Өз жобасын ұсынды

Қазіргі таңда Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің орфографиялық комиссиясы латын графикасы негізінде дайындалған жаңа әліпби нұсқаларын талқылап жатыр.
Өткен жұма күні ұйымдастырылған кезекті отырыста газетіміздің бас редакторы Ескендір Тасболат өзі дайындаған әліпби нұсқасын таныстырды. Бұл жоба газетіміздің соңғы екі санында жарияланғанын еске сала кетейік.
Е. Ерғалиұлы қазақ тілінің болашақ әліпбиі ағылшын тілінің емле ерекшеліктеріне барынша жақындатылып жасалуы керектігін алға тартады. Бұл ағылшын тілінің заңдылықтарын көшіре салу емес, оның керек тұстарын өзімізге алуды білдіреді. Қазақ тілінде дыбыс көп, ал әріптеріміз пернетақтадағы негізгі әріптер блогынан асып кетпеуі тиіс. Сондықтан артық дыбыстарды таңбалау үшін ешкім түсінбейтін жаңа әріптерді ойлап таба бермей, ағылшын тіліндегі бүкіл әлем білетін, кез келген адам оқи алатын диграфтар мен кейбір заңдылықтарды алған тиімді екендігін алға тартты.
Баяндама барысында бас редактор қазіргі қабылданған латын әліпбиіне «ц» дыбысының енбей қалғанын сынға алды.
– «Ц» дыбысын бүгінгі қазақ тілінен алып тастау мүмкін емес. Біріншіден, «ц» әрпі бар сөздер орыс тілі арқылы біздің тілімізге түбегейлі еніп кетті. Одан біз арыла қоюымыз екіталай. Мысалы, полицияны полисия, циркті сирк, доцентті досент деп кім айтады?
Екіншіден, бүкіл әлем жаңа тілдерді үйреніп, жаңа сөздерді игеріп жатқанда, біз бұрыннан сіңісті болып кеткен сөздерімізді қайтадан өзгертумен әуреленіп жатсақ, дамыған елдер көшінің соңында қаламыз. Бұл тілді дамытатын емес, керісінше тоқырататын, халықты тілден бездіретін қадам. Сондықтан «ц» дыбысы әліпбиімізде болуы тиіс және оны «С» қарпімен жазу қажет, – деді ол.
Расында осы әріптің болмауына байланысты ішкі істер саласында «полиция», «офицер», «милиция» секілді сөздерді жазуда қиындық туындап жүргені белгілі.

Бауыржан БЕРІКҰЛЫ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*