Ерлікке тағзым – елгі міндет

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Ақтөбеде бүкіл Қазақстаннан осы жылы ерлігімен ерекше көзге түскен ең үздік полицейлер жиналды.
12 қарашада «Nur Otan» партиясының мәжіліс залында «Ерлік – елге мұра, ұрпаққа – үлгі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараға ІІМ КЖД, Ақтөбе облысының ПД басшылығы, облыс әкімдігі мен «Nur Otan» партиясының өкілдері және батыр полицейлер қатысты.
Дөңгелек үстел аясында жергілікті атқарушы органдардың, күш құрылымдарының және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері Ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты Е.З. Тұрғымбаевтың атынан алғыс хаттармен марапатталды.
«Мемлекет пен қоғам ішкі істер органдары өкілдерінің қайсарлығын жоғары бағалайды. Үздіктердің ішінде де үздіктер бар. Ішкі істер министрлігі өткізген «Қазіргі заман қаһарманы» республикалық акциясына Ақтөбеге ең үздіктері шақырылып отыр», – деп атап өтті өз сөзінде ІІМ КСБ бастығының орынбасары Бақытжан Бейсеев.
Сонымен қатар, батыр полицейлер Ақтөбе қаласындағы Н. Назарбаев атындағы зяиткерлік мектебінің және №21, 60, 10, 40 мектептерінің оқушыларымен кездесіп, өздерінің күнделікті жұмысы және қызмет атқару кезінде қандай қиындықтарға тап болатыны туралы әңгімеледі. Оқушыларға полиция қызметкерлері мен құтқарушылардың адамдарды құтқару сәттерінің бейнероликтері көрсетілді.
«Полиция қызметкерлерінің ерліктерін өз көздерімен көру арқылы оқушылардың бойында жоғары патриоттық тәрбие қалыптасады, өз Отанына адалдық, жақындарына көмек көрсету керектігін ұғынады және болашақта мамандық таңдауына ықпал етеді», – деп атап өтті Ақтөбе облысы ПД Кадр жұмысы басқармасының бастығы Жақсылық Нысаналин.
Кеше республикалық шара Ақтөбе облысының Хромтау қаласында жалғасын тапты. Салтанатты шара қызмет бабында қаза тапқан полицейлерге арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойып, оларды еске алумен басталды. Ескерткіш 1980 жылы қылмыскерлер қолынан қаза тапқан милиция майоры Бұжыр Иманғазин мен бұзақылар қолынан мерт болған учаскелік полиция инспекторы Қымбатқазы Оразалиннің есімдерін келешек ұрпақ жадында қалдыруға арналған.
Шараға Хромтау ауданының тұрғындары мен жастар, ардагерлер, аудандық Полиция бөлімінің жеке құрамы, қаза тапқан полицейлердің туыстары қатысты.
Жиналған көпшілік алдында сөз алған аудан әкімі Нағымжан Алдияров ауданға келген қонақтарға алғысын білдіріп, ел тұрғындарының тыныштығы мен қауіпсіздігі жолында анттарына адалдық танытқан асыл азаматтардың бейнесі отаншылдықтың жарқын үлгісі болып қала беретіні туралы айтты.
«Қазіргі заман қаһармандары» шарасына қатысушылар Хромтау қаласындағы №7 орта білім беретін мектеп ұжымы және оқушыларымен кездесті.
«Мемлекет тәртіп сақшыларының еңбегін жоғары бағалауда. Тәуелсіздік алған жылдар ішінде ішкі істер органдарының 1392 қызметкері мемлекеттік наградалармен марпатталды. Олардың дені қиын жағдайларда ерлік пен антына адалдық танытып, азаматтардың қауіпсіздігі мен бейбіт өмірі үшін жанқиярлық көрсете білді.
Біздің мақсатымыз – елін сүйетін, антына адал, қызметін мүлтіксіз орындайтын осындай әріптестеріміздің ұмытылмас өнегелі өмір жолдарын жастарға үлгі ету», – деп атап өтті салтанатты шарада сөзалған ІІМ Кадр саясаты департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Бақытжан Бейсеев.
Хромтаудағы кездесу соңында Алматы қаласы Полиция департаменті ансамблінің шығармашылық ұжымы концерттік бағдарламасын ұсынды.
Шара Ақтөбе қаласында жалғасын тауып, Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде профессор-оқытушылар құрамы және студенттермен кездесуге ұласты.

Ақтөбе облысының ПД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*