Айболат МАЙМАҚОВ: «Милиция мен медресенің бірін таңдау керек болды»

Кездейсоқ ештеңе болмайды. «Сақшы» газетінде жұмыс істеп жүргендіктен де шығар, біздің кеңсе кітаптарға кенде емес. Көбі – полицияға қатысты кітаптар мен сарғайған газет-журналдар, сондай-ақ, шығармашылықты қатар алып жүрген тәртіп сақшыларының да жинақтары жетерлік. Сол еңбектерін тек оқып болып содан соң сөредегі орнына қайтып апарып қоя салсақ та болар еді, алайда оқығаныңды, тоқығаныңды оқырманмен бөліспесең, айтпасаң, бар алған әсерің өз ішіңде қала берсе, ұнатқан кітабың туралы жылы сөзіңді қимасаң, оның ішінен оқырманға іліп аларлық өнегесін ұсынбасаң, онда сенің көп оқығаныңның кімге керегі бар?
Жә, көп сөйлеп созбайық. Айтқымыз келгені – сондай шығармашыл сақшының бірі һәм «Әке аманаты» кітабының авторы, ІІМ Б.Момышұлы атындағы Оқу орталығы Кадр және тәрбие жұмысы бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Айболат Маймақов туралы сөз.
Айболат Тілеубайұлы: «Менің өмірімдегі адастырмас бағдаршамым, жолсерігім, ақылман және пір тұтқан асқар таудай алып тұлғам – әкем. Өмірінің өзі өнегеге толы әкемнің терең ойлы әрбір сөзі мені сүрінгенде демеп, қуанғанда қанат бітіріп, шалыс бассам, дұрыс жолға бағыттап отырды. Оның қарапайым өмірдегі қамқор әке, ардақты ата, ауыл-аймаққа сыйлы абыз қария ретіндегі жарқын келбеті маған әрдайым үлгі-өнеге болып келеді», – деп тебірене толғапты «Әке аманатында».
Иә, ең бірінші ата-ана ақылын сіңіріп өскен өскелеңнің әдептен озбайтыны, кенеттен азбайтыны бесенеден белгілі. Ата-ананың әр сөзі – нұсқа-үлгі. Тәрбие – адамзаттың күш-қаруы. Өмірдегі келеңсіздіктердің көбі сол тәрбиені әу баста дұрыс алмаудан басталады. Ал біздің кейіпкеріміз әрқашан да өзін дүниеге әкелген жандардың жанын жаралаған емес. Тіпті есейе келе алдында екі таңдау тұрғанда да алдымен ата-анасының ақылына жүгінуді жөн көріпті.
Ол оқиға жайында Айболаттың өзіне кезек берелік: «Жеңгем Перизаттың газеттегі хабарландыруды көріп, «мына оқуға барып көрсең қалай болар екен» деп алғаш медресеге бағыт көрсеткені бірінші Алланың, екінші жеңгемнің өмірлік сыйы деп білемін. Ағам милицияға кіргіземін деп құжат жинатып, бұйрықты күтіп жүрген кез болатын. Медресеге оқуға түсу мен милицияға бұйрық қатар келді. Сондағы ағам мен жеңгемнің кемеңгерлігі «біз өз міндетімізді орындадық, енді әкем мен шешемнен сұрап кел» деуі үлкен ақылдылық деп білемін. Ауылға келіп, әкем мен анамның ортасына «екеуі қатар келіп тұр, не істейін?» дедім. Сондағы әке-шешемнің «балам, оқи бер, кейін-ақ милиция боларсың» деуі мен үшін үлкен жақсылық, өмірлік жолдағы адаспауыма себеп болды деп түсінемін».
Міне, бірден мансап қумай, білім қуған, «атасының молдалығын Ташкент танып, әкесінің ойшылдығын ел таныған» ұлдың түйгені!
«Қуған жетпес, бұйырған кетпес» деген осы болар, бұдан кейін Маймақовтың алдынан түзу де даңғыл жол ашылып сала берді.
1971 жылы 10 тамызда Алатау етегінде Ақсу мен Машат өзендерінің бастауы Төлеби ауданының Ақсай аталған Бидайшы мекеніне қарасты Мәдени ауылында дүниеге келген Айболат Тілеубайұлы 1978-1988 жылдары Мәдени орта мектебін бітіріп, 1989-1991 жылдары әскери борышын өтеп, 1992-1996 жылдары Ислам діни бірлестігіне қарасты «Өтес» медресесінде білім алған соң, аталмыш медреседе оқытушы, аға оқытушы, меңгеруші, ректор қызметінде өзін жақсы жағынан көрсете білді.
«Алдымен оқу оқы, білім ізде» деген әке өсиетіне ден қойған азамат 1995 жылы Қ.А. Яссауи атындағы ХҚТУ-ға түсіп, одан кейін 2000 жылы М. Әуезов атындағы ОҚМУ-дың филология факультетін тәмамдайды. Ал 2000 жылдан ІІМ Б. Момышұлы атындағы Шымкент заң колледжінде оқытушы, аға оқытушы, тәрбие бөлімі, мемлекеттік тіл және ақпарат бөлімдерінің бастығы қызметін абыроймен атқарды.
2000-2004 жылдары Халықаралық құқық, халықаралық бизнес институтын аяқтайды. Отбасылы болады. Бүгінгі таңда ІІМ Б. Момышұлы атындағы Оқу орталығының кадр және тәрбие жұмысы бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі.
«Адамның Алла алдындағы бес парыздан соң жақсы амалы – адамдарды қуантуы» деп есептейтін тәртіп сақшысы – қоғам алдында нағыз полицияның бет-бейнесі, ішкі жан-дүниесі қандай болу керектігіне дайын жауап десек қателеспеспіз.
Сол көркем мінезді кейіпкеріміз: «Әрбір қызметтің өзіндік кәсіби ерекшелігі бар. Құқық қорғау қызметінің де қиындығы мен есте қалар елеулі сәттері аз емес. 23 маусым – қазақ полициясының атаулы мейрамын да халықтың өзге бұқаралық мейрамдарының біріндей қуана қарсы алатын кезі келетініне сенемін. Өйткені, ішкі тыныштығымызды күзету сол құқық қорғаушыларға жүктелген. Еліміздегі барлық мейрамның басы-қасында жүретін полиция қызметкерлеріне өзгелер сияқты мейрамдау емес, қырағы қызметте тұрып, әрқашан қоғамдық тәртіпті, қауіпсіздікті, ел тыныштығын сақтауды нәсіп еткен», – деп қызметін мақтаныш тұтады.
Кейде көп-көрім тыныштықты көп көретіндердің кесірінен елге жаманатты болып жататын да осы полиция. Себебі, сақшы әр күні жұмысқа жаны мен арын беліне түйіп шығатыны ақиқат. Көзі көріп тұрған келеңсіздіктерге дер кезінде кедергі келтірмесе, ертеңгі күні қылмыс дегеніңіз қара сорадай қаптамай ма?! Осындай жауапты да сауапты жолда бастарын бәйгеге тігіп жүрген оларға деген құрмет сезіміміздің сетінеп жататыны да баршылық. Әлдекімдердің сөзінің жетегіне еріп, Ресейдің атыс-шабыс киноларындағыдай полицияға қаратып «мусора», «мент» деп келемеждеуге келгенде шебер-ақпыз, ал отбасыңызға не жеке басыңызға қауіп төнсе, дереу «102»-ге қоңырау шаларыңыз шындық. Дәл сондай қиын-қыстау сәтте басыңызға ең бірінші «полиция шақыру керек» деген ой келері айдан анық. Басқа кімді шақырар едіңіз?..
Ендеше, Айболат Маймақовтың: «Кейде достарымның үйіне бара қалғанда, кейде көшеде бала-шағасын «қазір полиция келеді, тыныш отырыңдар, әйтпесе, қамап қояды, әкетіп қалады» деп қорқытқанын естіп қаламын. Содан шалынған тасынан, соғысқан талынан сақтанып жүрген сәби «полиция» дегенді бұрынғы «бабай» деп қорқытқан нәрсемен алмастырып, қорқатын болады», – деген өрелі сөзінен неге қорытынды шығармасқа?! «Бабайдың» орнын «полицияға» бергенімізге жол болсын?! Әсілінде солай ма? Жас ұрпақтың санасында «сақшы» деген сөз «жақсы» деген ұғыммен қалыптаспағы керек! Ал ол үшін, әрине, полиция атына кір келтіріп жүргендердің жүгенсіз әрекеттеріне қатаң тыйым салғанымыз жөн. Олай істемеген күнде «бір құмалақ бір қарын майды шірітеді». Дәп қазіргі кезеңде бұл ІІМ үшін күн тәртібіндегі ең бірінші мәселе.
Сондай-ақ, А. Тілеубайұлының: «Шындығында, қазіргі қоғамда қылмыс жасағысы келіп, ниеті бұзылғандар «полицияға ұсталып қаламын-ау» деген қорқынышпен өздеріне тоқтау салады. Ал Құдайдан қорыққаннан өзін тыйып ұстайтындар аз. Ал нағыз тәрбиенің бастауы иманда екенін біле бермейтіндер көп. Сондықтан ұрпағымызды полициядан қорқуға емес, Құдайдан қорқуға тәрбиелейік. Сусыз тал күнгейге қарап қисайып өседі. Сол сияқты бұғанасы қатып, оң-солын танымаған баланы жақсылыққа баулысаң, жақсы азамат болып қалыптасары анық», – деген сөзінің де жаны бар. Ойландыратын сөз! Әзілдейміз деп баланың көзқарасын теріске бұрып алмайық. Қара сөзге келгенде кенен ойлар айтатын Әбекеңнің қаламы өлең-сөзге де құралақан емес.
Сақшы-ақынның қаламынан туған «Бауыржан Момышұлына», «Нағыз генерал», «Милиция генерал-майоры Жеңісбай Сұлтановқа» және тағы басқа көптеген өлеңдері бар. Соның ішінде А. Маймақов арақ туралы жазған: «Қорыс келіп ортаңа – мас болуды үйертті. Бауыр менен бүйректі арақ беріп күйретті», – деген шағын ғана екі-үш жолда қаншама шындық жатыр! Арақ – барша қылмыстың атасы, бастауы. Қызметтік тұрғыдан да, азаматтық тұрғыдан да ақын сайтан суға жан-тәнімен қарсы бола отырып, бұрын-соңды бұл уды ата-бабамыз ішпек түгілі аты мен затын естіп-көріп, білмегенін де алға тартады.
Һәкім Абайдың «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» дегеніндей, осылайша оқығанынан тоқығаны көп, өзінің көрген-білген, түйгендерін қағазға түсіріп, миында пісіріп, ішкі тебіреністерін өлең етіп ұшырып жүрген полицейдің әлі де талай биіктерді бағындырып, қызметтік жолында алғаусыз алғыстарға бөлене береріне кәміл сенеміз!
Мақаламыздың соңында сөзі мен әнін Айболат Маймақов жазған полицейлер әнұранын ұсынуды жөн көрдік.

Бауыржан БЕРІКҰЛЫ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*