Дәстүрлі шара жалғасын тапты

Дәстүрге айналған «Жолда қабылдау» акциясы қарашаның 15-16 күндері өз жалғасын тапты. Өткен айдан бері бұл шара жаңа форматта өтіп жатқанын айта кетейік. Бұл жолы да көптеген ел тұрғындары тәртіп сақшыларына өз сауалдарын тікелей қойып, жауаптарын алды.

Шымкент қаласының ПД
Қалалық Полиция департаментінің қызметкерлері өткізген «Жолда қабылдау» республикалық акциясы барысында 754 адам келіп, өз сұрақтарына қажетті жауаптарын алды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – азаматтардың құқықтық сауатын және олардың жол қауіпсіздігі ережелерін сақтаудағы жауапкершілігін арттыру, тұрғындарға құқықтық көмек көрсету, қоғам мен билік арасындағы байланыс алаңын кеңейту, азаматтардың жеке түсініктері мен жауапкершіліктерін сезіндіру, жол апаты келеңсіздіктерінің алдын алып, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, миграциялық заңдылықты сақтау, азаматтардың полицияға деген сенімін арттыру болып табылады.
***

Батыс Қазақстан облысының ПД
Акцияның алғашқы күні полиция қызметіне 133 адам түрлі сауалдарымен жүгінді.
Облыстық Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры М. Аблазимов акцияға өзі бастап қатысып, тұрғындардың ұсыныстарын, сауалдарын тыңдап, шешу мәселелерін қарастырды.
Облыстың әр ауданында арнайы штаб құрылып, тұрғындардың сауалдарына жауап берілді.
«Policebqo» Инстаграм парақшасы арқылы тікелей эфирде азаматтардан келіп түскен сұрақтарға да сол сәтте жауап қайтарылды.
Алғашқы күні «Policebqo» инстаграм парақшасында жүргізілген тікелей эфир арқылы Батыс Қазақстан облысы ПД бастығының бірінші орынбасары С. Сүйінбаев халыққа сұхбат беріп, өткізіліп жатқан іс-шараның мақсаты мен міндеттеріне тоқталды.
Сонымен қатар, учаскелік полиция инспекторлары жергілікті атқарушы органдармен, тұрғын үй инспекцияларымен бірлесіп, тұрғын үйлердің аулаларында азаматтарды қабылдау жұмыстарын ұйымдастырды.
Айта кетейік, акцияның 7 кезеңі бойынша тұрғындардан 2892 өтініш келіп түсті, оның ішінде 109-ы сенім телефондары арқылы.
2892 өтініштің 2881-і сол сәтте қаралып, шешімін тапты.
***

Маңғыстау облысының ПД
3 шағын ауданда Ақтау қаласы Полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасыры, полиция подполковнигі Қалдымұрад Айғарақовтың және Ақтау қаласының учаскелік полиция инспекторларының қатысумен «Аулада қабылдау», «Жолда қабылдау» акциялары ұйымдастырылды.
Шара барысында тұрғындардың арыз-шағымдарын, ұсыныстарын тыңдап, шешу жолдары қарастырылып, бірқатар кеңес берілді. Тұрғындардың басым көпшілігі аулада бейнекамера орнату жолдары, көліктерді дұрыс тұраққа орналастыру заңдылығы, балалар қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі мәселелер және жаяу жүргіншіге арналған жолақтар салу, ауладағы қаңғыбас иттерден сақтану жөнінде инспекторлармен сұрақ-жауап алмасты.
Бірінші шағын аудан тұрғыны Гилал Мамедов 29-үй және спорт алаңының ортасымен автокөліктердің белгіленбеген жолмен жүруін тексеруге өтініш білдірді.
Осы шағын ауданның тұрғыны Раиса Леонова көршілерімен бірге шағын ауданның тыныштығын, тәртібін сақтауға атсалысып келе жатқан учаскелік полиция инспекторы Бауыржан Жұмабайұлына алғыс білдірді. Ол әрбір отбасын жіті қадағалап, өз міндетін адал орындайтынын айтты.
Сондай-ақ, қарттар үйінің тұрғыны Қыдырғали Қуанышұлы Жаңаөзен қаласынан құжаттарын алуға көмек сұрады. Жауапты органдармен байланыса отырып, бұл түйіннің де шешімі табылады деп жауап берді тәртіп сақшылары.
2-шағын аудан бойынша тұрғындар 59-үйдің астында ашылған дүкеннің белгіленген мерзімнен тыс уақытта тұрғындардың мазасын алып, тыныштықты бұзатынын айтты. Тәртіпке бағынсын деген ұсыныспен тікелей Халдымұрад Айғарақов осы жерде дүкен иесін шақырып, ескерту беруін сұрады. Қабылдауда дукен иесімен түсіндірме жұмысы жүргізіліп, ескерту берілді.
Тұрғындар полицияның жұмысын жақсарту мақсатына қосар ұсыныс анкетасын белсене толтырып, бұл шараның тиімділігін айтып, Ақтау қалалық Полиция басқармасының бірінші орынбасарына алғыстарын білдірді.
4-шағын ауданның тұрғыны осы ауданның учаскелік полиция инспекторы Марат Қалдыбаевтан жиналған көпшілікке тағы да тыныштықты бұзбау заңдылықтарымен таныстыруды өтінді.
Сонымен қатар, 4 ш/а №47 үйдің тұрғындары осы үйдің алдында газель автокөлігінің 3 айдан бері қараусыз тұрғанын айтып, көлік иесімен байланысып, көлікті алдыруын сұрады.
«Жолда қабылдау» шарасы барысында тұрғындар өзге де маңызды өтініштерін жеткізіп, тәртіп сақшылары тарапынан көмек алды.

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*