Көші-қон саласындағы келісім

Ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты Ерлан Тұрғымбаев Беларусь Республикасының Ішкі істер министрі, милиция генерал-майоры Юрий Караевпен кездесті. Екі ел министрлерінің кездесуі еліміздің астанасында Беларусь елшілігінің ашылуына орай БР үкіметтік делегациясының Нұр-Сұлтан қаласына келуі аясында өтті.
Айта кету керек, бұл биылғы жазда осы қызметке тағайындалған Беларусь министрінің біздің елімізге алғашқы ресми сапары. Делегация құрамында Министр аппаратының басшысы, милиция полковнигі Валерий Дубровский, Халықаралық ынтымақтастық басқармасының бастығы, милиция полковнигі Михаил Старикович болды.
Кездесуде Ерлан Заманбекұлы өз әріптестерін ІІМ қызметімен таныстырып, бүгінгі күні бұл ірі министрліктердің бірі екенін және жеке құрам саны 150 мың адамға жететінін атап өтті. Министр мәлім еткендей, бүгінде Мемлекет басшысының тапсырмасымен қызметкерлерді әлеуметтік қамтамасыз етуге, яғни олардың жалақыларын көтеру, тұрғын үй үшін өтемақы төлеуге көп көңіл бөлінеді. Сондай-ақ, қазақстандық полицейлер өз жұмысында қазіргі заманғы сандық технологияларды, электрондық хаттамаларды құрастыру үшін планшеттерді белсенді пайдаланады. Ел аумағы бойынша құқық бұзушылықтарды жедел ашуға ықпал ететін 180 мың бейнебақылау камерасы орнатылған.
Бұдан әрі ведомство басшысы қонақтарға құқық қорғау жүйесінде жүргізіліп жатқан реформалар туралы әңгімеледі. Атап айтқанда, ол сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтып, азаматтардың полицияға деген сенімін арттыруға бағытталған бірқатар шаралар туралы айтты. Оның сөзінше, биыл туристерге және елорда қонақтарына консультациялық көмек көрсетуге арналған туристік полиция жұмыс істей бастады. Қылмыстық атқару жүйесінде де үлкен жұмыстар атқарылуда. Соның нәтижесінде түрме тұрғындарының саны 60 мыңнан 29 мыңға дейін қысқарды.
Өз кезегінде Беларусь министрі беларусь-қазақстандық қарым-қатынастар стратегиялық сипатқа ие екенін, олардың іргетасы екі мемлекет басшыларының достығы болып табылатынын атап өтті.
«Қазақстан Орталық Азия аймағында жетекші орынға және үлкен экономикалық әлеуетке ие», – деген Ю. Қараев астана көшелеріндегі тәртіпті ерекше атап өтіп, күн сайын қаладағы тыныштық пен тәртіпті қамтамасыз ету үшін кезекшілікке түсетін кірісетін ішкі істер органдары қызметкерлерінің санын сұрап, жауап алды.
Одан кейін меймандар Жедел басқару орталығының қызметімен танысып, ІІМ мұражайында болды. Кездесу соңында екіжақты құжаттарға, оның ішінде Қазақстан мен Беларусь үкіметтері арасында көші-қон саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.

Жадыра МЫРЗАХМЕТ
Суретті түсірген Нүрбек ҚЫРҒАБАҚОВ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*