Парасат жолындағы полицейлер отбасы

Мақала Түркістан облысы Қазығұрт ауданы Полиция бөлімі ақпараттық-аналитика тобының аға инспекторы, полиция майоры Феруза Рахметованың өнегелі отбасы мен ғибратты қызмет жолына арналып отыр.
Еркек – үйдің егесі, әйел – үйдің шегесі
Біздің арғы бабаларымыз, ғылымда протүркілер деп аталатын халық үйді «еб», ал әйелді «ебші» деген. Содан қалған болу керек, қазақтан жағдай сұрағанда: «Ептеп-септеп күн көріп жүрміз» деп жауап беретін тұрмыстық салт сақталған. Қазақта: «Дүние таппайтын еркек жоқ, құрауын айт» деген де қанатты сөз бар. Демек, әйелдің үй бірлігін, дүниесін үйлестіруші ретінде берекесін кіргізудегі өзіндік орны ерекше.
Тағдырдың жазуын қойсайшы, әйтпесе, Қызылорда облысы, Қазалыда дүниеге келген Феруза қызды шипалы бау-бақшалы мекен Сарыағашқа қызметке барып, Түркістанның Нұх кемесі қалған Қазығұртқа келін болып, екі елді жалғастырады деп кім ойлаған? Мұны тағдыр дейді, сол тағдырдың бұйрығы деп мойынсұнады, шүкіршілік етіп, «әрекет қылсаң берекет беремін» деген Жаратушының қасиетті сөзіне әркім өз хал-қадерінше талпынады, еңбектенеді, ізденеді, санаулы ғұмырының мәнді де сәнді болуына ұмтылады.
Феруза Рахметова кіндік қаны тамған қасиетті мекендегі Құмжиек ауылындағы №92 мектепке барып, 1997 жылы Мұхтар Әуезов атындағы орта мектепті ойдағыдай бітіріп, аттестат алып шықты. Мұқағали айтқандай, әрбір жас тарыдай болып кіріп, таудай болып шығатын алтын ұя мектепті, ондағы сыныптас достарын, өз өмірін аямаған, шәкірттерін аялаған ұстаздарды қалай ұмытарсың? Сонымен қатар, «қыздың жолы жіңішке, ұят болады, кішіпейіл бол, қатарыңнан қалма, қарапайым бол» деп келетін ата-ананың ақыл-кеңесі мен келелі ескертулері бір төбе екен ғой.

Мамандық алу жолындағы ізденіс
«Сен де бір кірпіш дүниеге кетігін тап та бар қалан» деген екен ғұлама ойшыл бабамыз хәкім Абай. 175 жылдық мерекесі тойланғалы отырған ұлы данышпаннан артық өмірден өз орнын табу туралы кім бейнелі жеткізе алған?!
Дүниеде сан түрлі мамандық әлемі менмұндалайды. Барлығының да өз орны, өз қажеттілігі бар. Солардың бел ортасында Есім хан мен Тәуке ханнан басталып, Қасым ханнан жалғасын табатын Ұлы дала заңы да бар. Ғасырлар бойы телісі мен тентегін, ұрысы мен қарысын, өмір қалпынан шыққанын жөнге келтірген осы дала заңы емес пе?!
Арманшыл да талапшыл қызды өзіне тартып, жүрек қалауын оятқан мамандық осы заң мамандығы болып, жатса да, тұрса да ойын жаулап алды. Заң кітаптарын ақтарды. Оған жетудің жолдарын талмай іздеді. Оқуға түсуге себеп болатын тестілік сұрақтарды жаттағаны әлі есінде.
Талапшыл жас мектеп бітірген соң, 1997 жылы тарихы терең Тараз қаласындағы Әулиеата университетінің заң факультетіне оқуға түсіп, оны 2002 жылы ойдағыдай бітіріп, сүйікті мамандығын иеленді. Студенттік жастық шақ та осылай артта қалды.
2005 жылы жас маман Ішкі істер министрлігінің алғашқы даярлық оқуына түсіп, оны 2006 жылы тәмамдап, білімін толықтыра түсті.

Қызметке адалдық – өзіңе болар құт
Феруза Айтбайқызының полициядағы қызметі Сарыағаш аудандық Полиция бөліміндегі кеңсе қызметкері лауазымынан бастау алған. 2006 жылға дейін осы қызметті тапжылмай атқарған ол полицияның ішкі және сыртқы іс-қағаздарын жүргізуді бүге-шігесіне дейін үйренді, тәжірибе жинақтап қалыптасты. Өтініш пен өмірбаянға дейін, келісімшарт пен хаттамаларға дейін стильдік ерекшеліктерін біліп қана қоймай, тыныс белгілік, орфографиялық қателерді болдырмаудың жолдарын үйренді, дағдыланды. Мектеп пен университеттегі алған сауаты бір бөлек, ішкі істер органдарының іс-қағаздарын меңгерудің де өзіндік ерекшеліктері барын ұғынды. Ұғына жүріп ізденді, жауапкершілігін сезінді.
2006 жылы кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторы лауазымына ауысқанда да кеңсе ісіндегі тәжірибесі көп көмекке келді. Қазір еңбегімен есейген Феруза Айтбайқызы Қазығұрт аудандық Полиция бөлімі ақпараттық-аналитика тобының аға инспекторы, полиция майоры, кейінгі толқынның осы саладағы тәлімгері, ақылшы ұстазы дәрежесіне адал еңбегімен көтерілген жан.
Ақпараттық-аналитикалық топтың міндеттері мен құзыреттері сан қырлы. Ол өзі қызмет атқаратын Полиция бөлімінің жоспарларын, бұйрықтарын, нұсқауларын, жедел кеңестердің шешімдерін орындау барысы, нәтижелері туралы ақпараттық-аналитикалық есеп беру құжаттарын әзірлеу үшін мәліметтер алады, осы саланың жұмысын жетілдіру бойынша ұсыныстар енгізеді, оны іске асыру үшін әдістемелік көмек көрсетеді, ұйымдастырушылық қызметті тексеруді жүзеге асырады. Ол осыншама инемен құдық қазғандай жұмыстарды ұсынылған құқықтармен өкілеттілік шеңберінде қызметтік міндеттерін дер кезінде және сапалы орындаумен қатар, Әдеп кодексінің нормаларынан ауытқыған емес. Осындайда Абайдың: «Ақырын жүріп анық бас, еңбегің кетпес далаға», – деген ұлағаты ойға оралады.

Ана бақыты, отбасы ұйытқысы
Феруза Айтбайқызы қызметте ғана емес, отбасында да бағы жанған жан. 2006 жылы қазығұрттық Ералы Есімханұлымен бас қосып, өмірлік қосағын тауып, тұрмысқа шығып, отбасының ғана емес, Қазығұрт жерінің келіні атанды. Жолдасы Ермахан да тәртіп сақшысы. Қазір Қазығұрт аудандық Полиция бөлімі Жергілікті полиция қызметінің бастығы, полиция подполковнигі. Бұл күнде жарастық тапқан, айрандай ұйып отырған тәртіп сақшысының жанұясында алтын асықтай бір ұл, күміс қасықтай үш қыз бала желкілдеп өсіп, құрақтай жайқалып жетіліп келеді.
Ата-ананың міндеті – қоғамға, Отанға, халқына адал қызмет етіп, оның өркендеуіне үлес қосумен қатар, сол Отанның ертеңі болып табылатын, ұлтымыздың демографиялық өсуіне үлес қосатын ұрпақ тәрбиелеу және оған сапалы білім беру. Олардың үлкен ұлы Есімхан 6-сыныпта, Ақбота 4-сыныпта, Жансу 1-сыныпта, ал кенжесі Інжу даярлық бөлімінде үздік оқып, тәрбиеленуде. Барлығы да өнерге жақын, ән айтады, домбыра тартады, би үйірмесіне қатысып, бангментон спортымен айналысып, білімдерін спортпен серік етіп, шымыр болып, шынығып өсіп келеді. Оларды бангментоншы отбасы деп жерлестері мақтан тұтады. Біз бангментоннан да әлем біріншілігінің жеңімпазы шықсын деп тіледік.
«Айрандай ұйып отырған» деп осындай жұбы жарасқан, қызметі абыройлы көпбалалы отбасын айтса керек.

Балтакесті ӨТЕБЕКОВ, Түркістан облысы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*