«Абай жаққан бір сәуле…»

Қызылорда қаласындағы ЗК-169/5 мекемесінің қызметкерлері мен Қызылорда облыстық прокуратурасының ұйымдастыруымен осы мекемеде жазасын өтеушілер арасында Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай сайыс өтті.
Сайыстың негізгі мақсаты – жазасын өтеушілерге Абай шығармашылығын насихаттау арқылы қазақ мәдениетіне, тілі мен әдебиетіне деген ықыласын арттыру.
Байқауға әр жасақтан «Қыран», «Тұлпар», «Барыс» командалары қатысты. Ереже бойынша олар Абай шығармаларын немесе қарасөздерін жатқа оқу, Абай шығармаларынан қойылған сұрақтарға жауап беру, ребус шешу, әр топтан бір сотталған жеке өзінің шығармашылығы бойынша Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай өлең шығарып, жатқа айтып беру сияқты сындардан сүрінбей өтулері қажет.
Қатысушылардың өнерін Қызылорда облысы прокуратурасының басқарма бастығы Азамат Баянбайұлы, Қызылорда облыстық прокуратурасының басқарма прокуроры Ерлан Жоланов және Қызылорда қаласы жалпы білім беретін кешкі мектеп директоры А. Абашова бастаған қазылар алқасы бағалады. Олар қатысушылардың көркем мәтінді нақышына келтіріп, шығарманың мазмұнын толық аша алатындай оқу шеберлігіне, шығарманы шебер орындау қабілетіне, ақынның көркемдігі өте жоғары, гуманистік мазмұндағы шығармаларын таңдау ерекшелігіне баса назар аударады.
Тартысты өткен сайыстың қорытындысы бойынша І орынды «Тұлпар» командасы, ІІ орынды «Барыс» командасы, ал ІІІ орынды «Қыран» командасы қанжығасына байлады.
Жарыс соңында жеңімпаз командалар грамотамен марапатталып, оларға естелік сыйлықтар табыс етілді. Осы қызықты да тартысты өткен сайысты мекемеде жазасын өтеуші 127 сотталған тамашалады. Олардың арасынан да сұрақ-жауапқа толық жауап берген 2 азамат та марапатталды.

Дана ДОСТАНОВА,
Қызылорда облысы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*