Байтасовтай батыры бар ел – бақытты!

Жамбыл облысының Полиция департаментінде Халық Қаһарманы, полиция капитаны Ғ. Байтасовты еске алуға арналған салтанатты шара өтті.
Оған облыстық Полиция департаменті басшылығы және жеке құрамы, Тараз қаласының әкімі Қайрат Досаев, ішкі істер органдары ардагерлері мен батырдың туған-туыстары және Төле би атындағы №8 мектеп-гимназиясының кадеттік сынып оқушылары қатысты.
Салтанатты гүл қою рәсімінен кейін сөз алған Жамбыл облысы Полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Арман Оразалиев:
– Ел бейбітшілігі мен қауіпсіздігі жолында қаза болған әрбір полиция қызметкерінің есімі ішкі істер органдары тарихында алтын әріппен жазулы. Олардың ішінде террористі құрықтау кезінде өз кеудесін оққа тосып, көзсіз ерлік көрсеткен полиция капитаны Ғазиз Байтасов есімі айрықша орын алады.
Бүгінде ІІМ-нің барлық құрылымдық бөлімдерінде Ғ. Байтасов ерлігіне арналған бұрыш қойылған. Оның жанқиярлық ерлігі кейінгі ұрпаққа, ішкі істер органдарына жаңа аяқ басқан әрбір қызметкерге, әріптестеріне мәңгілік үлгі-өнеге болып қала бермек.
Сондай-ақ, осы жылдың сәуір айында Тараз қаласындағы батырдың есімі берілген көшеде мемориалдық тақта орнатылды. Жамбыл облысы Полиция департаментінің бастамасымен және Ғ. Байтасов білім алған Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ басшылығының қолдауымен заң факультетінің аудиториясына есімі берілді. Бүгінде аталған жоғары оқу орнында батырдың ұлы Арманжан білім алуда, – деді.
Халық Қаһарманы Ғазиз Байтасовтың жары Гүлжамал Тажиева жиналғандарға бейбітшілік пен тыныштық, ал полиция қызметкерлеріне жұмыстарында абыройлы болуға тілектестігін білдірді.
Шара барысында сөз алған облыстық Ішкі істер органдары мен Ұлттық ұлан ардагерлер кеңесінің төрағасы, отставкадағы полковник Тұрдалы Шералин алдағы күндері ІІМ-нің ғимараты алдында Даңқ Аллеясы ашылатынын және сол жерде Ұлы Отан соғысы батырларымен қатар Халық қаһарманы Ғазиз Байтасовтың бюсті де қойылатынын баяндады.
Іс-шара соңында жас қызметкерлер салтанатты түрде ант қабылдап, департамент бастығының қолынан куәліктерін алды. Олар да алдағы уақытта ержүрек полицейлердің лайықты ізбасарлары ретінде жамбылдық тәртіп сақшыларының даңқты дәстүрлерін жалғастыратын болады деп сеніммен айтуға болады.

Жамбыл облысының ПД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*