Байланысты нығайтуға ниетті

Ішкі істер министрінің тапсырмасына сәйкес және Өзбекстандағы Қазақстан жылы аясында 11-13 қараша аралығында Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы, генерал-лейтенант Руслан Жақсылықов бастаған делегация Өзбекстан Республикасы Ұлттық ұланының қызметімен танысып қайтты.
Келіссөздер барысында Өзбекстан Ұлттық ұланының қолбасшысы, генерал-полковник Баходир Ташматов әртүрлі салаларда, оның ішінде әскери кадрларды даярлау бойынша ынтымақтастықты нығайтуға ынталы екенін айтып өтті. Сондай-ақ, ҚР Ұлттық ұланында тұрған қазақстандық өндірістегі әскери оқу-жаттығу тренажерлар кешенін сатып алуға ниеттіліктерін білдірді.
– Алдында Өзбекстанның Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы және менің орынбасарым Сіздердің арнайы мақсаттағы бөлімшелерге арналған Жауынгерлік және әдістемелік дайындау орталығына барып, оның мүмкіндіктеріне тәнті болып қайтқан еді. Бізге тренажерлар кешені, нақты айтқанда, әскери техниканы жүргізу, гранатометшілерді дайындау, рикошетке қарсы мүмкіндікке ие мобильді тактикалық трансформер тирі және ату мен жоюды имитациялайтын лазерлік ату тирі ұнады, – деді Баходир Ташматов.
Өз кезегінде Руслан Жақсылықов жылы шырайлы қабылдау көрсеткені үшін әріптесіне алғысын білдіріп, қазақтандық Ұлттық ұлан ынтымақтастыққа ашық және қызметтік-жауынгерлік әрекетті ұйымдастыру мәселесінде тәжірибемен бөлісуге дайын екенін жеткізді.
– Заманауи тренажерлік кешендерді қолдану әскери мамандарды дайындау сапасын аңғұрлым көтереді, сондай-ақ, оқу базаларының жаттығуларға дайындық уақытын қысқартады, жеке құрамды түгелдей қамтиды. Бір ерекшелігі, бұл тренажерлар ресурстардың шығынын азайтады, ең бастысы оқ-дәрінің шығыны болмайды. Тек осы жылдың бірінші жартыжылдығында ғана бізде 1,5 млрд теңгеден аса қаржы үнемделді. Осының өзі тренажерлардың түгелдей құнын жапты, – деп атап өтті Руслан Жақсылықов.
Қазақстандық делегация сапар барысында 65921 әскери бөлімнің, «Темурбеклар мактаби» телекоммуникациялық басымдығы бар республикалық әскери-академиялық лицейінің, «Чирчик» жалпы әскери полигонының, сондай-ақ, Өзбекстанның Қарулы Күштері Академиясының қызметімен танысты.
Келіссөздер нәтижесі бойынша тараптар екіжақты қарым-қатынасты одан әрі қарай нығайтуға келісті.

Ұлттық ұланның баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*