Браконьерлік үшін жаза күшейтіледі

Кеше Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Мақсат Байболов пен ЭГТРМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары Марлен Айнабековтің қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті.
Шара барысында спикерлер Мемлекет басшысының «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмалары бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар хақында хабардар етті.
Бүгінгі таңда жануарлар дүниесін қорғау саласындағы қалыптасқан жағдай браконьерлікке қарсы күресте кешенді шаралар қабылдау керектігіне көз жеткізе түсіп отыр. Сондықтан да Мемлекет басшысы браконьерлік үшін жауапкершілікті күшейту жөнінде шұғыл шаралар қабылдауды тапсырған болатын.
Тапсырманы іске асыру шеңберінде Ішкі істер министрлігі Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігімен, Бас прокуратурамен бірлесе отырып браконьерлік үшін жазаны қатаңдатуға қатысты заңнамаға бірқатар түзетулер енгізді.
ҚК, ҚІЖК және ӘҚБтК-ға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Заңсыз балық аулағаны, заңсыз аң аулағаны, жануарлар мен өсімдіктер дүниесі объектілерімен заңсыз айналысқаны, заңсыз ағаш кескені үшін ҚК-де санкция және т.б. ұлғайтылды.
Отырыс барысында ІІМ ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекторлардың қызметтік автокөліктерін жарық және дыбыс сигналдарымен жабдықтау және белгілі бір түсті графикалық схемалар бойынша құқық қорғау және арнайы органдардың арнайы автокөліктерімен тең дәрежеде бояу кұқығын беру мәселесі келісілді. Қазіргі уақытта заңнамаға тиісті өзгерістер енгізіледі.
Жануарлар мен өсімдіктер дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекторларға қызметтік қарумен (ойық тапаншамен, карабинмен не тегіс ұңғылы қарумен) қарулану құқығы берілген. Мемлекеттік инспекторлардың қызметтік қаруды қолдану тәртібі Үкіметтің 2012 жылғы 24 мамырдағы №670 қаулысымен бекітілген.
ІІМ браконьерлікке қатысы бар адамдардың есебін жүргізу мақсатында «ақбөкен аулаушы» (ақбөкенді аулаумен айналысатын адам); «дериваттарды өткізуші/сатып алушы» (ақбөкен дериваттарын тасымалдаумен, сақтаумен, сатумен және сатып алумен айналысатын адам) есебі енгізілді. Бүгінгі күні бұл есепке 80-нен астам адам алынды.
Сонымен қатар, биылғы жылдың тамыз айында «Охотзоопром» ӨБ РМҚК инспекторлары үшін Ішкі істер министрлігінің (бұдан әрі – ІІМ) аумақтық бөлімшелері кұқық бұзушыларды ұстау негіздері бойынша теориялық және практикалық сабақтар өткізді.
ІІМ жануарлар мен өсімдіктер дүниесін мемлекеттік қорғау қызметкерлерінің біліктілігін арттыру үшін «Браконьерлікпен күрес жөніндегі шараларды заңнамалық қамтамасыз ету» оқу бағдарламасы дарярланды.
«Охотзоопром» инспекторларының біліктілігін арттыру үшін биылғы жылдың қараша айынан бастап ІІМ Қарағанды Академиясының базасында (15 адам) оқу курстары ұйымдастырылып, өткізіледі. Олар үшін ұстау негіздеріне, қаруды қауіпсіз ұстау ережелеріне, қылмыстық іс жүргізу, қылмыстық және әкімшілік заңнама нормаларын қолдануға арналған арнайы оқу бағдарламасы әзірленді. Кейіннен осыған ұқсас оқу курстары ІІМ-нің басқа оқу ұйымдарының базасында ұйымдастырылатын болады және барлық «Охотзоопром» инспекторларын оқыту жоспарлану үстінде.
Сондай-ақ, аумақтық бөлімшелердің табиғат қорғау полициясы қызметкерлерімен бірлескен рейдтер жүргізу кезінде құқық бұзушыларды ұстау, қудалау және табельдік қаруды қолдану негіздері бойынша теориялық және практикалық сабақтар өткізеді.
ІІМ жыл сайын «Бекіре», «Браконьер», «Уылдырық шашу» және т.б. жедел-алдын алу іс-шараларын ұйымдастырып, өткізеді.
2019 жылға арналған жедел-профилактикалық іс-шаралар мен арнайы операциялар жүргізу кестесіне сәйкес қазан айында ел аумағында табиғат корғау заңнамасын бұзу фактілерін анықтауға және жолын кесуге бағытталған «Браконьер» іс-шарасы өтті.
Ал жалпы іс-шара нәтижелері бойынша 2 мыңнан астам (2442) табиғат қорғау заңнамасын бұзушылық анықталды, оның ішінде: заңсыз аң аулау – 1155, ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу – 160, заңсыз балық аулау – 642, биологиялық ресурстар объектілерін және олардың өнімдерін заңсыз сатып алу, өткізу және алып жүру – 31, аңшылық қаруды алып жүру және тасымалдау ережелерін бұзу – 310 (2442), заңсыз аң аулау – 1155, заңсыз балық аулау, басқа – 144. Анықталған фактілер бойынша 192 адамға катысты 177 сотқа дейінгі қылмыстық тергеу басталды, оның ішінде жедел-іздестіру шаралары кезінде 51 адамға қатысты 47 іс сотқа жіберілді.
Биыл полиция органдары жалпы республика бойынша 10 мыңнан астам (10746) табиғат қорғау заңнамасын бұзушылықты анықтады.
Ал соңғы 5 жылда ішкі істер органдары 417 ақбөкенге браконьерлік және олардың мүйіздерінің заңсыз айналымы фактісі анықтады, 525 адамды ұстады, 212 қылмыстық іс сотқа жіберілді, 309 адам сотталды. 2193 ақбөкеннің ұшасы табылып, тәркіленді, заңсыз айналымнан 7610 мүйіз алынды. Шығын шамамен 11 млрд 358 млн теңгені құрады.
Сонымен катар, 2019 жылдың басынан бері Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің аумақтық бөлімшелері 7421 табиғат қорғау рейдін және 871 тексеру жүргізіп, 7313 табиғат қорғау заңнамасын бұзушылықты анықтады, оның ішінде аңшылық бойынша – 745, орман тәртібін бұзу бойынша – 1024, балық бойынша – 5544. Әкімшілік жауапкершілікке 5921 адам, қылмыстық жауапкершілікке 48 адам тартылып, 77,7 млн теңге сомасына әкімшілік айыппұл салынды, 69,1 млн теңге өндірілді.
2018 жылдың ұқсас кезеңінде 7330 заң бұзушылық анықталып, 6292 адам әкімшілік жауапкершілікке, 38 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. 85,1 млн теңге көлемінде айыппұл салынып, осы уақытқа дейін соның 72,1 млн теңгесі өндірілді.

Бауыржан БЕРІКҰЛЫ
Суретті түсірген Медет ӘШІРБЕКОВ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*