Әскерден жалтарғандардың жазасы ауыр

Әскери міндетін орындау – Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес, әрбір азаматтың қасиетті борышы. «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» ҚР Заңына сәйкес, он сегіз бен жиырма жеті жас аралығындағы азаматтар мерзімді әскери қызметке баруға міндетті. Ал, әскери өмір жастар үшін үлгі-өнеге, өзінше бір тәрбие.
Дегенмен де, бүгінгі күні әскерге барудан жалтарып жүрген жастар көп. Олардың басым бөлігінің денсаулығы жарамсыз болса, ендігі бір бөлігі түрлі сылтаулармен әскерге барудан бас тартып жатады. Қулық жасап, жалтаратындар да бар екені жасарын емес.
Әскер қатарына шақыру қағазын алса да, әскери комиссариатқа әдейі келмейтіндердің қатары басым. Оларға арнайы полиция арқылы іздеу салынып, алдырылады. Тіпті, прокуратура қылмыстық іс қозғап, сотқа өткізуге де құқы бар.
Әскерден әдейі қашқақтағандар қылмыстық жауапкершілікке тартылатындығын естерінде ұстауы қажет. Оларға үлкен көлемде айыппұл салынады немесе бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеп, түзеу жұмыстарына жіберіледі.
Сондай-ақ, әскерге бармау үшін өзінің денсаулығына зиян келтіру арқылы «науқаспын» деп жалған айтудың да үлкен айыбы бар. Ал егер әскерге шақырылушы тексеру органы істі сотқа бергенге дейін әскери шақыру бөліміне өз еркімен келсе, онда ол қылмыстық жауапкершіліктен босатылады.
Бүгінде Елбасымыздың сындарлы саясатының арқасында шекарамыз шегенделіп, ел аумағының іргесі айқындалды. Қазақстанның Қарулы күштері де жыл ¬санап дамып келеді. Соңғы үлгідегі заманауи техникалармен жарақтандырылды. Құрылым өзгеріп, қорғаныс саласы цифрландыру жүйесіне көшуде. Әскери техникалар жетілдіріліп, электронды басқару құралдары көбейді. Ең бастысы, еліміздің қорғаныс қабілетін нығайтып, заманға сай кәсіби әскер құруға басты көңіл бөлінуде. Ал ел іргесінің берік, қорғанысымыздың мықты болуы әскердегі, әскери бөлімдердегі сардарларлар мен Отанға қызмет етуге аттанып жатқан жігіттердің, сарбаздардың қолында.
Сондықтан әрбір жас елді қорғау ісін жоғары жауапкершілікпен сезіне алуы тиіс.
Тәуелсіз, жас мемлекетіміздің аспаны ашық, күні жарқын болуы үшін мықты әскер қажет екені сөзсіз. Шекарамыз бүтін, іргеміз берік болу үшін де ұлттық әскеріміздің мән-маңызы зор. Өйткені әскер – ел қорғаны.

Индира АХМЕТОВА

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*