Талапты жасқа нұр жауар

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында ішкі істер органдарын жаңғырту шараларын одан әрі жүзеге асыру мен заң талаптарын күшейтуге бағытталған бірқатар тапсырмалар берген болатын.
Әсем Пірмағанбет – жас тәртіп сақшысы. Ол Президенттің Қазақстан халқына арнаған Жолдауындағы ішкі істер саласын реформалау, әсіресе, жол қауіпсіздігінің алдын алу шараларын күшейтуге бағытталған тапсырмаларын қос қолдап құптайтындығын, оның уақыт талабынан туындап отырғанын айтты.
Ақтөбе қаласы Полиция басқармасының әкімшілік практика инспекторы, полиция аға лейтенанты Әсем Әлібекқызы Астанадағы қаржы полициясы академиясын аяқтаған соң, еңбек жолын 2015 жылы Ақтөбе облыстық Ішкі істер департаментінде анықтаушы болып бастаған. Кейін тергеуші болып еңбек еткен. Сосын биылғы жылдан бастап әкімшілік практикаға ауысқан.
«Әр мамандықтың өз жауапкершілігі бар. Мысалы, мен тергеуші болып қызмет еткенде 2017 жылы «Юнити корпорейшн» пирамидасына қатысты қылмыстық істі тергеу тобының құрамында болдым. Шетелде білім алған жас жігіт қазақстандық «Индрайвер» сияқты «Аппорт» қосымшасын ойлап табады. Кейін оның жобасы қаржылай пирамидаға айналады. Тұрғындар оған тіркелсең, тәулік сайын табыс тауып отырасың дегенге иланып, әрқайсысы 35 мыңнан бастап 350 мыңға дейінгі аралықта ақша сала бастайды. Кейбір адамдар қиналмай оңай жолмен ақша табуға белсене кірісіп, таныстарын, туыстарын осы пирамидаға кіргізеді. Қазақстан бойынша әр қаладан 8 мыңға тарта жәбірленуші бар. Іс сотқа жеткенше тергеу тобында болдым. Бұл жобаның жетекшісінен бөлек тағы бір адам ұсталды.
Анықтаушы болғанда да түрлі алаяқтыққа қатысты істерді тергеуге тура келді. Мәселен, ақтөбелік бір әйел арзан пәтер алып берем және сотта «аресте» тұрған қымбат көліктерді арзан бағаға алып берем деп, 15 шақты тұрғынды сан соқтырған. Оның схемасы мынадай: қаланың жаңадан бой көтерген шағын аудандарындағы үйлерден бір күнге пәтер жалдап, жарнама беріп, адамдарды алдап: «Міне, мына пәтер көп ұзамай сенікі болады» деп көрсетіп, әрі жалған келісімшарт жасап, алдын ала ақшаларын алып, сазға отырғызып кетіп отырған.
Менің жұмыс барысында байқағаным, алаяқтар адамдарды бірден иландырады, өздерін жетістікке жеткен адам ретінде көрсетіп, қызықтырып, иландыра алады. Алаяқтар бір уақытта бірнеше адамды алдай алады. Олар сенімге кіріп, сендіре алады. Жұмыс барысында психолог бола бастайсың. Кім өтірік айтып, кім шын айтып тұрғанын қимылдарынан, көзқарасынан-ақ ұғатын боласың. Сол алаяқ әйел 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Оның кәмелетке толмаған баласы бар. Кейбір адамдар сауатты, көзі ашық болса да, өкінішке қарай, осындай алаяқтардың арбауына оңай түсіп қалады.
Қазіргі жұмысым өзіме өте ұнайды. Жол-көлік апаттарын саралаймыз. Бізде жиі кездесетіні – ішімдік ішкен күйінде рөлге отыратындар азаймай тұр. Тіпті, мас болып, жол ережесін бұзғандар көлік айдау құқығынан айырылса да, рөлге мас күйінде отыруларын тоқтатпайды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың көлік жүргізушілерге қатысты заңнаманы қатаңдатуға қойған талаптары өте орынды деп ойлаймын. Заң талабы күшейтілсе, кейін айыппұл төлеп құтылам дейтін көлік жүргізушілер азаяды деп ойлаймын. Бізге жол-көлік оқиғасы болғанда схемасын сызып әкеледі. Сол бойынша арызданушының шағымы болса, қылмыстық іс қозғалады.
Қазір қалада жол-көлік оқиғалары жиі болады. Жаяу жүргіншілерді тап жаяу жүргінші жолағында қағып кету оқиғалары да жиі орын алады. Негізінен, көлік жүргізушілерінің дені жол-көлік ережелерінің талаптарын орындамайды, жаяу жүргіншілер арасынан да ереже бұзушылар кездеседі, бірақ олар көп емес.
Әсіресе, бейнебақылау камералары жоқ жерлерден көлік жүргізушілер жылдамдықты асырып, асығыс өтеді. Кейбір жаяу жүргіншілер жарақат алмаса, арызданбайды.
Негізі жаяу жүргіншілер өз құқықтарын заңды қорғай білгендері жөн. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы халыққа арнаған Жолдауында заң талаптарын бұзған көлік жүргізушілеріне жазаны күшейтуге арналған тапсырмалар жүктегеніне өте ризамын. Өйткені, көлік жүргізушілердің мас күйде рөлге отыруларының салдарынан бәйкүнә адамдар өмірлерімен қоштасып жатыр. Әсіресе, балаларды қағып кететіндерге жазаны күшейту өте орынды деп ойлаймын», – дейді полиция аға лейтенанты Әсел Пірмағамбет.
Ә. Пірмағамбет өз мамандығын мақтан тұтады. Олардың отбасында ағасы Адай Пірмағамбетов тәртіп сақшысы болып еңбек етіп, зейнеткерлікке шықса, сіңілісі де осы салада жұмыс істеуде.
Қолы қалт етсе уақытын тиімді пайдалана білетін Әсел: «Спортпен айналысқанды, кешкісін жүгіргенді, қолым тигенде бисер тоқуды ұнатамын. Тарихи кітаптар оқимын. Мәселе, Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділерін» оқыдым. Өте әсерлі.
Ғабит Мүсіреповтің «Ұлпан» романы да – шоқтығы биік шығарма. Біздің Шалқар ауданында Ұлпан деген станса бар. Ол – тарихи тұлға. Елдің ауызбірлігі мен ынтымағын сақтап қалу үшін Ұлпан анамыз басын тәуекелге байлап, тұтастай бір әулет қана емес, үлкен бір рулы елдің, қала берді елдің өсіп-өркендеуіне зор үлесін қосқан. Маған әйел аналарымыздың осындай төзімділігі мен сабырлылығы, жауапкершілігі өте ұнайды. Қазіргі кезде осындай аналарымыздың үлгілі істерін жастарға көбірек айту керек деп ойлаймын», – деп ойын ортаға салды.
Әсем Әлібекқызының жас та болса түйгені көп. Тәртіп сақшысы болу қыздардан төзімділік пен алғырлықты, ұстамдылықты, үлкен жауапкершілікті талап етеді. Тұрғындардың тыныштығы мен қауіпсіздігі жолында уақытпен санаспай еңбек етуді өзінің басты парызы санайды.

Ақтөбе облысының ПД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*