«Сен де бір кірпіш дүниеге…»

Алматы қаласындағы ЛА-155/6 түзеу мекемесінде жазаларын өтеп жатқан жасөспірімдер арасында ұлы Абайдың 175 жылдығына орай «Сен де бір кірпіш дүниеге…» атты әдеби-сазды кеш өтті.
Көңілді іс-шараны ашқан мекеме бастығы Е. Шәкенов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын мемлекеттік деңгейде атап өту туралы заңға қол қайғанын, бүгінде заң талаптарын жүзеге асыру аясында елімізде атқарылып жатқан іс-шараларға тоқтала келіп: «Біздің мекеме ұжымы мен жасөспірімдердің осы маңызды іс-шарадан қалыс қалмай, сотталғандар арасында Абайдың тәрбиелік маңызы зор нақыл сөздерін насихаттаудың маңызы зор.
Әсемпаз болма әрнеге,
Өнерпаз болсаң – арқалан.
Сен де бір кірпіш дүниеге,
Кетігін тап та бар қалан, – деп Абай атамыз айтқандай, сендердің әрқайсыларыңның да өмірден өз орындарыңды тауып, кірпіш болып қалануға мүмкіндіктерің бар. Мен сендердің еркін өмірде еліміздің өркендеуіне үлес қосатын азамат болатындарыңа сенемін», – деді.
Абайға арналған іс-шарада Алматы қаласы Жетісу ауданының әкімі Мақсат Кикимов та сөз сөйлеп, мекеме кітапханасына «Ұлы дала елі», «Қазақтың 60 батыры», «Қазақтың дәстүрлі қару-жарақтары», «Абай жолы», «Қазақстан тарихы» кітаптарын сыйға тартты.
Жасөспірім сотталғандар, сондай-ақ, аралас жекпе-жектен үш дүркін әлем чемпионы Ардақ Назаровтың да әңгімесін қызыға тыңдады. Қонақтар балалар оқыған Абай өлеңдері мен әндеріне риза болып аттанды.

Гүлнәр МАҒЗҰМОВА, Алматы қаласы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*