Қызметте батыл Балтамбекова

Санира Балтамбекова – жас та болса жұмысына адал берілген, өз ісіне тиянақты қарайтын маман. Ол жасөсіпірімдермен жұмыс істеу үшін үлкен төзім мен жауапкершілік керектігін айтады.
«Мен алғашқы еңбек жолымды Алға ауданында бастадым. Алға – шағын қала. Ол жерде кезінде ірі өндіріс орындары болған. Халық тығыз қоныстанған жер. Жас маман ретінде біраз тәжірибе жинақтадым.
Әртүрлі тағдыр бар. Әсіресе, ішімдікке салынып, баласына қарамайтын аналар да болды. Оларды түзу жолға салу, бала тәрбиесіне жауапкершілікпен қарауды сезіндіру үшін біраз тер төгуге тура келеді.
Мәселен, күйеуі қайтқан, өзі ішімдікке үйір жас ана болды. Соны қадағалауыма алдым. Бірнеше рет ескерттім. Әйел ішуін қоймады. Баласына қарамай, тамақ та бермей, аш қалдырып кететін кездері болды. Соны көріп, шыдай алмадым. Баланы алып, «Үміт» сәбилер үйіне жеткізіп, өзін мәжбүрлеп емдетуге тапсырдым. Кейін ол әйел арағын қойып, жұмысқа тұрып, баласын қайта алды. Дұрыс жолға түсті.
Алға қаласында мектеп жасындағы балаларына қарамайтын, әке шешесі де арақ ішетін қолайсыз отбасылар да болды. Оларды үнемі бақылап, балаларының жағдайына алаңдап жүрдім. Жас болсам да, еш қиындыққа мойымай, жолдасым мен кішкентай балаларымды қалада енеммен қалдырып, Алғада жұмыс жасадым.
Алғада біраз тәжірибе жинақтап, қалаға ауыстым. Өз учаскемде 6-шы орта мектеп пен Ақтөбе музыка колледжі бар. Жалпы 1500-ге жуық оқушы мен колледжегі 200-ге тарта кәмелетке толмаған жасөспірімдер бар.
Мектепке келісімен ата-аналармен тығыз байланыс орнатуға бел будым. Өзімнің суретімді, қызметім туралы шағын мәлімет жазып, байланыс телефондарымды жазып қойдым. Содан кейін күнде телефоныма күнде маза жоқ. Бұл бір жағынан ата-аналармен тікелей жұмыс істеуге өте қолайлы болды. Осылайша мектепте жүріп, күнде әр баланың тағдырына жіті назар аударатын болдым. Бала деген өсіп келе жатқа жас шыбық тәрізді. Оны күтіп, баптаса, жайқалып өсіп, үлкен мәуелі бәйтерек болары сөзсіз. Менің өз тәжірибемде байқағаным – балалар бұрынғыдай емес, қазір ашушаң. Заман ағымы өзгеріп, технологиялар дамыған сайын, балалар ашушаң, тез ренжігіш болып барады.
Мысалы, жуырда анасымен тіл табыспай кетіп қалған жасөспірім қызды үйіне қайтардық. Өзімен де, анасымен де жеке сөйлесіп, психологиялық тұрғыдан өзара тіл табысуларына көмек жасадық. Әкесі бөлек тұрады екен. Сондай кезде жасөсіпірімдермен тәртіп сақшысы ретінде ғана емес, апалық ақылымды айтып, жайлап тіл табысып, түсіндіруге тырыстым.
Жуырда мектепте бірінші сынып оқушысын анасы емес, арақ ішетін басқа адам алып кеткенін байқап, оқушының тұратын жеріне барып, анасымен сөйлестім. Араққа үйір ана екінші баласымен шағын жер үй жалдап тұрады екен. Қасындағы бөтелкелес досын баланы мектептен әкелуге жұмсаған екен. Сондықтан бала өмірінің қауісіздігі үшін анасына ескерттік, екінші рет тағы қайталнғасын анасынан екі баласын алып, «Аяла» орталығына орналастыруға тура келді. Әйел ішкі істер органдарында есепте тұр. Жолдасы жол апатынан қайтыс болған, үлкен қызы бар екен. Ауданда тұратын қызына хабарласып, анасының жайын түсіндірдік. Содан ол келіп, анасына пәтер жалдап беріп, жұмысқа орналастырып, арағын тастауына көмектестік. Қазір күн сайын қарап, үйлеріне соғып, қадағалап тұрамын. «Балаларымды ойлап, арағымды қойдым, түзу жолға түстім» деп, дұрыс қалпында жүр. Міне, осындай тағдырлар біраз.
Тағы да есіме түсіп тұрған жағдай: осыдан біраз жыл бұрын ескі қаладағы мешіт маңында бір ауыратын әйел қасындағы балаларымен қайыр сұрап жүр. Баласы 10-да, әлі мектепке бармаған деген ақпарат түсті. Содан мектеп басшылығы мен сол әйелді орталық базардан қуып жүріп ұстап алып, өзімен сөйлесіп, баланы мектепке орналастыруға әрең келістік. Баланы киіндіріп, оқу құралдарын алып бердік. Тұратын жерлері жоқ. Өзін психоневрологиялық диспансерге емделуге жібердік. «Маған баламды алдың, енді өзімді жындылар үйіне жібермексің» деп алғашында түсінбестік танытты. Қазір өзі де, баласы да риза. Баласы 10 жасында бірінші сыныпқа барды. Бүгінде 4-сыныпта жақсы оқып жүр. Мектепішілік мәдени шараларға қатысады. Әйелдің жолдасы қайтыс болған екен. Ол бүгінде 6 ай емделіп, баласымен апасының үйінде тұрып жатыр. Осындай түрлі тағдырлар бар.
Біз өз аумағымыздағы әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға да қолдау танытамыз. Биыл жағдайы, күнкөрісі төмен, мектепке бара алмай отырған отбасыларға «Мектепке жол» шарасы аясында біздің бөлімнің ювеналды топ өкілдері бірігіп, киім-кешек пен оқу құралын алуға жәрдем бердік. Қолымызда келгенше қайырымдылыққа да үлес қосамыз. Бүгінгі бала – ертеңгі еліміздің өркендеуіне үлес қосатын болашақ азамат. Олардың жастайынан тұрмыс тауқыметін тартып, күйзеліп, қатарынан қаламауларына қамқор болу – біздің парызымыз.
Әр балаға, әр студентке өз баламыздай қарауға тырысамыз. Ата-аналардың дені баласы мектеп бітіріп, оқуға түскен соң, оларды өз бетінше жібереді. Ата-аналар балаларына үнемі қамқорлық жасаулары керек. Баланы оқыту, тәрбие беріп, азамат етіп қалыптастырудың түп төркіні – отбасындағы тәрбиесінде екеніне мән берілсе. Кәмелетке толмаған жасөспірімдер ісі жөніндегі мектеп инспекторы болу –үлкен жауапкершілік», – дейді біздің кейіпркеріміз.
Қоғамдық тәртіпті сақтау және қылмыспен күресте қызметтік міндеттерін үлгілі орындағаны үшін Ақтөбе қалалық Полиция басқармасы Алматы ауданы 3-ші қалалық полиция бөлімінің кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторы, полиция капитаны Санира Балтамбекова Тұңғыш Перзидент Н. Назарбаевтың қолынан Құрмет грамотасын алған.

Ақтөбе облысының ПД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*