Қарты бар елдің қазынасы мол

ІІМ Б. Момышұлы атындағы Оқу орталығының бастығы, полиция полковнигі Қ. Тілеубердиевтің бастамасымен «Қарты бар елдің қазынасы бар» атты қайырымдылық акциясы өтті.
Оқу орталығының жеке құрамы мен ауыспалы құрам тыңдаушылары оқу орталығында қызмет етіп, көп жылғы еңбегін ішкі істер саласының кадр даярлау мәселесіне арнаған, қоғамдық тәртіп пен елдің дамуы жолында тер төккен ішкі істер органдары ардагерлерінің жағдайын сұрап, көңілдерін біліп қайтты. Тек мереке күндері ғана емес, жылдың қай мезгілінде де көмек қолын ұсынуға даяр тұратын Оқу орталығының ұжымы бұл жолы да ардагерлердің жай-күйін білуді ұмытқан жоқ. Ардагерлермен байланысты әрдайым нығайту жолында түрлі шаралар өткізіліп тұрады.
«Кәріге құрмет – балаға міндет», – дейді халқымыз. Қазыналы қарияларды құрметтеуді мақсат еткен Оқу орталығының тыңдаушылары ардагерлердің үйінде біршама істер атқарды. Ағымдағы жылдың үшінші қабылдауындағы тыңдаушылар отставкідегі полиция қызметкерлерінің үйіне барып, тағылымы терең әңгімеден сусындап қайтты. Сондай-ақ, ер жігіттер күзгі жапыраққа толған ауланы тазартып, тұрмыстық заттарға керекті жөндеу жұмыстарын жүргізсе, қыздар жағы үй ішін тазалап, асүй жұмыстарына көмектесті.
«Адам сәбиінде бір бала, қартайғанда тағы бала» демекші, ардагерлеріміз балаша қуанып, алғыстарын жаудырып жатты. Үлкеннің батасын алып, қанаттарына қуат біткен тыңдаушылар көргені көп, тәжірибелі жандармен тікелей сұхбаттасу арқылы таңдаған мамандықтарының қыр-сырын, ардагерлердің қызметтегі қызықты сәттерін сұрады.
Жас ұрпақты адамгершілікке, патриоттық рухта тәрбиелеуге бағыттайтын мұндай қайырымдылық шаралар Оқу орталығында алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.

Ақерке ӘЗТАЙ, Шымкент қаласы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*