Жол ережелерін сақта, жүргізуші!

Қазіргі заманның толғауы тоқсан аса күрделі мәселелерінің бірі – жол-көлік оқиғалары. Осы келеңсіз оқиғалардың алдын алу мен олардың салдарын жою бағытында Ұлттық ұлан әскерінде көптеген іс-шаралар атқарылуда. Сондай іс-шараның бірі – «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты Б. Момышұлы атындағы 28237 әскери бөлімде 15 қазаннан бастап жол-қозғалыс қауіпсіздігін сақтау бойынша айлық шарасы өтуде. Ол 15 қараша күні аяқталады.
Айлық барысында бөлім жеке құрамының арасында жол-көлік оқиғаларының алдын алу, ескерту, апатты жағдайларды болдырмау мақсатында тұрақты түрде насихат шаралары, сабақтар, көлік құралдарының жай-күйіне, сондай-ақ, әскери қызметшілердің жол ережелерін білу деңгейін анықтауға арналған тексеріс рейдтері ұйымдастырылуда. Сонымен қатар, әскери және жеке автокөлік жүргізуші әскери қызметшілерге жол ережелерін бұзу бойынша қылмыстық және әкімшілік кодекстерінің баптарын жеткізу және оларды түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, барлық әскери қызметшілердің санаттарымен жол-қозғалыс ережелерін білу бойынша сынақтар қабылданды.
Әскери бөлімнің клубында өткен ақпараттандыру сағаты барысында әскери полиция бөлімшесінің қызметкерлері 2019 жылы Ұлттық ұлан әскерінде орын алған жол-көлік оқиғалары деректері бойынша ақпараттарды жеткізіп, әскери қызметшілер әрдайым жоғары мәдениеттіліктің, қарапайымдылық пен ұстамдылықтың үлгісі ретінде қызмет етуі, ешқашан жол-қозғалыс ережелерін бұзбауы тиіс екендігін пайымдады.
Ақпараттық сағат соңында барлық әскери қызметшілерге Қазақстан Республикасындағы орын алған жол-қозғалыс оқиғаларының тізбегі жинақталған «Бұл оқиғаның болмауы мүмкін еді!..» атты бейнежазбасы көрсетілді.
Сондай-ақ, Автокөлік жүргізушілерінің күніне орай әскери және жеке автокөліктерін ақаусыз күйде ұстап, жол-қозғалыс ережелерін бұзбаған және өзгелерге үлгі бола білген бірқатар әскери қызмтешілер бөлім командирінің құқығымен марапатталды.

Айдос БАЙШАҒЫРОВ, Алматы облысы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*