Ардагерлер Алматыда демалады

Тұңғыш Президент күні қарсаңында солтүстікқазақстандық полиция ардагерлері шипажайға жолдама алды.
Әдетте кешке қарай Петропавл темір жол вокзалында адам көп: «Петропавл-Алматы» бағытындағы пойыз қозғалғалы тұр. Жүздері жайнаған зейнеткерлер көп халықтың арасынан ерекше көзге түседі. Полиция қызметкерлері олардың жүктерін көтеріп, қолғабыс етуде. Түгендесіп, әзілдесіп, топпен естелік суретке түсу – солтүстікқазақстандық ішкі істер органдары ардагерлерінің Алматы қаласындағы ведомстволық сауықтыру шипажайына бет алған сәті.
«Тұңғыш Президент күні қарсаңында Полиция департаменті бастығы, полиция полковнигі Марат Төлебаевтың бастамасымен, Полиция департаменті Ардагерлер кеңесінің қолдауымен жиырма ақсақал сауығу үшін «Қазақстан шипажайына» жол жүреді, – деді Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Қапез Дәулетбаев. – Топ құрамында облыс аудандарынан, сондай-ақ, Петропавл қаласынан да зейнеткерлер бар. Ардагерлердің арасында ең үлкені – 78 жаста, ең жасы – 51-де. Олар шипажайда 10 күн демалады. Ұйымдастыру мәселелеріне қол ұшын беру мақсатында ардагерлермен бірге ПД Кадр саясаты басқармасынан полиция офицері жіберілді».
Жолға шыққандардың ішінде 2013 жылы полиция капитаны шенінде зейнетке шыққан 51 жастағы Еркебұлан Жамұқов та бар. Көп жылдар бойы Тимирязев және Шал ақын аудандарында учаскелік полиция инспекторы қызметін атқарды. Қытымыр аязды Петропавлдан замандастарымен бірге Алматы қаласындағы шипажайға жолға шыққан зейнеткер қуанышын жасыра алмады: «Демалуға мүмкіндік жасаған Полиция департаменті басшылығына, Ардагерлер кеңесіне алғысым шексіз. Бізді, яғни зейнеткерлерді басшылықтың назардан тыс қалдырмағаны қуантады. Жыл сайын ішкі істер органдарының ардагерлері осындай мүмкіндікке ие болады, бұл игі іс», – деді зейнеткер.
Айта кетсек, соңғы жылдары 150-ден астам солтүстікқазақстандық зейнеткер ведомстволық шипажайға барып қайтты. Барлық жолдама мерекелерге орайластырылып беріледі, бұл демалушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлайды және тәртіп сақшыларының көп жылғы ауыр еңбегі еленіп, мемлекетпен бағаланғанын білдіреді.

Юрий КЛЫКОВ, Солтүстік Қазақстан облысы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*