Қос сотталған кәсіп ашты

Қызылорда облысында қалалық және аудандық пробация есебінде тұрған азаматтардың жұмыспен қамтылуы және жаңа кәсіп ашулары оң жолға қойылған. Аталған азаматтардың білім алып, белгілі бір кәсіп иесі болуына бар мүмкіндік жасалуда.
Қызылорда қалалық Пробация қызметінің есебінде тұрған 2 сотталған нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қаржылай емес қолдау операторы ретінде ұйымдастырылған «Бастау Бизнес» кәсіпкерлік негіздерін оқыту курсы шеңберінде «Жас кәсіпкер» жобасы бойынша оқуларын аяқтап, сертификаттарын алды. Бұл азаматтар жеке кәсіп ашу мақсатында өз жобаларын ұсынды. Жобалары қолдау тауып, мемлекеттен 501 900 теңге көлемінде қайтарымсыз қаражат алды. Қазіргі уақытта екі азаматтың біреуі «Орда Тюнинг» ЖК жапондық технологиясы бойынша кез келген бұйымға табиғи ағаштың бейнесін жасайтын кәсібін ашса, екіншісі «Сұлтан» ЖК фото-видео студиясын ашып, кәсібін дөңгелетіп отыр.
«Кәсіппен айналыссам деген адамдарға мемлекет тарапынан қолдау көп. Қазіргі таңда Қызылорда қалалық Пробация есебінде 672 азамат есепте тұр. Жыл басынан 63 азамат жұмысқа орналастырылды. Оның ішінде 25 азамат квота арқылы «Енбек- Қызылорда» РМК-на жұмысқа орналасты.
Пробация есебінде тұрған 2 азамат қайтарымсыз қаражат алып, кәсібін ашса, тағы 2 азамат өз кәсібін ашу үшін оқып жатыр. Кәсібін алға дөңгелеткісі келетіндер үшін қайтарымсыз қаражат едәуір көмек. Сонымен қатар, 2 әйелге біржолғы атаулы әлеуметтік көмек көрсетілсе, 8 азаматқа жеке куәлік алуға көмек берілді. Тұрғылықты мекенжайы жоқ 3 азаматты әлеуметтік оңалту орталығына орналастырдық.
Қалалық жастар ресустық орталығымен бірлескен меморандум аясында темір тордан босап шыққандарды қоғамға қайта бейімдеу мақсатында жоспарға сәйкес мәдени-шаралар өткіземіз. Биыл қыркүйек айында Азаматтардың бастамаларын қолдау қоғамдық қорымен бірлесіп пробация есебінде тұрған 5 азамат тарихи-өлкетану орындары – Оқшы Ата мазаратына, Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне, Сауран, Сарайшық қалашықтарына экскурсия жасады», – деді қалалық Пробация қызметі бастығының орынбасары, әділет майоры Айгүл Болатбекқызы.
Сотталған азаматтарды қайта тәрбиелеу – қылмыстық атқару жүйесі органдарының ғана емес, барша қоғамның міндеті болуы керек.

Дана ДОСТАНОВА, Қызылорда облысы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*