Бодан ақсақалдың бақыты

Алдыңғы аға буын, көнекөз қариялар туралы әңгіме қозғалғанда өз заманының қадірлі ақсақалы болған Бодан Қайрақбаев ағамыз есімізге түседі. Бодан ағамыз қазіргі Сырдария ауданының Талсуат елді мекенінде 1919 жылы қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген.
Қызылорда қаласындағы Бірінші Май мектебін 1938 жылы үздік бітірген жасөспірім 1939 жылы әскер қатарына шақырылып, Ресейдің Смоленск облысында, Батыс Украина, Армения және Әзербайжан республикаларында темір жол құрлыстарын күзететін әскери бөлімшеде борышын өтегеннен кейін, 1943 жылдан бастап, Украинаның Николаевск облысында «Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті» басқармасының жедел уәкілі болып 1946 жылға дейін қызмет атқарды.
Елге аман-есен оралғаннан кейін, 1946 жылдан бастап Қызылорда облыстық басқармасында тергеуші болып қызметін жалғастырды.
Бодан аға 1951 жылы Ленинград қаласындағы «Жоғарғы өрт-техникалық училищесіне» оқуға түсіп, оны ойдағыдай тәмамдағаннан кейін Қызылорда облыстық атқару комитетінің ұйғаруымен облыстық Ішкі істер басқармасының өрттен күзету бөліміне қызметке тағайындалды.
Осы салада қарапайым инспекторлық қызметтен бастап барлық сатылардан абыроймен өтіп, басшылық қызметке дейін көтерілген ағамыз 1975 жылы зейнеткерлік демалысқа шықты.
Бодан ағаның ұзақ жылғы абыройлы еңбегі Үкімет тарапынан лайықты бағаланып, кеудесінде көптеген медальдармен жарқыраса, Ішкі істер министрлігі тарапынан берілген мақтау қағаздары қаншама.
Өз заманының көзі ашық, зиялы азаматы болған ағамыздың жастарға жасаған қамқорлығын, ақыл-кеңестерін қазіргі шәкірттері үлкен тебіреніспен, ризашылықпен еске алады.
Қайрақбаев Бодан ақсақалдың отбасын «Өрт сөндірушілер әулеті» деп айтуға толық негіз бар. Өзінің жолын қуған Сламбегі де өрттен қорғау саласында қызмет етіп, майор шенімен зейнетке шықты.
Үш ұл, екі қызын тәрбиелеп өсіріп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған ағамыз 17 немеренің атасы атанады.
Қызылорда облысының өрттен қорғау тарихын Бөкеңнен көп білетін кісі қазір санаулы-ақ (офицер болғандардан), ал кәсіби өрт сөндірушілерден ұзақ жылдар еңбек еткен еңбегі сіңген кісілер бар, олар жайлы әңгіме сәл кейінірек айтылады.
Бөкеңнің өмір жолын толық білемін десем, артық кеткендігім болар, дегенмен облыстық өрттен қорғау бөліміндегі оқу бекетінде бірге қызмет еткен жылдары (зейнетке шықса да өз тәжірибесін, білімін, жастарды тәрбиелеуге, өрт қауіпсіздігін насихаттауға арнаған кездері еді) ол кісінің әңгімелеріне ден қойып талай тыңдағанмын. Білгің келіп, өрттен қорғау саласынан әңгіме сұрай қалсаң, ерінбейтін, өзіне тән ашықтығымен көсіле жөнелетін. Осындай өзі қызмет еткен саласының шежіресі көпке өнеге болар өмір жолы бар қарттардың барлығына шүкірлік еткендей боласың.
Бұрынғы Сырдария ауданының бір кеңшарында 140 тонна престелген шөп жанды деген ақпаратқа орай Бөкең тексеру жұмыстарын жүргізеді (ол кезде өрттің тергеуін өрттен қорғау қызметкерінің өзі жүргізіп, сотқа өткізеді екен). Тексеру барысында әр престің салмағы жайлы мәлімет алынып, өрт болған жердегі престің сымдарын тырмалап, жинап алып, өлшеп, санап, ол жерде бар-жоғы 14 тонна ғана шөп болғаны дәлелденді.
Кеңшар басшыларының оны мойындаудан басқа амалдары қалмаған (ол кезде жоғарыға асырып мәлімет беретін уақыт қой, әйтпесе жоспарды орындамаған басшы аудандық бюрода қаралып, қатаң шара көрілетін кез). Әрине, өз өтіріктерінің салдарынан кеңшар басшылары тиісті жазаларын да алған шығар. Біздің айтпағымыз ол емес, осы өрттің нақты шығынын анықтаудағы Бөкеңнің кәсіби білгірлігіне ғана тоқталу.
Алпысыншы жылдары ОРС НОД-тың қоймасында жиналған қоқысқа темекі тастап кетуден өрт шығып, жақында келіп түскен бірнеше жиһаз жанып кетеді. Қоймашыдан неше жиһаз жанып кеткендігі жайлы мәлімет алынып, іске тігіледі. Бөкең үйіндіні тексеріп жүріп, жанған жиһаздардың топсаларын жинайды, бірақ мәліметтегі жиһаздың біреуінің топсасы жоқ болып шығады. Қысыңқырап сұрағанда біреуін бір үлкен бастыққа беріп жібергенін мойындайды. Сөйтіп бұл өрттің де шығыны, кінәлі кісілер бұлтартпас айғақтармен анықталады.
Қаланың жаңа базарында дүңгіршек (киоск) өртеніп, орнында күлі ғана қалған. Өрт түнде болғандықтан оның шығу себебін, шығынын анықтау өрттен қорғау мекемесінің анықтаушысына жүктеледі.
Сатушыдан өрт себебін сұрағанмен «мен қайдан білейіннен» әріге бармады. Тексеру тағы да өрттен қалған үйіндіні ақтаруға тірелді. Сөйтіп электр плитканың тоқ көзіне қосулы қалғандығы дәлелденді.
1965 жылы түнгі сағат 12-де аяқкиім фабрикасының желімдеу цехында өрт шығады. Бұл өрттің себебін анықтау оңай емес, өйткені өрттен кейін көп жағдайларда күлі ғана қалады. Бұлтартпас айғақтардың бәрі отқа жанып кеткендіктен, нақты себебін анықтағанша талай тер төгуді қажет етеді. Тексеру барысында кешкі сағат 8-де электр жарығының өшіп қалғандығы белгілі болғасын, өрттің шығуына шырпы немесе темекі қалдығы себепші болды ма деген болжам жасалып, цех қызметкерлері әңгімеге тартылады. Нәтижесінде жарық өшіп қалған соң, шырпы жарығымен жұмыс орындарын жинастырмақшы болған екі қызметкердің кінәсінен ацетон құйылған ыдыста қопарылыс болып, арты өртке айналғаны анықталды. Кінәлі лауазым иелеріне тиісті шара қолданылды.
Осы өртті анықтау кезінде Бөкең өрт қадағалау бөлімшесінің бастығы болатын, ал 1975 жылы өрт қадағалау бөлімшесінің аға инженері болып жүргенде құрметті демалысқа, яғни зейнетке шықты. Жоғарыдағы айтылған өрт жайлы әңгімелер Бөкеңнің өрттен қорғау саласында қызмет еткен жылдардағы еңбегінің бір-екі мысалы ғана, айта берсең, мұндай айғақтар толып жатыр. Өртті болдырмау жолындағы жүргізілген профилактикалық жұмыстарды айтып тауысу мүмкін емес.
Бөкең қызмет жасаған жылдары қазіргідей жоғарғы өрт-техникалық оқу орнын бітірген мамандар бірлі-жарым ғана, тіпті жоқтың қасы. Бодан ақсақал бір жылдық курс қана бітірген (оның оқуына соғыстың ауыртпалығы кедергі келтірді), бірақ өмірде жинақтаған тәжірибесі мен өзінің іздемпаздығының арқасында бастаған әрбір ісі тиянақты аяқталатын. Оның тексеріп, қорытынды шығарып, сотқа жолданған өрт оқиғалары жайлы құжаттары уақытылы өз шешімін тауып отырған. Бөкеңнің бойындағы асыл қасиеттің бірі – өз білгенін өзгеге үйретуден жалықпайды. Жұмыс жайлы болсын, саясатта да өз замандастарының көбінен білімпаздығы, тыңдаушысын кәдімгідей баурап алатындығы сүйсінтпей қоймайды.
Тағы бір адами қасиеті – зиянды әдеттерден бойын аулақ ұстағандығы өз ұрпақтарына да, келешектің көзі ашық жастарына да тағылым боларлықтай. Сексеннің сеңгірінде өзін ширақ сезінуінің бір құпиясы да осында жатса керек. Айта берсең, ол кісінің жетістіктерін тауыса алмайсың, әсіресе біреудің кемшілігін біреуге баспай, көңілін жықпай, өзіне біткен парасаттылығымен тұспалдай түсіндіріп, өмірде сүрінбей жүруіне бағыт-бағдар беріп отыратынына қалай риза болмассың. Үйіне сәлем беріп бара қалсаң, жас баладай елпілдеп жүгіріп жүргеніне қарап өзің қысыласың. Сөйтіп жүріп не ойлап отырғаныңды білетін сезімталдығына таң қалмасқа шараң жоқ.
«Ауылыңда қартың болса, жазылған хаттай» деген аталарымыздың даналық сөзі осы біздің Бөкеңе арнап айтылғандай көрінеді маған.
Өз заманының көзі ашық, зиялы азаматы болған ағамыздың жастарға жасаған қамқорлығын, ақыл-кеңестерін қазіргі шәкірттері үлкен тебіреніспен, ризашылықпен еске алады.

Алтынбай РАМАНҚҰЛ, Әмит ЖАҢАБАЕВ,
Қызылорда облысы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*