Полиция реформасының оң қыры

Технологиялар дамып, ақпараттың ағымы қарқындылық танытқан заманда қауіпсіздік шараларын да күшейтілген түрде жүргізу қажет. Осыған байланысты өткен жылы Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың тапсырмасымен 2019 жылы ішкі істер органдарын реформалау жүріп жатыр.
Мәлім болғандай, қоғамның талаптары есепке алына отырып, шетелдердің үздік деп танылған тәжірибелерін сарапқа салу арқылы 2019-2021 жылдарға арналған ішкі істер органдарын жаңғырту Жол картасы іске қосылды. Бағдарлама аясында полиция қызметінде біршама игі өзгерістер байқалуда. Атап айтқанда, адамдардың құқық қорғау органдарына жүгінуі оңай болуы үшін полиция жұмысы сервистік үлгіге ауысатын болады және Қазақстанның барлық аймағы қоғамдық қауіпсіздікті бақылау жүйелерімен қамтамасыз етіледі, яғни тек ірі қалалар ғана емес, ауыл-аймақ та назардан тыс қалмайды. Бұл қылмыстың алдын алуға, сонымен бірге, полиция қызметкерінің қарапайым халықпен еркін қарым-қатынас орнатуына мүмкіндік береді. Сондай-ақ, төтенше жағдай кезінде және күнделікті қимыл-қозғалысқа ыңғайландыра түсу үшін жаңа нысанды киім үлгісі де ұсынылды.
Жаңғырту жол картасының басты мақсаты – құқық қорғау органдарына реформалау жұмыстарын жүргізу. Бұл қазақстандық полиция тарихындағы ең үлкен реформа болмақ. Қоғамға жаңашылдық сипат беріп, құқық қорғау органдары қызметінің барынша ашықтығын дамытуға, кәсібилік деңгейін арттыруға үлкен үлес қосады. Қазір Қазақстанда 76 мың тәртіп сақшысы болса, оның 16 мыңы күзет саласында еңбек етуде. Қалғаны ел ішіндегі тәртіпті сақтауға атсалысып жүр. Реформа аясында полицейлердің санын қысқарту арқылы қалған полиция қызметкерлеріне жалақы, баспана мәселелерін қарастыру көзделген. Бұл Жолдаудағы әлеуметтік жағдай деңгейін көтеруге негізделген.
Б. Момышұлы атындағы Оқу орталығында қарқынды дайындық жұмыстары жүргізілуде. Өзгерістер аясында жұмыс атқарылып, жаңа білім беру жүйесі қайта түзілді. Елбасының тапсырмасымен полиция қызметкерінің жаңа стандарты бекітілді және полиция академиясы арқылы кадрлар дайындау және іріктеу тәртібіне өзгертулер енгізілді. Осыған орай, оқу процесіне толықтырулар болып, жаңа сабақтар қосылды. Қазіргі таңда құқық қорғау қызметіне қабылданатын үміткер бірінші кезекте полиция қызметкерін даярлайтын оқу орындарында білімдерін жетілдіруі тиіс. Бүгінде Оқу орталығында ағымдағы жылдың үшінші ауысым тыңдаушылары жаңа үлгіде білім алуда. Жан-жақтылық, шапшаңдық, жинақылық, салқынқандылық сынды қабілеттерді жетілдіру мақсатында халықпен жұмыс істеудің заманауи форматтары, туристік полиция құрылымы, сервистік жүйе арқылы жұмыс істеу, заманауи технологияларды қызмет барысында пайдалану жұмыстары игерілуде.
Кадр саясатын оңтайлы жүргізу үшін білікті маманның жан-жақты болуы – заман талабы. Сол себепті теориялық білімді тәжірибеде пайдаланудың маңызы үлкен. Тыңдаушылар тек Оқу орталығының қабырғасында ғана емес, МКҚ құрылымдарымен және құқықтық тәртіпті қорғау мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін органдармен өзара бірлесе отырып, сабақтар өткізуде. Мұндағы басты мақсат – полицияның ашықтығын қамтамасыз ету және тұрғындармен жұмыс істеудің жаңа форматы, яғни фронт-кеңселерде жұмыс істеу үшін қабілеттілікті арттыру. Сондай-ақ, халыққа қызмет етуге тиісті болашақ құқық қорғау қызметкерлері қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында құқық бұзушылықтар профилактикасы, қоғамдық тәртіпті сақтау, қылмыспен күрес және оның алдын алу шаралары, қылмыстық жазалар және әкімшілік жазалауды орындау, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету, азаматтық қорғанысты ұйымдастыру сынды міндеттерін меңгереді.
Ішкі істер органдары өз ішінде біршама құрылымдарға бөлінетіндігі белгілі. Осыған байланысты құқық қорғау саласын таңдаған болашақ офицерлер ішкi iстер органдарының бірыңғай жүйесi, полиция, қылмыстық атқару жүйесі, әскери-тергеу органдары, Ұлттық ұлан, азаматтық қорғау органдары туралы толыққанды ақпарат алып, алдағы қызметінің қыр-сырымен танысады. Тыңдаушы алдағы уақытта ішкі істер саласының қай бағытында қызмет атқаратынын, өз қызығушылығын анықтауымен қатар, сол салаға қатысты қажетті білім алады. Бұл Оқу орталығының қабырғасында тыңдаушы өзінің кім болатындығын, қай салада қызмет ететіндігін анықтайды деген сөз.
Бүгінгі таңда кез келген маманның бойынан жан-жақтылық пен іскерлік қасиеттің табылуы аса маңызды. Сондықтан Оқу орталығындағы оқу процесі ішкі істер органдары қызметкерлерінің кәсібилігіне, біліктілігіне, адамгершілік пен моральдық келбетіне жоғары талаптар қойып, осы бағытта жұмыс істейді. Жаңа бағдарлама бойынша тәжірибелік сабақтардың саны артып, оқытушылар бағыт-бағдар беруші деңгейде жұмыс атқаруда. Яғни тыңдаушы берілген мәселеге байланысты өз тұжырымын шығару үшін өздігінше ізденіп, мысалдар келтіруі қажет. Ол үшін Оқу орталығында оқу процесіне қажетті барлық жағдай жасалған және білікті оқытушылар әр тыңдаушының қабілетіне қарай әдіс-тәсілдерді қолдана біледі.

Әлібек МЕДЕТОВ,
«Арнайы пәндер» циклының оқытушысы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*