Жол саясаты жаңаруы тиіс

Ішкі істер министрлігінде астанамыздағы жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.
Ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты Ерлан Тұрғымбаев Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің және мүдделі ұйымдардың өкілдерімен кеңес өткізіп, онда елордамыздағы жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері талқыға түсті.
Ерлан Заманбекұлы айтып өткендей, 8 қазанда Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев Нұр-Сұлтан қаласын әлеуметтік-экономикалық жағынан дамыту мәселелері бойынша өткен кеңесте жолдардағы жарақат алу мен өлім-жітімді азайту мақсатында 2019 жылдың аяғына дейін астанадағы жол қозғалысын ұйымдастыру деңгейін арттыру бойынша жүйелі шаралар қабылдауды тапсырған болатын.
Осыған орай, ІІМ-де өткен кеңес барысында шетел мегаполистерінің жол қозғалысын ұйымдастыру және оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша тиімді тәжірибелері тиянақты зерделеніп, елордамыздағы жолдардың өткізу мүмкіндігін және жол қауіпсіздігін арттыру бойынша бірқатар шаралар ұсынылды.
– Елордамыз жылдам қарқынмен дамып келеді, көлік саны күн санап артуда. Осыған орай, жол қозғалысын ұйымдастыру әдістерін жаңарту қажет, көлік және адамдар ағынын реттеудің тиімді тәсілдері керек. Жоғары технологияларды пайдалана отырып, астанадағы жол қозғалысы қауіпсіздігі мәселелерін кешенді түрде шешетін бірыңғай Жол қозғалысын ұйымдастыру орталығын құратын уақыт жетті, – деп атап өтті Ерлан Тұрғымбаев.
ІІМ басшысының сөзіне қарағанда, бұл шаралар қалада бірыңғай көлік саясатын жүйелі түрде қалыптастыруға мүмкіндік бермек. Ол өз кезегінде жолдардың өткізу мүмкіндігін арттырады, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және апаттарды азайтуға жол ашады.
ІІМ Әкімшілік полиция комитеті,

суретті түсірген Медет ӘШІРБЕКОВ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*