Жедел басқару орталығы – тиімді тетік

Кез келген мегаполистің басты міндетінің бірі – тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету екені белгілі. Елордамыз Нұр-Сұлтан қаласы үлкейе түскен сайын бұл мәселе де өте өзекті болып келеді. Қазіргі уақытта ел басшылары құқық қорғау органдарына үлкен талаптар қойып отыр. Соған сай, қоғамдық қауіпсіздікті қорғауда құқықтық тәртіп органдарының техникалық жағынан жетілуі өте маңызды.
Осы ретте, елімізде бірінші рет Үкіметтің ішкі істер органдарын техникалық қайта жарақтандыру бойынша бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қаржылай көмегімен елордамызда 1999 жылдың желтоқсанында Жедел басқару орталығы іске қосылған болатын.
Мұндай орталықты құрудағы басты мақсат – полицияның күш-құралдарын ортақ жұмылдыруды жоғары деңгейде жолға қою болатын. Бұрын полицияның әр қызметі дербес болатын. Олар бір-бірінен бөлек болғандықтан, қаланың жалпы қылмыстық ахуалына әсер ететін еді. Мұндай ахуал еліміздің барлық қаласына тән болатын. Сондықтан да мұндай шешім ең алғаш ел жүрегі Астанада қабылданды. Кейін бұл бастама өзге облыс орталықтарында да жүзеге аса бастады.
Жедел басқару орталығы сынды бірыңғай басқарушы органның құрылуы, оның мәртебесі, тәжірибесі және атқаратын функцияларына сәйкес, елордадағы қылмыстық ахуалдың жақсаруына оң әсерін тигізіп, қылмыспен күрестің тиімділігін арттыра түсті. Сол жылдардан бері ЖБО жұмысы ішкі істер органдарының жедел қызметіндегі қайнар бұлағына айналды. Себебі, қаланың жедел ахуалы туралы негізгі ақпарат «102» арнасы арқылы өтеді.
«102» арнасы толықтай автоматтандырылған, қоңырау келіп түскенде оператордың компьютерінде электрондық карточка ашылады да, онда қоңырау шалушының, ұялы байланысты қоса алғандағы, телефон нөмірі, оның тегі және мекенжай деректері көрініп тұрады. Барлық келіп түсетін қоңыраулар автоматты түрде аудиорежимде жазылады, яғни қажет болған жағдайда бұл жазбаларды дауысты сәйкестендіру үшін пайдалануға болады. Мысалы, жарылғыш құрылғылар қойылғандығы туралы хабарламалар түскенде мұндай аудиорежимдердің көмегі ұшан-теңіз. Қазіргі уақытта «102» полицияны жедел шақыру пультіне азаматтардан тәулігіне 2-2,5 мың қоңырау келіп түседі екен. Салыстыру үшін, 1999-2001 жылдары 500-600-ға дейін қоңырау келіп түсетіндігін айтуға болады.
Жедел басқару орталығының негізгі міндеті – қылмыстар, оқиғалар, қоғамдық тәртіп бұзушылықтар, табиғат апаттары және басқа да төтенше оқиғалар туралы хабарламаларға жедел ден қойып, тиісті шаралар қабылдауды қамтамасыз ету, кешенді күш-құралдарды басқаруды ұйымдастыру, кезекші тәулікте қылмысты ашуға қажетті барлық мүмкіндіктерді пайдалану. Бұл міндеттер ЖБО-ның күштер мен құралдарды басқару тобының (КҚБТ) офицерлеріне жүктелген.
Қоғамдық тәртіпті күзетуге түсетін барлық полиция күштері кезекші тәулік ішінде қызмет көрсету ауданы бойынша КҚБТ офицерлерінің жедел бағынысында болады. Олар оқиға орнына жасақты бағыттауды, оқиға орнында қызмет көрсетуді, күдікті тұлғаларды іздестіруді және ұстауды қамтамасыз етеді. Қажет болғанда жедел ахуалға қарай КҚБТ офицерінің жұмылдырылған күштердің орнын ауыстырып, оқиға аумағын қоршауға алуға құзыреті бар.
ЖБО-ның тағы бір техникалық жетістігінің бірі – «GPS» ғаламдық позициялау жүйесінің көмегімен полицияның кешенді күштерін бақылау мүмкіндігі. Бұл навигатор инспекторларға патрульдік жасақтардың орналасқан жерін, қозғалу бағытын және тұру нүктесін бақылауға, қажет болғанда жұмылдырылған күштердің орнын ауыстыру және басқару бойынша тиімді оң шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді. Нұр-Сұлтан қаласы ЖБО-ның электронды картасында 40-тан астам қатпар бар. Онда тек полицияның барлық жасақтарының патрульдеу бағдарлары ғана емес (автопатрульдер, аттылы, жаяу, стационарлық және т.б.), қаладағы тіршілікті қамтамасыз ету нысандары, білім беру мекемелері, мемлекеттік органдар, сондай-ақ, бейнебақылау камераларының орналасу сызбасы да бейнеленген.
Бүгінгі таңдағы ең басты міндет – ЖБО-ның техникалық мүмкіндіктерін арттыру және басқару механизмін жетілдіру. Нұр-Сұлтан қаласы ПД жыл сайын бейнебақылау жүйесін одан әрі кеңейту және дамыту бойынша кең көлемді жұмыстар жүргізіп келеді. Оған бейнебақылау жүйесі камераларының саны ғана емес, сапасы да дәлел.
2019 жылдың 11 айында Жедел басқару орталығының «102» арнасына азаматтардан 544 мыңнан астам қоңырау келіп түскен. Оның ішінде 322 мыңы – қылмыстар, құқық бұзушылықтар және оқиғалар туралы хабарламалар. Елордада тәулік бойы қоғамдық тәртіпті, жол және қоғамдық қауіпсіздікті сақтауға жүйелі бақылауды қамтамасыз ету мақсатында бейнебақылау камералары жұмыс істейді.
Қазіргі уақытта шамамен 4 мың бақылау камерасы бар. Соның ішінде 858 камера Жедел басқару орталығына қосылған болса, «Қауіпсіз аула» жобасы шеңберінде Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Ахуалдық орталығына мәдени-бұқаралық және ойын-сауық нысандарынан, азаматтар дем алатын және көп шоғырланатын орындардан шамамен 3 мың камера жалғанған. Бейнебақылау жүйесінің көмегімен жыл басынан бастап 1330-дан астам қылмыс ашылып, 44 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталды.

Нұрлан ОРАЗҒАЛИЕВ
Суреттерді түсірген Жандос КОКУМБАЕВ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*