Үйсіздерді үсік шалмауы үшін

Петропавлда суық түскенде үйсіз жүргендер түнеп шығу орнын паналай алады.
Петропавл полицейлері суық түсе басталысымен тұрақты мекенжайы жоқ адамдарды анықтау бойынша жұмыстарын жандандыра түсті. Тәртіп сақшылары таңғы сағат 9.00-ден кешкі 19.00-ге дейін үйсіздер көп жүретін жылу құбырларын, вокзал маңын, жертөлелерді, қоқыс полигондары мен базарларды тексереді. Нәтижесіне жыл басынан қалалық Полиция басқармасының қабылдау-тарату орнына 2348 адам жеткізілді. Оның 299-ы сот санкциясымен сол жерге орналастырылды.
Қалалық Полиция басқармасы қабылдау-тарату орнының бастығы Руслан Әлібаевтың сөзіне қарағанда, «Қаңғыбас» жедел-профилактикалық іс-шарасы мамыр және қыркүйек айларында өткізілді. Оған полицияның барлық бөлімшелері жұмылдырылды. Учаскелік инспекторлардың өздері ғана қабылдау орнына 265 адамды әкелді. Бұл жерде қаңғыбастарды фото-бейне түсірілім түрінде есепке алады, іздеуде бар-жоғын білу үшін саусақ іздерін тексереді. Биыл қабылдау орнына 215 адам тіркеуге алынса, соның 61-і – әйел. Қаңғыбастардың орта жасы 40 пен 50 аралығында. Олар жазда қараусыз қалған саяжайларда тұрса, күн суытысымен қалаға оралып, вокзал, базар маңдарын жағалайды. Көпқабатты үйлердің кіре-берістерінде түнейді. Мұндай жағдайды байқаса, тәртіп сақшылары тұрғындардан шұғыл түрде полицияға хабар беруді сұрайды.
Жұмысшы кентінің 2629 шақырым мекенжайы бойынша орналасқан тұрақты мекенжайы жоқ адамдарға арналған түнеу орны биыл да жұмыс істейді. 50 орынға шақталған орталық салқын түсе салысымен 1 қазаннан ашылып, жататын жері жоқ жандарды қабылдай бастады. Қаңғыбастар бұл жерде кешкі сағат 18.00-ден таңғы 10.00-ге дейін бола алады. Әзірше келушілер аз болғанымен, аязды күндері түнеу орны лық толады. Бұл олардың үсік алмауына, аязда қатып қалмауына көмектеседі.
«Тұрақты мекенжайы жоқ адамдардың тарапынан қоғамдық тәртіп бұзылған жағдайда қала тұрғындары Полиция басқармасының қабылдау-тарату орнының кезекші бөліміне 8 (7152) 52-92-99 телефон нөмірі арқылы хабарлауға болатынын естеріңізге саламыз. Рейд жүргізетін топ күн сайын жұмыс істейді, сондай-ақ, аязды күндері оларды анықтау және орталыққа жеткізу жұмыстары күшейтілетін болады», – деп атап өтті Руслан Әлібаев.

Солтүстік Қазақстан облысының ПД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*