Пробация қызметін қалыптастырудың маңызы

Адамдардың қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауының алдын алу үшін олардың мінез-құлқын түзеуге бағытталған бақылау және әлеуметтік-құқықтық сипаттағы қызмет түрлері мен жеке айқындалатын шаралар жүйесін қалыптастыру – бізді дамыған елдер қатарына қосатын тетіктердің негізі.
Болмысынан өмір сүру барысында қателеспеген адам кем де кем, не болмаса мүлдем жоқ шығар. Бірақ, сол қателіктері қылмыспен астасып жатқандардың да саны аз емес. Бұл өкінішті жағдай. Көбінесе, сот тарапынан мұндай адамдардың қылмыстық іс-әрекетінен келтірілген зиян мөлшері ескеріледі. Қоғамға қауіпті деп танылғандары мәжбүрлі түрде оқшауланып, ал оқшаулаудың қажеті жоқ деп танылғандары бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза түрлеріне тартылуда.
Бүгінгі күндері осы негіздегі бірқатар қызметтік міндеттерді пробация қызметі жүзеге асыруда. Пробация қызметінің қалыптасу тарихы мен елімізде осы қызмет түрін қолдану қажеттілігінің туындауы, жүзеге асырылуы мен ары қарай жетілу жолдары қандай болмақ? Бұл ғалым-зерттеушілердің еңшісінде. Ал маңызы неде?
Кез келген адамның өміріндегі қарым-қатынастарды реттеумен қатысты әрекет етуші заңдарда кездесетін сәйкессіздіктер адамның тағдырына тікелей жасалатын қиянат деген пікірдемін. Мысалы, адам өлтіру қылмысын жасаушы адамға қатысты кез келген негізгі жазалардағы басты мақсат – әділдікті қалыпқа келтіру мақсатында қанға-қан не болмаса қоғамнан уақытша оқшаулап, сотталушыға белгілі бір өмір сүруге мүмкіндіктер беру. Қазақстан Республикасында ұстанған саясатқа сәйкес, қылмысы үшін өлім жазасы Қылмыстық кодексте айрықша көзделген қылмыстық әрекеттері үшін тағайындалуы мүмкін. Дегенмен, атқарылуы жүзеге асырылмауда. Сондықтан елімізде, қылмыстық атқаруды жүзеге асыру кезінде сотталғандарға өмір сүруге және өмір сүру үшін дұрыс қалыпқа түсуіне соңғы мүмкіндік беру аясында қылмыстық-құқықтық саясат әрекет етуде. Орынды. Теориялық түрде дұрыс саналғанмен іс жүзінде еліміздегі қылмыстық-атқару жүйесі осыған сәйкес нысанда дамыды ма? Не себепті кәнігі адам өлтіруден ләззат алатын, психикалық қозбасы бар дертті адам біреуді өлтіргені үшін белгілі бір уақыт қоғамнан оқшауланып, кейін тағайындалған жазаны өтегеннен кейін бостандыққа шығуы тиіс?
Конституцияға сәйкес адам құқықтарын қорғау саласында Халықаралық Конвенциялармен бірге қылмыстық және қылмыстық атқару заңнамасын ізгілендіру жолына баса назар аударылады. Қазақстанның құқықтық саясаты басымдылығының бірі осы. Бұл ереже негізінде біз бірінші заңды сақтау жолындағы адамдардың құқықтарын қорғауды басты назарға алуымыз қажет.
Мемлекеттің басты стратегиялық құжаты деп белгіленетін саяси курсқа негізделе отырып, Президенттің «Ұлт жоспары – 100 нақты қадам» бағдарламасы «заңның үстемдік құруының қамтамасыз ету жүйесінің реформалауы – бас бостандығынан айыру мекемелерінен босап шыққан және пробация қызметтерінің есебіндегі азаматтарды әлеуметтік оңалту жүйесін құрайды» делінген.
Жалпы, «пробация» сөзі – заң термині, ол ең алдымен англосаксондық мемлекеттерде басым түрде қолданыста болып, (ағылшын тілінен аударғанда probation – сынақ дегенді білдіреді) нақтырақ айтқанда – шартты түрде айыптаудың кескіні. Пробация – есепте түрған адамды бақылау мен оның тәртібіне талаптар қою ғана емес, оған көрсетілетін оңалту, әлеуметтік көмек болып табылады.
Енді осы пробацияның қысқаша пайда болу, қалыптасу тарихына тоқталатын болсақ, кейбір зерттеушілер пробация қызметінің пайда болу мәселесіне қатысты пенитинциарлық ғылымның негізін салушылар – Д. Говард (1726-1790 ж.ж.) және И. Бентам (1748-1832 ж.ж.) Ұлыбританияның өзінде пробация қызметінің пайда болғанын мойындап отыр. Ұзақ ғасырлар бойы Англияда құқық бұзушы азаматтарды абақтыға қамау арқылы жазалау түрі сол уақыттағы судьялардың қылмыс жасаған азаматтарға қолдана алатын жалғыз жаза түрі болды. Алайда, жүз жыл бұрын, яғни 1907 жылы ағылшын елінің парламенті алғаш рет «Құқық бұзушылар пробациясы туралы актіні» қабылдады. Бұл судьяларға абақтыға қамау арқылы жазалауға балама болатын басқа түрлі жазалау нұсқаларын қолдануға мүмкіндік берді. Сол уақыттан бастап Ұлыбританияда құқық бұзушыларды абақтыға қамау арқылы жазалауға балама болатын жазалардың толық бір шаралар шоғыры жүзеге асырылды. Алғашқы пробация қызметі Англияда 1870 жылы пайда болды. Әлем бойынша жаңадан бір қылмыстық атқарудағы жүйенің пайда болуы осылайша өрбіді деп айтсақ та болады.
Ал Қазақстанда пробация қызметінің негізгі кезеңдері мен құрылу өзгешіліктеріне келер болсақ, әрине, бірінші өзіндік тарихымызға үңілуіміз қажет. Қазақстан екі ғасырдай Ресей империясының құрамында, кейін КСРО құрамында болды. Осыған байланысты қылмыстық және қылмыстық атқару заңнамасының дамуы мен құрылуы өзара байланысты да, ортақ тарихы мен Қазақстан тәуелсіздігін алғанға дейін дамуы ортақ болды. Қазақстанның заманға сай қылмыстық заңнамасы іс жүзінде екі тұжырымдамалық мақсатқа негізделеді, бір жағынан ауыр, аса ауыр қылмыстарды, рецидив қылмыстарды жасағаны үшін кінәлі деп танылған адамдарға қатаң жаза шаралары қарастырылатын және қолданылатын қылмыстық қол сұғушылықтардан қоғам және мемлекет, адам қауіпсіздігін қорғауына жоғары кепілдікті қамтамасыз ету, ал өзге жақтан қылмыстық-құқықтық ықпал ету шараларын ізгілендіру.
1919 жылы мәжбүрлі жұмыстарды орындайтын алғашқы мекемелер құрылып, РКФСР Халық әділет комиссириатының жазалаушы бөлімінің басшылығында болған «Мәжбүрлі жұмыстар бюросы» (атқарушылық – іс жүргізу жұмыстары) деп аталды, оның құрылымдық бөліністері кейін жергілікті жерлерде құрыла бастады. Аталған ведомство сотталғандарды түзеу жұмыстарына, белгілі бір қызметке тұру немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айырылуға, міндетті түрде еңбекке тартумен шартты түрде сотталғандарға, шартты түрде босатылғандарға, сондай-ақ, үкімнің орындалуы шектелуімен міндетті түрде тартылумен шартты түрде босатылғандарға қатысты бақылау-қадағалау функциялары жүктелген болатын.
Атқару жұмыстарының орындалуын басқаратын органдарға жүктелетін міндеттер көлемінің артуы, жұмысқа орналасу, сотталғандарға бақылау жасау, сондай-ақ, оларды тәрбиелеу бойынша функциялардың кеңеюі, еңбек жұмыстары бюросының түзеу жұмыстарының инспекциясына, кейін олардың өкілеттіктерінің елеулі кеңеюіне байланысты түзеу жұмыстары мен жұмысқа орналасу инспекцияларына айналып, 1933 жылы бекітілді.
1970-1980 жылдары шартты түрде еңбекке тартумен сотталғанды және шартты түрде босатылғанды атқаратын мекемелердің және органдарының дамуының елеулі үлкен тиімділігін көрсетті.
Оларға сотталғандарға қатысты бақылау-қадағалау функцияларын орындауды талап ететін жазаларды және өзге шараларды орындау жүктелді.
КСРО ІІМ бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазаларды орындау қызметтеріндегі міндеттерді төмендегідей белгілеген болатын:
а) бас бостандығынан айыру ортасы халық шаруашылығының кәсіпорындарында және құрылыстарда сотталғандарды еңбекке тартумен қысқартылу және шартты түрдегі жазалармен ауыстырылу керек. Жаңа қызметке сотталғандарды еңбек ұжымдарында қоғамды тартумен, сотталғандарды орналастыру жерлерінде үлгілі тәртіпті қолдап тұрумен қайта тәрбиелеу қажет;
б) одақтық және автономдық республикаларының ІІМ, өңірлік облыстық атқару комитеттерінің ІІБ басшылары, қалалық және аудандық ішкі істер органдарының бастықтары жаңа қызметке үнемі көмек көрсетіп отыруы керек, әсіресе шартты түрде сотталғандардың және шартты түрде босап шыққандардың еңбектік қайта тәрбиеленуіне және оқытылуына көмек көрсетуге міндетті;
в) жаңа қызметті жоғары білікті кадрлармен, заңгерлермен, экономистермен, педагогтармен, психологтармен жинақтауы аса ерекше маңыз;
г) қылмыстардың және өзге құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған шартты түрде сотталғандардың (босап шыққандарды) арасында алдын алу қызметін табандылықпен жетілдіру қажет.
Қазақстан Республикасы өз тәуелсіздігін алғаннан кейін осындай талапшыл ережелері бар, бір орталықтандырылған басқару саясаты негізінде әрекет ететін қылмыстық атқару жүйесіне қатысты өзгерісті енгізу қажет болды. Сол себепті пробация қызметі енгізілді.
Қазақстанда болған пробация қызметіндегі қылмыстық атқару инспекцияларының трансформациясы және пробацияның ұлттық үлгісінің болашағы бас бостандығынан айыру түріндегі жаза баламаларының дамытуын және қолданылуын құқықтық, әдістемелік және тәжірибелік қамтамасыз етумен біртұтас еді. Дегенмен, БАҚ арқылы белгілі болып жатқан оқиғалар әлі де пробация қызметін жүйелендіру, қолданылу бойынша заң талаптарына белгілі бір өзгерістерді қажет ететіндігін білдіреді.
Бұл мақалада негізінен пробация қызметінің қалыптасу тарихы шетелде басталғанын, біздің Отанымызға жаза түрі ретінде күнделікті бақылау түсінігінде ғана қамтылғандығын көрсеткім келді. Ал тақырыпты таңдағандағы негізгі мақсатым да болашақта заңды құрметтеген адамдардың құқықтарының сақталуын қамтамасыз ету аясында пробация қызметінің жүйесіне оңтайлы өзгерістер мен толықтыруларды енгізу бойынша ұсынымдар жасау болып табылады.

А. БЕРДЕКЕШОВА, Қызылорда облысы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*