Әскер әлеуеті тексерілді

«Жау жоқ деме, жар астында» демекші, қай уақытта да айрандай ұйыған елді ірітушілер табылады. Сол себепті, қоғамдық қауіпсіздікті қадағалайтын әскери күштердің қуаттылығы, білімділігі басты назарға алынып отыр.
Осы орайда таяуда Ақтау қаласында Ұлттық ұланның «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 6656 мен 3502 әскери бөлімдерінің жеке құрамы жауынгерлік дайындықтарының деңгейін көрсететін жазғы оқу кезеңі бойынша сынақ тапсырды.
Тексеруді «Батыс» өңірлік қолбасшылығы басшысының орынбасары, полковник Павел Ситников бастаған комиссия мүшелері қабылдады.
Қорытынды тексерістің алғашқы күні әскери бөлімнің клубында бөлім басшылығының баяндамаларынан басталды. Алдымен сөз сөйлеген «Батыс» өңірлік қолбасшылығы басшысының орынбасары, полковник Павел Ситников тексеріс кестесімен таныстырды.
Одан кейін бөлім командирлері, подполковниктер Марат Рахпанов пен Ерік Усанов өз бағыттары бойынша атқарылған жұмыстар жайында толықтай баяндама жасады. Бұдан соң саптық тексеру өткізілді.
– Әскери бөлімнің барлық жауынгерлері сындарлы сынақтан өтіп жатыр. Олардың деңгейлерін сараптайтын боламыз, үздік әскери бөлімдер, үздік әскери қызметшілер айқындалады. Тексеріс атыс даярлығы, жауынгерлік машиналарды жүргізу, дене даярлығы, мемлекеттік-құқықтық даярлық және кәсіби, командирлік даярлық пәндері бойынша өтеді. Қорытынды тексеріс жыл сайын, жылына бір рет өтеді. Тек жақсы деген баға алады деп үміттенеміз, – деді полковник Павел Ситников.
Сынақ барысында жоғарыда аталған пәндерден бөлек, инженерлік, топографиялық, әдістемелік, тактикалық дайындық барысы да тексерілді. Сондай-ақ, денешынықтырудан да сынақ алынды. Белтемірге тартылу, 100 метрге және 3 шақырымға жүгіру, қоян-қолтық ұрыс бойынша барлық жиынтық көрсеткіш – жауынгердің денешынықтыру дайындығына берілетін баға болып табылады. Олардың арасынан белтемірге ең көп тартылған аға лейтенанттар Е. Андасов, Р. Жақыпов, лейтенант Ж. Бортекеевтің аттарын атауға болады. Ал подполковник Д. Гуркин, капитан Д. Әбдікәрімов, аға лейтенант Н. Шыназбеков, старшина У. Кульчаров, сержант Ж. Оралов, ефрейтор А. Тәткенов «үздік желаяқ» атанды.
Одан кейін әскери бөлімнің сардарлары мен сарбаздары оқу-жаттығу орталығында тактикалық, жаппай қырып-жою қаруынан қорғану және ату дайындығы бойынша пәндерден емтихандар тапсырды.
Қарумен түнгі және күндізгі атудан подполковник Л. Подковырова, майорлар Н. Карабалин, К. Нуриманов, А. Юсупов, А. Даиров, Г. Исабаев, капитандар Д. Жүнісов, О. Данияров, М. Мырзахметов, лейтенант А. Думбаев, сержант Б. Алмағанбетова үздік болды. Алаңда сынақтар жүріп жатқанда майор Е. Пак бастаған редакциялық ұжым тобы далалық үгіт-насихат тақтасына әріптестерінің жетістіктерін жазып, жауынгерлік үн-парақ пен радиогазета шығарып үлгерді.
Тексерудің жалпы қорытындысы бойынша Ақтау гарнизонының жеке құрамы барлық пәндер дайындығы бойынша «жақсы» деген баға алды.
Жауынгерлер үшін осылай сынақ тапсыру – жылдағы дәстүр. Қару-жарақтарын асынып, сапта сақадай-сай тұрады. Қатардағы жауынгерден бастап, шенділердің бәрі бірдей әскери тәртіпке бағынады. Форманы кию, автоматты жинау шектеулі уақытта орындалуы тиіс талаптар. Оқу-жаттығуда басшылық және командалық құрам әскери біліктілік пен шеберліктерін көрсете білді. Саптық, тактикалық және атыс даярлықтарын пысықтады.

«Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*