қапар ЖАПАРҒАЛИЕВ: Денсаулығы – құрыштай, рухы – қылыштай

Кешегі күні ел ішінде қанатты сөзге айналған «Милиция – менің қорғаным» деген қалтқысыз сенімнің жауапкершілігін арқалауға екінің бірі жүрегі дауалап тәуекел ете алмағаны анық. Сондай жауапты жұмысты мойымай мойнымен көтере білген, саналы ғұмырын ішкі істер органында қызмет етуге арнаған, елінің ерекше құрметіне ие болған Қапар Жапарғалиев 80 жасқа толып отыр. Сексеннің сеңгіріне шыққан милиция капитанының өмірлік ұстанымы – «адамдарға қолдан келгенше көмектесу, қайырымды болу».
Ассалаумағалейкүм, ақсақал! Сексенге толған мерейлі жасыңыз құтты болсын! Оқырмандарымызға өзіңіз, қызмет жолыңыз, отбасыңыз туралы әңгімелеп бересіз бе?
– Мен 1939 жылғы зобалаң заманда дүниеге келіппін. Еңбек жолымды 1961 жылы сол кездегі Андреевка ауданының полиция бөлімшесінде тергеуші болып бастадым. Құқық қорғау саласында аттай 20 жыл қызмет атқарып, 1985 жылы зейнетке шықтым.
Құдайға шүкір, қазіргі уақытта 4 баламнан 12 немере мен 2 шөбере сүйдім. «Әке көрген оқ жонар» демекші, бір ұлым Ауған жеріндегі әскери борышын атқарып келген соң, Алматы қаласының полициясында қызмет атқарды. Қазіргі уақытта бір немеремнің Талдықорған қаласының Полиция басқармасында тергеуші болып, ата жолын жалғағанын мақтаныш тұтамын.
Қапар аға, енді қылмысты ашу барысындағы ерекше бір оқиға туралы айта отырсаңыз?
– 1967 жылы ауданда мал ұрлығы көбейіп, ел іші дүрлігісіп кетті. Екі ай бойы қазіргі Алакөл ауданы мен жақын аудандарда іздестіру жұмыстарын жүргіздім. Нәтижесінде мал ұрлығына қатысы бар деген күдікке ілінген 4 адамды ұстадым. Күдіктілердің қорасынан ұрланған 50 шақты жылқыны тәркіледік. Сөйтіп, елдің ақ-адал бағып-өсіріп отырған қаншама малын өздеріне бұйыртып, алғыстарын алдық.
Басқа да мыңдаған тәртіпсіздікті тоқтатуға атсалыстық, қаншама қылмыскерлерді тұтқындадық. Былайша айтқанда, отпен алыстық қой, шырағым. Ол үшін өкінбеймін де. Өйткені, бұл өзіміздің армандап, сүйіп таңдаған жұмысымыз болды. Қазір ғой, екінің бірі полиция қатарына қаңбақтай қаңғалақтап жүріп, кездейсоқ келіп жатады.
Ендеше сұхбатымызды осы бүгінгі тәртіп сақшылары туралы өрбітсек.
– Сөзімді жалғастырсам, ішкі істер органдарында кездейсоқтық деген болмауы керек. Бұл – халықтың тағдыры, тыныштығы үшін басыңмен, жаныңмен жауап беретін жер. Сол үшін бұл салаға әуелден ниет қылып, сосын ойланып-толғанып барып келгенің жөн.
Неге полиция қызметкерлеріне қатысты көптеген сын айтылады? Қайда қарасаңыз да, қаланың, ауылдың қақ ортасында қаншама қыршыннан қиылған жастардың өмірі, осы сынды көптеген келеңсіз оқиғалар көбейіп кетті. Тіпті полиция қызметкерлерінің бір-біріне оқ атып жатқанын да естіп жатыр мына құлағымыз. Мен бұған қатты қиналамын, ұяламын.
Әрине, «бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» демекші, бүгінгі полицияның бәрін бірдей жаман деуге болмайды. Олай деп тон пішу – әділетсіздік. Біз полиция қызметінің жақсы жағын да көбірек айтуымыз керек. Мен «Saqshy» газетін, «Полиция.kz» журналын оқығанда, полиция қызметкерлерінің жанкештілігіне риза боламын, олардың қаншама суицидке барғалы жатқан жастарымызды аман алып қалғаны, қаншама қылмыстың алдын алғандары туралы оқығанымда көзіме еріксіз жас келеді. Бізге осындай полиция керек!
Тәртіп сақшылары алдымен адамдардың құқын қорғауы, қылмыспен, оның алдын алумен күрес жүргізуі керек. Қылмыстың «барометрі» қарапайым халықтың әлеуметтік жағдайына байланысты болады. Елде әділдік болмай, қымбатшылық пен жұмыссыздық жайлағанда қылмыс өршиді. Керісінше болғанда қылмыс азаяды. Сондықтан да ел-елде, жер-жерде көптеген жұмыс орындары ашылып жатыр.
Осы сұхбатты пайдалана отырып, бүгінгі Ішкі істер министріне өз ришалығымды да білдіре кетсем деймін. Күнде теледидардан көріп, газеттерден оқып жатырмыз. Қаншама әділдік іздеген жандардың мұң-мұқтажына құлақ түріп, оларды ай сайын, апта сайын қабылдап, мәселелерін шешуге жан-тәнімен атсалысуда. Халықпен ашық жұмыс істеу деген осындай болу керек.
Бұрынғы кеңестік заманда «милиция – менің қорғаным» деген санаға сіңген ұғым болатын, ал енді қазір көпшілік «полиция – менің қорғаным» деп айта ала ма? Айта алуы үшін не істеу кеерк деп ойлайсыз?
– Иә, күні кешеге дейін милицияны бүкіл халық ерекше құрмет тұтқандықтан, әрбір жас бала өскенде милиционер болуды армандайтын. Ал бүгінгі таңда ел аузы полицияны қарапайым халықтың қорғаушысынан көрі, «қорлаушысына» айналды деген сөзді де айтып қалып жатады. Бірақ, бұлай көпке топырақ шашуға болмайды. Менің айтарым, көшеде кетіп бара жатқан қарапайым адамға жұдырығын ала жүгіріп, дене жарақатын салған, тіпті, бір-бірімен тапанша кезесіп жатқан полиция қызметкерлері жөнінде де естіп-көріп жатамыз. Ал бұл қарапайым халық тарапынан полиция қызметкерлеріне деген сенімді азайта түсетіні белгілі. Олай болса, әрбір тәртіп сақшысын жұмысқа аларда қатаң талап керек, оларды тиісті сынақтан өткізу, яғни аттестаттау керек!
Нақты айтқанда, құқық қорғау саласында жүрген азаматтардың біліктілігі, білімділігі, кәсібилігі ауадай қажет. Сондықтан сапалы іріктеудің мақсаты – құқық қорғау жүйесі қызметкерлерінің кәсіби дайындық деңгейін және олардың қазіргі заманғы талаптарға сәйкестігін анықтау, органдарды моральдық-адамгершілік қасиеттері төмен және жемқорлық әрекеті арқылы жалпы мемлекеттің беделін түсiретін біліксіз қызметкерлерден тазарту. Сондай-ақ, «полицей» деген құрметті атқа кір келтірген, жемқорлық және басқа қылмысы үшін қызметтен қуылған полиция қызметкерлері құқық қорғау органдары қатарына ешқашан қайтып оралмауы тиіс. Ал полиция қызметкерлері арасында өнегелі ерлігімен көзге түскен бүгінгі күннің батырларының ерлігін насихаттап, халыққа кеңінен танытса, нұр үстіне нұр болар еді. Сонымен бірге, әрбір полиция қызметкерінің денсаулығы – құрыштай, рухы – қылыштай болуы шарт.
Алдымызда Тұңғыш Президент күні, одан кейін Тәуелсіздік күні келе жатыр, осыған орай бірауыз лебізіңізді де білдіре отырсаңыз.
– Айтулы мерекемен барша қазақ елін шын жүрегіммен құттықтаймын! Бір айда екі ерекше мерекемізді тойлауды нәсіп қылыпты Алла Тағаламыз. Тәуелсіздік күні құтты болсын! Тәуелсіздік – қасиетті бойтұмарымыз болса, оның негізін қалаған Елбасымызды құрметтеу, оның мәртебесін арттыру – бү¬кіл халқымыздың құрметтелгені, мәртебесінің артқаны деп түсінгеніміз жөн.
Қазақстанның құрылуы мен дамуындағы Ұлт көшбасшысының тарихи рөлі өте ерекше. Елбасы саясатымен жасалып жатқан реформалар мемлекетіміздің дамуына зор септігін тигізуде. Елбасымыздың сол салиқалы саясатының нәтижесінде Тәуелсіз қазақ елі қалыптасып отыр. Осы егемендігіміз арқасында тарихымыз түгенделіп, тіліміз, дініміз қайта оралып, мемлекетіміздің ұлттық рәміздері қабылданды. Міне, Президентіміз әрқашан осындай жарқын істердің шыңынан табылып отыр. Күнтізбемізге қызыл белгімен енетін бұл күннің еліміз үшін орны әсте бөлек. Себебі, өзінің жеке мемлекеттік рәміздері бар Тәуелсіз еліміздің уығын қадап, шаңырағын көтеріп, іргесін берік бекіткен Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың халық алдында, мемлекет алдында еңбегі орасан зор екенін ешқайсымыздың да ойдан шығармағанымыз абзал. Тәуелсіздігіміз – тұғырлы, мемлекеттігіміз – ғұмырлы болсын дегім келеді.
Салиқалы сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан Бауыржан БЕРІКҰЛЫ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*