Балалар батырларды пір тұтады

Қостанай облысында полиция қатарындағы батырлармен кездесу өтті. Шараға қызмет бабында ерлік көрсеткен тәртіп сақшылары қатысып, басқа адамдардың өмірі үшін тәуекелге дайын болу керектігі туралы айтты.
Іс-шараға полицейлердің отбасылары, ата-аналары қатысты. Олар өздерінің жақындарын мақтан тұтатынын және олар үшін әрдайым алаңдайтынын жеткізді, себебі олардың кәсібінде қауіп-қатер қатар жүреді.
Полиция департаменті бастығының орынбасары Ардақ Ынтықбаев осындай іс-шаралар қызметтің беделін көтеруге және залда отырған жас полиция қызметкерлерін ерлікке ынталандыруға, сондай-ақ, ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз етуге көмектеседі деп атап өтті.
Алғашқылардың бірі болып Б. Майлин аудандық Полиция бөлімінің жол-патрульдік тобы қызметкерлері, аға сержанттар Нұрболат Тілеубергенов пен Руслан Мұқанов сөз алды. Олар 18 сәуірде жанып жатқан үйден ер адамды аман алып шыққан болатын. Құтқарылған жергілікті тұрғын Иван Тихоход ауруханаға дер шағында жеткізіліп, оған медициналық көмек көрсетілді. Осылайша, ол тәртіп сақшыларының арқасында ажалдан аман қалған еді.
Жас полиция қызметкерлеріне өз жұмыстары туралы учаскелік полиция инспекторы Жеделхан Нұрпейісов айтып берді. Ол 2019 жылдың 1-8 шілде аралығында өткен республикалық байқауға қатысып, жеңімпаз атанды. Дауыс беруге еліміздің әр аймағынан 17 учаскелік полиция инспекторы қатысқан болатын.
Жеделхан Нұрпейісов өз мамандығы туралы залдағы сұраққа жауап бере отырып, қызметінің қызықты сәттерімен де бөлісті.
– Қыс кезі болатын. Үстімде қызметтік қалың киімім бар. Кенет үйдің ауласында ұрлық жасап жатқан адамды көрдім. Ер адамға айқайлап едім, ол қашып кетті, мен артынан қудым. Оны тезірек қуып жету үшін сыртқы киімімді, бас киімімді шешіп тастап, әрі қарай қуа бердім. Нәтижесінде ұстап алдым. Ал бұрылып артыма қарасам, менің жолай лақтырып кеткен киімдерімді бір әйел жинап әкеліп беріп тұр. Қарапайым жайт болғанымен, осы бір сәт өзіме ерекше әсер етті, – деді Ж. Нұрпейісов.
Сарыкөл ауданы Полиция бөлімінің қызметкерлері, полиция майоры Әнуар Омаров пен аға сержант Александр Ильяшов тұтас отбасыны өрттен қалай құтқарғаны туралы айтып берді.
Жаздың күні Сарыкөл кентіндегі Тәуелсіздік көшесінде жеке секторда өрт болды. Полицейлер көшені барлау барысында өртті байқап, дереу көмекке ұмтылады. Мұнда шаруашылық құрылыстары өртенген. Барлық аула мен көрші үйлерді түтін басқан.
Полиция қызметкерлері үйге келіп, ес-түссіз жатқан 68 жастағы 2-топтағы мүгедек Владимир Чирковты көрген. Полиция қызметкерлері оны көшеге шығарып, алғашқы медициналық көмек көрсетіп, медицина қызметкерлерін шақырады. Жедел жәрдем машинасы қарт адамды Сарыкөл ауданының орталық ауруханасына жеткізеді. Сондай-ақ, тәртіп сақшылары 76 жастағы үй иесі Галина Зименконы да үйден аман алып шығады.
– «Ерлік сабақтары» облыстың барлық полиция бөлімшелерінде өтеді. Жыл басынан бері Қостанай полициясының 30-дан астам қызметкері ерлік көрсетіп, сол үшін мемлекеттік маңызы бар наградалармен марапатталды, – деп атап өтті Кадр саясаты басқармасының бастығы Бағдат Итесов.
Кездесу соңында Сарыкөл ауданы Полиция бөлімінің қызметкерлері ІІМ-нің төс белгісімен марапатталды.

Қостанай облысының ПД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*